Болмысы бөлек шәкіртім
Мен Сейілмен ертеден таныспын, сыйласпын. Ол өзі Ақадырдың маңындағы Қызылтау совхозында туған. Жас кезінен гитараға әуестеніп, кейін мені арнайы іздеп келіп, сәлем берді. «Аға, қасыңызда отырып, қағыстарыңызды, аккордтарыңызды көрейін» деді. Содан аға-бауыр ретінде шығармашылық байланыста болдық. Жаңаарқаға жиі келіп, концерттеріме қатысып жүрді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін негізі мықты жігіт.
Өзінің құймақұлақтығы ұнайтын. Бір көрген дүниесін қағып алады да өз мақамына салады.
Кейін 2001 жылы Астанада жеке шығармашылық кешім болды. Оны Аманжол Әлтай бауырым жүргізді. Көптеген атақты әншілер қонаққа келді. Айтбек Нығызбаев, Серік Оспанов сынды дүлдүлдермен қатар, өзіміздің композиторымыз Жағыпар Әлімханов та болды. Сол кешіме Сейіл де келіп, әуелете ән шырқады. Менің бір әнімді және өзінің бір әнін орындады. Жағыпар Сейілдің келгеніне қатты риза болды. Қателеспесем қазір Жағыпардың да әндерін шырқап жүр. Ол кештің өткеніне де бақандай 20 жыл болыпты.
Оның адамгершілігін ел біледі. Қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Менмендігі жоқ.
Нота білмесе де біршама ән жазды. Жақсы-жақсы 10-15 шақты авторлық әні бар. Бұдан бөлек, Сейілдің бауыры Шыңғыс Мұқаев деген азамат та тап-тамаша композитор. Өзі елдің көзіне көп түспейді. Алайда, Сейіл сияқты өнерге адал жігіт.
Соған қарағанда тектілік пен осы музыканы түйсіну, сазгерлік, әншілік қасиет Сейіл мен Шыңғыстың қанында, түпкі негізінде бар-ау. Екеуіне де осындай табиғаттың тылсым әуендерін есіте білу, оны құлпыртып елдің жүрегіне жеткізе білу сынды қабілет дарыған. Бұл Алла Тағаланың жұмыр басты пендесіне берген сыйы ғой. Ол талантты көтеріп жүру үшін және дамытып өнердің шыңына жету үшін де үлкен жүрек пен тынымсыз еңбек керек. Мың жерден талантты болсаң да жалқаудан түк шықпайды. Ал, Сейіл өте еңбекқор, ізденімпаз жігіт.
Әр әнін жүрекпен орындайды. Қысылып, қымтырылмай еркін тұрып әуелеткенде жүректің түбінде ұйықтап жатқан ноталар қозғалысқа түседі. Әнге, өнерге деген сүйіспеншілігің артады. Кейде оның орындауы маған да ұқсап кетеді. Сөзіне бас мән беріп, дауыс ырғағына, нақышына келтіріп, көңілге қонымды етіп орындайды. Әндері лирикалық әндер. Сөзі түзу жөні бөлек азамат.
Алматыда авторлық кешін өткізгенде де қатыстым. Сейілдің абырой-беделін сонда көргенмін. Қатарластары мен достарына өте сыйлы. Төбесіне көтеріп жүреді екен. Риза болдым. Сері ғой нағыз біздің Сейіл. Қазіргінің сал-серісі. Сонымен қатар, бірқатар танымал ақындар Сейілге өлең арнаған. Бұл да оның қазақ руханиятындағы орнын білдіреді. Ақын Алланың сөзін жеткізуші. Сондықтан, шайырлар кім көрінгенге өлең арнамасы анық. Сейіл кез келген құрметке лайық азамат.
Тағы бір айта кетерім, осы Алатау бөктерінде үлкен шығармашылық кеші өтердің алдында Алматыда бас қосқан бір топ өнерпаз жігіттер Сейіл бауырыма пәтер алып бермекші болған екен. Сонда саңлақ Сейіл, «Маған алдымен өнерімнің елдің жүрегіне жеткені маңызды. «Аспанның асты тұрағым еді» (Ғалым Жайлыбай) демекші, баспананың бір жөні болар» деп шығармашылық кешінің өтуін дұрыс көріпті. Міне, мұндай сөз айту, мұндай ерлікке бару екінің бірінің қолынан келетін дүние емес. Бұл – өнерге деген адалдық.
Ал, иісі қазақтың сүйікті әншісі Мейрамбек Бесбаев та Сейілдің өнері мен азаматтығын қатты бағалайды екен. Бұл туралы бірнеше рет естідім. Ондай сирек таланттың кім көрінгенге ықылас-пейіл танытпасы анық қой.
Бірде Мейрамбек бауырым кезекті думанды кештен кейін, Сейілдің ән орындау шеберлігіне риза болып, гитара сыйға тартқан екен. Мұны да осындағы сал-сері бауырларым аңыз қылып айтып жүр. Мен әңгімеме тұздық болсын деп негізгісін ғана айтып отырмын.
Мейрамбектің бұл ісі Сейілге ғана емес, оның ұстазы Қорабай Есеновке және қазақтың ән өнеріне деген құрмет деп қабылдадым.
Өнер иелерінің осылай бір үйдің баласындай болып, иық тіресе жүріп, елге рухани ләззат сыйлауы – азаматтық парыз.
Мен өз шәкірттерімді айтып, көбіне мақтана қоймайтын азаматпын. Бірақ, қазақтың гитара тартатын жігіттері сұхбаттарында мені алдарына салып, айтып отырады. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Сейіл болмысы бөлек – ең алғашқы шәкіртім. Онымен мақтанамын.
Қорабай ЕСЕНОВ.