Ботақарада Конституциялық өзгерістер талқыланды
Ботақара кентінде «Қазақтелеком» АҚ ұжымымен Жаңа Конституция жобасы бойынша мазмұнды кездесу өтті. Кездесуді аудандық коалиция мүшесі Жанұзақ Макишев жүргізіп, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Бүгінде еліміз цифрландыру дәуіріне нық қадам басып келеді. Ақпараттық технологиялардың дамуы, интернет желісінің кеңеюі — қоғам өмірінің барлық саласына оң әсерін тигізуде. Осындай жаңару кезеңінде мемлекет дамуының құқықтық негізін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Кездесу барысында осы мәселелер жан-жақты талқыланып, Конституция жобасындағы жаңашылдықтардың ел болашағы үшін маңызы атап өтілді.
Іс-шара барысында ұжым қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар арасында ашық әрі еркін диалог орнап, өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасу өтті. Мұндай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатуға, реформалардың мән-маңызын тереңірек түсіндіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Жиын соңында алдағы референдумның тарихи маңызы ерекше екені айтылды. Ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың белсенді қатысуы — ортақ жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі екені атап өтілді.
Ержан Имаш,
Бұқар жырау ауданы



