АймақБас тақырыпБұқар жырау

Ботақара аудандық ауруханасы заманауи медициналық жабдықтармен толықты

Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі аудандық аурухана облыстық бюджет есебінен жаңа медициналық құрылғылармен толықты. Заманауи техника түрлі ауруларды жоғары дәлдікпен анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Ауруханаға флюорография функциясы бар мобильді рентген аппараты әкелінді. Бұрын тек стационар жағдайында қолданылған ескі жабдықтың орнына келген бұл жүйе науқастарды орнынан қозғалтпай-ақ шолу және флюорографиялық түсірілімдер жасауға мүмкіндік береді.

Вакуумды сорғыш, дәрі енгізу жүйесі, жарықтандыру және бейнебақылау функциялары бар ЛОР-комбайн орнатылды. Ол құлақ, тамақ және мұрын ауруларын диагностикалау мен емдеудің сапасын арттырды.

Аурухана әмбебап операциялық үстелмен, жаңа наркоз-тыныс алу аппаратымен және пациент мониторымен жабдықталды. Монитор жүрек соғысын, қанның оттегімен қанығуын, артериялық қысымды және дене температурасын тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді.

Реанимация және интенсивті терапия бөлімдеріне ересектер мен балаларға арналған өкпені жасанды желдету құрылғысы алынды.

Жаңадан алынған бұл техника аудандық аурухананың диагностикалық және емдік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтерді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button