Боз кілемде белдесіп…
Қазақ күресі – ежелден келе жатқан білектің күші мен жүректің жігерін сынайтын ұлттық ойын. Спорт күніне орай, Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Орталық саябақта республикалық қазақ күресі турнирі өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түпкір-түпкірінен келген 26 балуан қатысып, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Сайысқа қатысушылардың қатарында әлем, Азия және Қазақстан чемпиондары бар. Кілең мықтылар жиналған белдесуде балуандар боз кілемнің шаңын шығарды. Тіпті, жаңбыр жауғанына қарамастан, күрес аса жоғары деңгейде өтті. Көрермендер де күреске ынтығып қалса керек, көлдей көңілдерімен балуандарға қолдау білдірді.
Ақтық сында боз кілемде шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппар мен өңіріміздің балуаны Ерқанат Молдағұлов белдесті. Бағы жанып, бабы келісіп, жеңіс Ерқанат Молдағұловқа бұйырды. Жеңімпаз бас жүлде – автокөлікті тізгіндеді. Шырайлы Шым қаладан келген Ерсұлтан 1 000 000 теңге жүлдені еншіледі. Ал қос қола жүлдені Дидар Нықаш пен Ерасыл Нұғмат еншілеп, әрқайсысы 500 000 теңгені қанжығалады.
Спорт күні қарсаңында ұйымдастырылған республикалық турнирде еліміздің әр өңірінен келген білекті балуандардың басы бірігіп, елдіктің рухын асқақтатты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»