АймақБұқар жырау

Ботақаралықтар балабақшалы болды

Бұқар жырау ауданының Ботақара аулында бұған дейін балабақша да, балалардың шағын орталығы да болмаған еді. Енді мұнда 55 орындық жеке меншік балабақша ашылып, ауыл тұрғындары қуанышқа кенелді.

Суреттерді түсірген Данияр Торжанов

Бұл балабақша жергілікті кәсіпкер Айдос Мұқышевтің күш пен қаржы жұмсауымен пайдалануға берілді. Ол осында бос тұрған бір ғимаратты жөндеп, жабдықтарын сатып алып, санитарлық-нормалық талаптарға сай мектепке дейінгі жаңа мекемені жерлестеріне сыйға тартты. Оның бөлмелері кең әрі жарық және сыртта ойын алаңдары жабдықталған.

Бүлдіршіндерді мемлекеттік тілде тәрбиелейтін балабақшада екі топ болады. Соның біріншісіне 1-ден 2 жасқа дейінгі бөбектер,ал екіншісіне 3 жастан мектеп жасына дейінгі сәбилер қабылданып, соңғылары мектепалды дайындығынан өтетінін айтады осы жеке меншік балабақшаның меңгерушісі Элмира Мәуенова.

Жаңадан ашылған бұл мекеменің штаты да бекітіліп, 11 адам жұмыспен қамтылған. Яғни осыдан былай 6 тәрбиеші, логопед, психолог, қазақ тілінің маманы, еден жуушы және бір жұмыскер еңбек етпек.

Жеке меншік балабақшаның ашылу салтанатында Бұқар жырау аудандық оқу бөлімінің басшысы Ерғанат Ермек пен Ботақара ауылдық округінің әкімі Жанат Қабыкенов құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың қарт тұрғыны Сершібай Күлиза шашу шашып, батасын берді.

Айта кету керек, мемлекет пен жеке меншік бизнестің әріптестігі арқасында Бұқар жырау ауданында жұмысын бастаған осыменен алтыншы жеке меншік балабақша бұл. Оның алдында мектепке дейінгі мұндай мекемелер Ботақара кенті, Үштөбе, Көкпекті, Доскей, Сарыарқа ауылдарында ел игігілігіне берілген-ді.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button