Ботақарада кезекте тұрған азаматтарға арналған жаңа тұрғын үй берілді
Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентінде кезекте тұрған азаматтарға арналған жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Эксклюзивті жоба аясында салынған екі қабатты кірпіш үй әлеуметтік осал санаттағы 12 отбасыға ұсынылады деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған, балалар ойын алаңы бар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. Пәтерлер қоныстануға толық дайын, әрқайсысы кодты электронды құлыптармен жабдықталған. Едені тайғанамайтын керамограниттен төселген. Үйдің сәулеті ұлттық ою-өрнекпен әрленген.

Тұрғын үй жеке инвестиция есебінен салынған, кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес аудандық әкімдік сатып алған. Қоныстанушылар тізімі «Отбасы банк» арқылы жүзеге асады.
Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Берік Көпбаевтың мәліметінше, бюджет қаражаты есебінен Ботақара, Ғ.Мұстафин кенттерінде және Самарқанд, Доскей, Байқадам, Новоузенка ауылдарында барлығы 48 пәтер сатып алынған. Барлық үйлер құрылыс талаптарына сай.
Құрылыс компаниясының басшысы Абзал Сексенбаев бұл жоба туған өлкеге қосқан үлес екенін атап өтті. Ағымдағы жылы ауданда кезекте тұрған азаматтарды тағы да баспанамен қамту жоспарлануда.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ


