Жаңалықтар

Бозанбайда бүркітшілер сайысы

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылында ақпанның 2-5 күні аралығында құсбегіліктен ересектер арасында XVII Қазақстан чемпионаты өтеді.

Сурет ашық дереккөзден

Оған еліміздің 17 облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 100-ге тарта құсбегі қатысады. Сайыс 3 түрлі аңшы құс – бүркіт, қаршыға және ителгі арасында өтеді.

– Облыстан бес бүркіт түседі сайысқа. Атап айтсақ, Қарқаралы ауданынан екі бүркіт, Бұқар жырау ауданынан екі бүркіт және Шет ауданының бүркіті бақтарын сынамақ. Құсбегілерге бұл хабар ерте жетіп, олар қазір қырандарын баптап, далаға алып шығып, саятшылық құрып жүр. Өткен борандарда, әрине, саятшылық саябырсып қалды. Десек те, дайындық жаман емес. Сонымен қатар, ителгі сайысына Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарынан бір-бір ителгіден апарамыз. Ал, қаршығалар сайысына Қарағанды қаласынан бір қаршыға қатыспақ. Құсбегілердің басты мақсаты – өңіріміздің ұлттық спорттан, оның ішінде, құсбегіліктен ада еместігін танытып, аймақ абыройын асқақтату, – дейді бүркітші Темірәлі Төлегенұлы.

Бұдан бұрын Бозанбай ауылында бүркітшілер арасында «Шығыс салбурыны» атымен аңшылық сайысы өтіп тұратыны белгілі. Ұлттық спорт додасына Қазақстаннан өзге сонау Моңғолия Халық Республикасы, Қырғызстан, Венгрия және Ресейден бүркітшілер қатысқан еді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button