Бостандық жолы: Тәуелсіздіктен бүгінге дейін
Қазақ деген қасиетті халықтың Азаттық жолындағы арпалысы талай ғасырды ұзатыпты. Бар болу үшін де батырлық қажет! Әр нәрсенің өз уағы болады. Өзіңіз қалағандай өмір сүруге итермелейтін бір тылсым күш тәуелсіздіктің ақзер таңына ұластырды. Енді Сіз бен біз бодаусыз болған бостан жолымызды өз қолымызбен жазу үстіндеміз. Алмасты көмірге емес, көмірді алмасқа қалай айналдыра алдық?! Аямай сусаған жайдары шағымызға қалай келдік? «Болсаң бол, болмасаң жоқ бол» деген тасбауыр жаһан талабына қылар ендігі қайранымыз қайсы? Айтайық.
Азаттық айшықтары
Саясат сахнасында. «Менің ойымша, Қазақстаннан көп елге үйренерлік мысалдар бар. Бұл елде әлемдегі әртүрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүреді. Тіпті, Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмыс істейді. Бұл батыс әлемі үшін де Қазақстан бүгінде кез келген елдің одақтасы бола алатын өңірдегі санаулы елдердің қатарында екенін мойындаған маңызды», – деп пікір қосты Нью-Йорк штаты Ассамблеясының экс-депутаты Алек Брук-Красный.
Қазақстан саяси мінберде, өңірлік әрі әртарапты әлемдік аренада мәмілегер ретінде маңызды рөл атқарады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін бірнеше аспектіге тоқталмасқа болмас. Бір тарының қауызына сыйып кеткен алмағайып кезеңдерде Қазақстан халықаралық жанжалдарды бейбіт жолмен шешуде белсенгер тарабынан бір миллиметр ауытқыған емес.
Ядролық қарусыздану. Қазақстан Семей ядролық полигонын жабу жолымен Тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің ядролық арсеналынан бас тарту туралы сындарлы шешімі дүние дипломаттарын мойындатып, тәнті етті. Содан бері Қазақстан ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларды белсенді қолдап келеді.
Экономикалық дипломатия. Қазақстанның экономикасы мен энергетикалық сектордағы салмақты орны республиканы дүниежүзі алпауыт мемлекеттердің маңызды әрі сенімді серіктесі қылды. Қазақстан түрлі елдермен экономикалық қатынастарды белсенді дамытып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сынды тарихы кенен халықаралық ұйымдардың белді мүшесіне айналды. Өңірдегі сауда және экономикалық байланыстарды нығайтуға ұмтыла отырып, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына белсенді қатысады.
Осылайша 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы үлбір үмітті үздіктіріп, қазақ қана амандасуынан алдын айтылар «Сүйінші!» дегізді әлемге. Бұл құжат ұлт тағдырындағы түбегейлі өзгерістерді, Қазақстан халқының шынайы бостандыққа ие болуын, оның қадір-қасиеті мен рухани құндылықтарының жандануына темірқазық болды.
Жаһан бедерінде. Қазақстан халықаралық аренада белсенді қадамдар жасап, жаһандық саяси және экономикалық жүйелерге ықпалдасуды бірден бастады. Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі өз отырысында 23 қаңтарда Қазақстан Республикасының ұйым мүшелігіне қабылдануы туралы қарарды мақұлдады. 1992 жылы 3 наурызда біздің ел БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болды.
Еркін елдің бас кітабы. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Бірінші Конституциясы қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 мақаладан тұрды. Конституцияда Қазақстан мемлекеттік егемендікке ие болған сәттен бастап қабылданған көптеген құқықтық нормалар көрсетілген: халықтық егемендік, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидаты, қазақ тілін Мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы, сот органдарын – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Төрелік деп тану сынды мемлекеттік маңызы бар түбегейлі ұстындар атап көрсетілді.
Ұлттық валюта. Осы жылдың 15 қарашасында айналымға тәуелсіздіктің тағы бір атрибуты – төлтеңге енгізілді. Теңгені қысқа мерзім ішінде айналымға енгізу туралы шешім Қазақстанның экономикалық және қаржылық тәуелсіздігіне жасалған тағы бір құтты қадамы болды. Бүгінде теңге – дәстүрлі мәдениет пен заманауи технологияны біріктірудің үлгісі.
1995 жылы жаңа Конституция қабылданды, қос палаталы Парламент, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. ҚХА өз кезегінде ел ішіндегі этностардың этникалық өзіндік санасы мен мәдениетін жандандыруды қамтамасыз етіп, айналасында көптеген этномәдени бірлестіктерді біріктірді. Ассамблея қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға ықпал ете отырып, этникалық процестерді басқарудың бірыңғай платформасын құрды.
Шегенделген шекара. Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түркіменстан және Өзбекстанмен аумақтық шекаралық мәселелер шешіліп, ұзындығы – 14 мың шақырымға жуық құрлық шекарасы бекіді. Осылайша атамекеніміздің шекарасын бекіту жолымен мемлекеттік қорғаудың берік негізі қаланды.
Жаңа Астана. 1997 жылғы желтоқсанда астананы Алматы қаласынан сол кездегі Ақмолаға көшіру – Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі.
Ту көтерер
Paperlab саяси зерттеу орталығының Әлия Тілегенова, Анастасия Решетняк, Серік Бейсембаев, Кәмилә Смағұлова сынды тәуелсіз сарапшылар тобы бүгінгі қоғамдық ахуалға сараптама жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ту көтерер бірқатар ұсыныстарына мән бере кеткенді құп көрдік. Алдымен халық төлейтін салықтан бюджеттің бүйірін толтырған қаражатты мейілінше үнемді әрі нақ әрі нәтиже берерлік бағыттарға сарп ету.
Сыбайлас жемқорлықпен ұтымды күрес фокус-топтарға қатысушылардың пікірінше, әділ жағдай тудыруға негіз боларлық институттардың жұмысын жандандыру маңызды. Әлеуметтік теңдік. Ендігіде табыс теңсіздігі факторы респонденттерді бейжай қалдырмады. Қоғам стратификациясы жолында сауатты қадамдар жасалмаса, әлеуметтік шиеленістің ауылы қылаң берері де сөзсіз.
Бір қызығы, «Бізге қандай болашақ қажет?» деген сауалға респонденттердің басым көпшілігі «Бәрін өзіңнен баста!» деген алтын қағида ұсынған. Яғни, өзін-өзі таныған ер болса, өзін-өзі билеген ел шықпақ. Жас ұрпақтың мемлекеттік құрылымға келуінде центениалдар соңғы жылдарда мызғымаған, елдің дамуын тежеген мәселелердің шешімін көреді. Жас буынның әлемге ашықтығы, білім алуға деген ұмтылыспен бірге, қажетті өзгерістерге қол жеткізудің негізгі шарты екендігіне күмән кем.
Сонымен қатар, фокус-топ қатысушылары елдің кемел келешегіне түбегейлі өзгеріс жүйенің өзгеруімен, адам санасының түлеуімен демократияның берік қалыптасуы мен азаматтық қоғамның дамуымен, ұлттық сана-сезімнің өсуімен байланыстырады.
Тізгін тартар
Осы әлеуметтік-мәдени аспектілер қазақстандық бірегейлікте де маңызды рөл атқарады. Республиканың көпұлтты халқы оның мәдени мұрасын байытып қана қоймай, әртүрлі этникалық топтарға төзімділік пен өзара құрметке ұмтылу әлеуметтік тұрақтылыққа игі ықпал етеді.
Қазақстан өңірлік және әлемдік саясатта сындарлы рөл атқара отырып, халықаралық істерге белсенді қатысуын ажары ашық қалпында жалғастыра бермек. Көрші мемлекеттермен бейбіт қарым-қатынас орнатуға және Орталық Азияда тұрақтылықты сақтауға ұмтылады.
Осылайша, Қазақстанның Тәуелсіздігі – ұлттың өзін-өзі тани түсуіне, дамуға деген ұмтылысының тарихи айғағы бұл! Еркін күндегі азат ұрпақ күрделі әлемдік контекст пен серпінді сын-тегеуріндер жағдайында ел өз тарихын құрметтеу және көлденең келген өзгеріске даяр болу негізінде өз болашағының көкжиегін кеңейтіп, сара жолын жалғастыра бермек. Шалқыған шалқар шақтарға қанат қақпақ! Ұлан жерінің қызғалдақ қырында игілік жаратпақ. Тәуелсіздігімен танымасын тәнті етпек! Ғасырдан бір ғасырға қарыштап!.. Ендігіде ертеңіне тәубалап емес, үмітін қауғалап жетпек!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz