Жаңалықтар

Бос жұмыс орындары иелерін тапты

Қарағандыда адамдар көп жиналатын жерлерде апта сайын жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мобильді-рекурттік пункттері ұйымдастырылуда. Мақсаты  – «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында жұмысқа тарту. Осы игі бастаманың кезекті жәрмеңкесі Октябрь ауданының 12 ықшамауданындағы орталық базар маңында өткізілді.Тұрғындар бастаманы жақсы қабылдады. Ауылдан келген азаматтар да қызығушылық танытып жатты. Мобильді-рекурттік пунктінде көпшілік келушілер үшін ақпарат тақтасы орнатылып, тиісті ақпараттар ілінген. Сондай-ақ, мамандар да келушілердің сұрақтарына жауап беріп жатты. Небары 1 сағаттың ішінде 200-ден астам адам кеңес алып, 10-нан астамы жұмысқа жолдама алды.

  • Карантин уақытында 2 ай жұмыссыз отырдым. Үйленгенмін, бір балам бар. Жасым – 26-да. Мамандығым – кенші. Осы жерде қалалық жұмыспен қамту орталығына жол құрылысына жұмысқа орналасу үшін жолдама алдым. Айлығы – 85 мың. Жалақсысы жоғары жұмыс тапқанға дейін сол жерде істей тұрамын. Қалай да отбасымды асырауым керек қой. Кейін, шахтада жұмыс істегім келеді. Барлығына ризамын, – дейді 15 ықшамауданның тұрғыны Наил Гарипов.

Құрылыс саласында жұмыс істегісі келетіндер немесе біліктілікті қажет етпейтін жұмысқа дайын азаматтар үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы аясында бірқатар жұмыс орындарының тізімі жасалған. Жалақының орташа мөлшері – 85 000 теңге. Қазірдің өзінде 3 мыңнан астам уақытша жұмыс орындары құрылған. Жолдама алғандар облыс орталығында білім беру, мәдениет, спорт және коммуналдық шаруашылығы сияқты 120 объектіде жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады. Бұған бөлінген қаражат – 26,5 млрд. теңге.

  • Адам көп шоғарланатын базар маңына орналастық. Халық келіп, ақпарат алуда. Егер, жұмыс іздеп жүрген қарағандылықтар Бұқар жырау даңғылы 51/4 үй мекенжайына келіп, бос жұмыс орындары ішінен өздері қалағандарына орналасуға болады. Қазір Октябрь ауданы аумағындағы бос жұмыс орындарын үлестірудеміз. Өйткені, карантин кезінде тұрғындар Майқұдықтан қала орталығына сабылуы дұрыс емес. Әзірге «Жол картасы» бойынша 250 адам жұмысқа жіберілді. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 3 мыңға тарта адам келіп, 1300-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Нұржан Хамитов.

Сала мамандарының айтуынша, қалалық №1 медициналық көмек көрсету орталығының қызметкерлері алдымен жұмыс іздеп келген тұрғындардың дене қызуларын өлшейді. Егер, 37-ден жоғары болса, жедел жәрдем шақырып, тіркеп, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Онсыз мамандарға жіберілмейді. Барлығы жақсы болса, мамандығы мен тұрғылықты жеріне сәйкес жұмыс ұсынылады. Көңілдерінен шығып жатса, жолдаманы толтырып, жұмысқа орналасады. Орналасқандар орталықтың базасына тіркеледі.

Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығының маманы Әбілқайыр Әділбековтің айтуынша, жұмыс сұраушылар жас ерекшелігіне қарай, орталық базасындағы қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарға жіберіледі. «Ал, оқу бітірген жас мамандар жастар практикасына тартылады. Сонымен қатар, өз ісін ашу үшін «Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 мың теңгеге дейін гранттар да беріледі. Ал, әрі қарай кәсібімді дамытамын десе, бағдарламаға сәйкес 20 млн. теңгеге дейін шағын несиелер алуға болады» – деді ол. 

  • Майқұдықта тұрамын, жасым 60-тан асты. Мамандығым – кәсіби жүргізуші. 6 айдан бері жұмыссыз жүр едім, бүгін тауып берді. Алғысым шексіз. Балаларым ер жеткен, өзім жалғызбасты әкемін. Жалақысы маңызды емес, жұмыс істесем болды. Жұмыссыз жүріп жалықтым. Бұл мен сияқты жұмыссыз жүргендерге таптырмас мүмкіндік. Осындай жәрмеңкелер жиі өткізілсе екен, – дейді Жұмат Бұланбаев.

Сонымен қатар, жәрмеңкеге жауапкершілікке тартылған жұмыссыз азаматтар да келді.

  • Октябрь аудандық пробация қызметінің есебінде жауапкершілікке тартылған 476 адам есепте тұр. Бүгін солардың жұмыссыз қалған 14-не жолдама берілді. Олар жол картасы бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмыстарында қарапайым жұмысшы болып істейді. Болашақта олар қалыпты өмірге оралып, қылмыс жасамайды деп үміттенеміз. Оларды жұмыс істеу барысын тұрақты қадағалап отырамыз. Уақытша жұмыс аяқталған соң, әрі қарай әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жалғастырылады, – дейді Октябрь ауданы пробация қызметінің аға инспекторы, юстиция майоры Сәуле Күнғожина.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button