Болат балқытқандар құрмет төрінде
Қарағанды облысында Металлург күні салтанатты түрде аталып өтті. Мыңдаған адам еңбек ететін бұл салада үздік мамандар марапатталып, металлургтердің қажырлы еңбегіне жоғары баға берілді. Салтанатты жиынға ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

– Сіздер тек болат балқытумен ғана емес, елдің құрылыс, машина жасау, көлік және энергетика салаларын дамытуға үлкен үлес қосып келесіздер. Ардагерлердің еңбек дәстүрін бүгінгі жастар абыроймен жалғастырып келеді, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Министр Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен келгенін айтып, Қарағанды металлургтерінің еңбегін жоғары бағалады.
– Металлург – бұл жалын мен болаттың адамы. Қарағанды облысында өндірілетін болат – Қазақстанның индустриялық қуатының символы. Оның сапасы әлемдік деңгейде мойындалған. Бұл жетістіктің артында сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз тұр, – деді министр.
Салтанатты жиында Теміртау мен Балқаш қалаларындағы үздік металлургтерге «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» төсбелгісі табысталды.
Металлургтер атынан сөз алған Сайлаубай Байсанов Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, бұл марапаттарды сала қызметкерлерінің зор еңбегіне берілген әділ баға деп атады.
«Qarmet» компаниясы конвертерлік цехының бастығы Рамил Шафигуллин марапатты бүкіл ұжымға берілген құрмет деп есептейтінін жеткізсе, директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев комбинаттағы болат өндірісінің көлемі 3,5 миллион тоннаға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, домна пештері жаңғыртылып, екі жаңа кокстік батареяның құрылысы басталғаны айтылды. Зауытты кезең-кезеңмен газдандыру жобасы да экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Шара аясында облыс әкімі мен министр Теміртаудағы Qarmet компаниясының ұжымымен кездесіп, бірқатар қызметкерге салалық марапаттар табыстады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА