Ботақарадағы естелік белгі
Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде Жаппай саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күніне орай естелік белгі ашылды. Ол 1944 жылы Қазақстанға күштеп жер аударылған шешен және ингуш ұлттарының өкілдері жерленген қорымға қойылып,оның ашылу рәсіміне олардың ұрпақтары,аудандық мәслихаттың депутаттары,дін иелері мен тұрғындар қатысты.
Естелік белгіні Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әлиев салтанатты түрде ашқан соң жиналғандар оған гүл шоқтарын қойып, шешен-ингуштердің облыстық «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Джанаев, «Вайнах» шешен-ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығының тең төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі А.Мурадов, «Вайнах» этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Исекиевтер сөйледі.
Олар өз сөздерінде сол бір соғыстың қайнап тұрған кезінде туған жерінен еріксіз көшіріліп, қазақ даласына тап болған қандастарының көрген бейнеттері мен ауыртпалықтарын бірге бөлісіп, қиын шақта паналатқан қазақтарға шексіз ризалығын білдірді. Соның құрметіне осы іс-шараны ұйымдастырушылар мен біқатар тұрғындарға «Вайнахтың» Алғыс хаттары тапсырылды. Соның ішінде аудандық мәслихаттың депутаты Амантай Акишевті «Қазақстанда шешендер мен ингуштардың тұрғанына – 80 жыл» ескерткіш медалімен марапаттады. Өйткені осы қорымға қойылған ескерткіш тас пен оған орнатылған гранит тақтаның шығындарының бәрін мойынға алған да Амантай екен.
Сол күні іс-шараға қатысушылардың барлығына арналып дастарқан жайылып, аруақтарға дұға оқылды.
Ержан ИМАШ,
ortalyq.kz
Бұқар жырау ауданы