ҰБТ: мүмкіндік, әлде қысым ба?
Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын кезеңде Ұлттық бірыңғай тестілеу – түлек үшін білім бәйгесінің басы. Дәл осы сынақ көптеген жасөспірім үшін болашақ мамандығы мен өмір жолын айқындайды. Әсіресе, 11-сынып оқушылары үшін бұл – зор жауапкершілік пен психологиялық қысымға толы уақыт. Соңғы жылдары ҰБТ форматы өзгеріп, жылына бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі берілгенімен, оның маңыздылығы азайған жоқ. Керісінше, бәсекелестік артқан сайын оқушылардың алаңы күшейе түсуде.

Неге оқу орталықтарына жүгіну көп?
Енді басты мәселе – мектеп оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы. Мектептегі дайындық сапасы әртүрлі деңгейде жүзеге асырылады. Кейбір мектептерде арнайы дайындық сабақтары, сынақ тесттері, қосымша кеңестер ұйымдастырылады. Бірақ, барша білім беру ұйымдарында жағдай бірдей емес.
Сол үшін де оқушылар негізгі көмекті сырттан іздеуге мәжбүр. Себебі, курстарда нақты ҰБТ форматына бейімделген тапсырмалар, тест шешу техникасы, уақытты басқару әдістері үйретіледі. Сонымен қатар, оқушы өзін бәсекелестік ортада сезініп, мотивация алады. Бірақ, «Неге оқушылар міндетті түрде ақылы курс сатып алуы тиіс?» деген сұрақ орынды. Егер мектеп бағдарламасы мен қолдауы жеткілікті деңгейде болса, қосымша курстар міндетті қажеттілікке айналмас еді. Өкінішке қарай, кей ата-ана баласының болашағы үшін бар қаржысын курсқа жұмсауға мәжбүр.
Дала мен қалада мүмкіндік бірдей ме?
Еліміздің кез келген жеріндегі оқушыларға бірдей жағдай жасалу үшін әр мектепте жасалатын қосымша көмекті ұйымдастыру қажет, әрі ол бір деңгейде болуы тиіс. Ауыл балалары үшін – әлсіз, қала балалары үшін мықты дайындық –әділетсіз. Ұлттық бірыңғай тестілеуді әр оқушы тапсыруға құқылы болғандықтан дайындалу мүмкіндіктері соған сай тең болуы тиіс.
Сонымен, екінші мәселе туындайды: ауыл балалары немесе қаржы жағынан қиналатын отбасылардың балалары қазіргі бәсекелестік заманында тегін оқуға қалай түсе алады? Сыни тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл күрделілеу. Оқушы ҰБТ-ға ақылы курстарсыз дайындала алмайды.
Біріншіден, ол ҰБТ құрылымын, қарапайым сұрақтар саны- мен берілетін балды, дайындалу жүйесін білмейді. Ал, мектеп мұғалімдері бұл сұрақтарға толыққанды жауап бере алмайды. Кейде мұғалімдердің өзі ҰБТ туралы оқушылардан сұрап отырады. Екіншіден, қарапайым оқушы біреудің бақылауынсыз, дайын материалсыз өз бетімен оқуы қиынға соғады. Әрине, мақсаты бар адам сылтау емес, амал табады. Бірақ, 10 жыл дайындалмаған оқушы өз бетінше 1 жыл ішінде толық 5 пәннен дайындалуы екіталай. Бұл мектеп жүйесінің ҰБТ-ға дайындық тақырыбында дамымағанын көрсетеді.
Бала қолдауға зәру
Дайындықтан бөлек, оқушыға ең қажеті – қолдау. Оқушы болашақта айналысатын ісін 16-17 жасында шешуі қажет. Бұл жерде оқушыға ата-ананың тарапынан қысым болуы мүмкін. Кейде ата-аналар балаларының болашағын шешіп қояды. Бұл әлі де мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушының психологиялық денсаулығына әсер береді.
Әрбір бала – өз ойы мен таңдауы бар жеке тұлға. Болашақта кім болатынын білетіндер де, білмейтіндер де жеткілікті. Бұл тақырыпқа келгенде отбасынан қысым емес, қолдау керек. Сонда ғана оқушы ересек өмірге сенімді қадамдармен өтеді. Одан бөлек алдағы 4 жылы қалай өтетінін шешетін тестті тапсыратын оқушы үнемі мазасыз, алаңдаушылық күйде жүреді.
Бұндай кезде ата-ананың баласымен сөзге келіп немесе түрлі үй шаруаларымен айналысуға мәжбүр ететіні оқушының ойын бөліп, дайындығына әсер етеді. Үйінде үй шаруаларымен шаршаса, мектепте мұғалімдер тарапынан әртүрлі сөздер айтылып, қысым жасалса, оқушылардың психологиялық жағдайы сыр береді.
Қазіргі біздің еліміздегі JUZ40 секілді ақылы курстар оқушыны ерекше басымдықтарымен тартады. Ол орталықтарда әр оқушыны бақылайтын, тексеретін кураторлары болады. Тек қана сабақ бойынша байланыспайды, олар оқушыға ҰБТ жолын бастап, аяқтағанға дейін қолдау берумен айналысады. Кураторлар оқушыларға қиын сәтте демеу болып, білмесе үйрететін, көрсететін «жақын достарына» айналады.
Қытаймен салыстырсақ…
Осы мәселені Қытай мемлекетіндегі жағдаймен салыстырып көрейік. Оларда ұлттық бірыңғай университетке түсу емтиханы «Гаокао» деп аталады. Қытайда өмір сүретін халық саны 1 миллиард 400 мыңнан асса, бізде жалпы халық саны 20 миллионнан астам. Яғни, Қытайда халық саны 70 есе көп. Халық санына сәйкес жыл сайын бұл тестті 10-13 миллионға жуық оқушы тапсырады. «Гаокао» әлемдегі ең қиын тест ретінде саналады. Бұл Қытайдағы жоғары оқу орнына түсу бәсекелестігін көрсетеді. Көріп тұрғанымыздай, оқушыларға келетін қысым да көбірек болады. Осы кезде мектеп пен мұғалім тарапынан қандай көмек беріледі? Қытайда мектеп пен мұғалімдердің рөлі зор және жүйелі. Мектеп тарапынан 10-12 сынып аралығы толықтай «Гаокаоға» бағытталған дайындық жылдары болып есептеледі. Оқушылардың назарларын артық затпен ауламайды. Күн сайын 10-12 сағатқа дейін оқу, апталық тесттер, кешкі қосымша сабақтар, ай сайынғы сынақ емтихандары, арнайы дайындық бағдарламалары ұсынылады. Мұғалімдердің тарапынан жеке консультациялар, қателерді талдау, арнайы тест нұсқалықтарын шешу, психологиялық қолдау, стратегиялық үйрету, яғни, уақытты басқару және тест тактикалары үйретіледі. Біздің оқу жүйесінде ҰБТ-ға дайындық былайша тыңғылықты қарастырылмаған. Біздің ұлттық бірыңғай тестілеу «Гаокаомен» салыстырмалы түрде оңайырақ болғанымен, мектеп және мұғалім тарапынан оқушыларға берілетін қолдау мен көмек бірдей емес.
Кінә мұғалімде емес
Мектеп мұғалімдерінің жұмысы да оңай емес. Олар оқу бағдарламасын толық меңгертуді, түрлі жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыруды, есеп беруді қатар алып жүреді. Дегенмен, оқушылар үшін ең басты мәселе – ҰБТ болғанына қарамастан, кейде оларды түрлі үй тапсырмалары, ғылыми жобалар, олимпиадалар, мерекелік шаралармен шамадан тыс жүктеу кездеседі. Мұндай жағдайда оқушының уақыты мен энергиясы шашырап, нақты мақсат – тестке дайындық екінші орынға ығысып қалады. Әрине, жан-жақты даму маңызды, бірақ 11-сыныпта басымдық дұрыс қойылуы керек. Өйткені, бұл кезеңде әрбір сағат, әрбір дайындық сәті бағалы. «Неге мұғалімдер оқушыларға ҰБТ-ға жеткілікті деңгейде көмектеспейді?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл жерде мәселе мұғалімдердің көмектескісі келмеуінде емес, жүйелік шектеулерде болуы мүмкін. Оқу бағдарламасы белгілі бір стандартқа негізделген, ал, ҰБТ сұрақтары кейде тереңдетілген немесе ерекше форматта беріледі. Мұғалім сабақ барысында жалпы білім беруге міндетті, ал, тестке бағытталған нақты стратегияларды үйретуге уақыт жетпей жатады.
Түйін
Қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылардағы оқушылардың жағдайы – қоғам үшін маңызды мәселе. Бүгінде интернетте көптеген тегін ресурстар, онлайн тесттер, видео-сабақтар қолжетімді. Дұрыс жоспар құрып, өздігінен дайындалу арқылы да жоғары нәтиже көрсетуге болады. Ең бастысы – оқушының табандылығы мен жүйелі еңбегі.
ҰБТ – мүмкіндік. Тек әрбір отбасы, әрбір мектеп оқушыны дәл осы жолда қолдаса, бұл қысымға айналмас еді. ҰБТ мәселесі – тек оқушының ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің ортақ жауапкершілігі. Мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналар және мемлекет бірлесе әрекет еткенде ғана нәтиже жоғары болады. Оқушыны тек тестке «дайындау» емес, сонымен бірге, психологиялық қолдау көрсету, сенім қалыптастыру, дұрыс бағыт беру маңызды. Себебі, жоғары балл тек білімнен емес, сенімділік пен сабырдан да құралады. Әрбір оқушы өз арманына жетуге лайық, ал сол арманға апарар жол әділ әрі қолжетімді болуы тиіс.
Ділназ ҚАППАРОВА



