Жаңалықтар

Борышын өтегендерге грант бұйырды

Облыстың мерзімді әскери қызметін өткерген жүз отыз тұрғыны еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Оларға білім гранттары табысталды. Қазақстанда конкурстық іріктеуге барлығы 17 500 әскери қызметші қатысты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жауынгерлік даярлықта, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жоғары нәтижелер және қызмет атқару кезінде үздік тәртіп көрсеткендер тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Оқуға түсуге гранттарды Халықаралық инженерлік-технологиялық университет, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Ә.Сағынов атындағы техникалық университет, Е.Бөкетов атындағы университет, Индустриялық университет, Ұлттық ұлан академиясы, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Қазақ спорт және туризм академиясы, Astana IT University және еліміздің басқа да жоғары оқу орындары ұсынды.

Болашақ студенттер бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар – азықтүлік өндірісі, туризм саласындағы менеджмент, металл өңдеу, ақпараттық технологиялар, пайдалы қазбаларды өндіру, сондай-ақ, түрлі әскери мамандықтар алуға ниетті.

Мысалы, Осакаров ауданында әскери қызметте болған алты жас азаматқа білім грантын алуға сертификаттар табыс етілді.

– Бағдарлама жастарды әскерде қызмет етуге, өздерінің әскери борыштарын лайықты атқаруға және өмірде өздерін табуға ынталандыруы тиіс, – деп атап өтті Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Динара Көшкенова.

Сертификаттар екі жылға жарамды. Осы уақыт аралығында талапкерлер жоғары оқу орнына құжат тапсыру қажет.

Осакаров ауданының тұрғыны Николай Корж Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде оқуды жоспарлап отыр. Ол «Механик және металл өңдеу» мамандығын таңдады.

– Тегін жоғары білім алуға жолдама алғаным мен үшін үлкен мүмкіндік. Кәсіпқой болу үшін жақсы оқуға тырысамын, – деді Николай Корж.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button