Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 83 адам жұмысқа жолдама алды
Қарағандыда «Заң және тәртіп. Тұрақты жұмыс» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 40-тан астам кәсіпорын қатысып, жалпы саны 850 вакансия ұсынылды. Нәтижесінде 83 үміткер тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңкеде өңірдің ірі компаниялары – Silk Road Electronics, «Қарағанды-Нан», Steel Manufacturing, Qarmet, Қазақстан Халық банкі және өзге де ұйымдар өз ұсыныстарын білдірді.

Сонымен қатар шараға қала әкімдігі, Казыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандары әкімдіктері, пробация қызметі, облыстық прокуратура, жеке сот орындаушыларының палатасы, әділет департаменттері, ҚАЖ жүйесі және Қарағанды полиция басқармасының өкілдері қатысты. Бұл формат келушілерге вакансиялар туралы толық ақпаратпен қатар, жұмыспен қамту және құқықтық қолдау мәселелері бойынша кеңес алуға мүмкіндік берді. Пробация қызметі арқылы 30 жолдама берілді.

Жәрмеңкені Еңбек мобильдігі орталығы мен облыстық прокуратура бірлесіп ұйымдастырды.

– Басты мақсат — жұмыссыз азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында тікелей байланыс орнату, – дейді Еңбек мобильдігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Өңір кәсіпорындары 850-ге жуық вакансия ұсынды. Қазірдің өзінде 83 адам жұмыспен қамту бағыттамасын алды.
Қатысушыларға тұрақты және уақытша жұмыспен қамту мүмкіндіктері, сондай-ақ «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» және «Кәсіптік оқыту» бағдарламалары түсіндірілді. «Жастар практикасы» шеңберінде жәрмеңкеге келген 18 жасқа бірден жолдама берілді.

– Мен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде оқимын. Өз мамандығыма сай жұмыс табу үшін жәрмеңкеге келдім, – дейді студент Назгүл. – Ұйымдастырушылар конкурстар мен ойындардан тұратын мазмұнды бағдарлама дайындаған. Осындай шаралар жиірек өтіп тұрса екен. Оқуды аяқтаған соң Жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жұмыс іздеуді жоспарлап отырмын.
Жәрмеңкеге жалпы 300-ге жуық тұрғын қатысты. Актуалды вакансиялардың толық тізімі enbek.kz порталында жарияланған.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



