Болат балқытқан жүректер
Кеншілер астанасында Металлургтер күні – жыл сайын ерекше ықыласпен атап өтілетін кәсіби мереке. Өйткені, дәл осы салада қызмет етіп жүрген мыңдаған жұмысшының маңдай терімен еліміздің индустриялық әлеуеті артып келеді. 2025 жыл 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен ел экономикасының жүрегіне айналған металлургия саласының үздік өкілдері жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Облыс әкімдігінде өткен салтанатты шарада аймақ басшылығы мен министрлік өкілдері еңбек майталмандарының еңбегіне алғыс айтып, ұлт дамуына қосқан үлестерін айрықша атады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен өткен марапаттау рәсімі еңбек адамын ардақтаудың жарқын көрінісіне айналды.
– Құрметті қарағандылықтар, мен бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен келдім. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтап, облыс әкімімен бірге мемлекеттік наградаларды табыстау – мен үшін зор мәртебе. Металлургтер – бұл жалын мен болаттың адамдары, домна пешінің отында шыныққан жандар. Олардың ерлігі, рухы мен ұрпақ сабақтастығы – саланың тұрақтылығының кепілі. Қазақстанның индустриялық қуатының символдарының бірі – дәл осы Қарағанды облысында өндірілетін болат, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Жиын барысында қарапайым еңбекпен биік белестерді бағындырған металлургтерге мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтсақ, «Құрмет» орденімен Қазақстан Республикасының Минералды шикізатты кешенді өңдеу Ұлттық орталығы филиалы – Жантөре Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры Сайлаубай Байсанов марапатталды.
– Бұл марапат – жеке адамның емес, тұтас ұжым еңбегінің жемісі. Біз темірден тек металл емес, елдің келешегін де сомдап жүрміз. Ел Президентіне, ел халқына шексіз ризашылығымды білдіремін. Бұл марапат – маған ғана емес, ғылым мен өндірісті ұштастырып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген барша мамандарға берілген баға, – дейді Сайлаубай Байсанов.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Qarmet» АҚ жылу электр орталығының ауысым бастығы Жанат Қапасов, «Балқаштүстімет» жөндеу учаскесінің слесарь-жөндеушісі Нұрлан Қайпбергенов, «Тау-Кен Алтын» ЖШС бас технологы Қайрат Қалижаров «Kazakhmys Smelting» мыс балқыту цехының 5-разрядты балқытушысы Талғат Шайхин марапатталды.
Ал, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Qarmet» АҚ Конвертер цехының шөміштерді дайындау және болатты пештен тыс өңдеу учаскесінің бастығы Рамиль Шафигуллин «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атағы «Kazakhmys Smelting» ЖШС аппаратшы-гидрометаллургі Саят Жұмабеков пен «Kazakhmys Smelting» ЖШС кешенді технологиялық бригада балқытушысы Еркебұлан Айғалиевке табысталды.
Одан бөлек, «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» атағы «Қарағандыцветмет» филиалының «Құсмұрын-Ақбастау» кенішінің директоры Асқар Джаманғариновқа берілді.
Облысымыздың тарихы – металлургия саласының тарихымен тығыз байланысты.
Өйткені, дәл осы өндіріс саласы Қарағандыны ірі индустриялық орталыққа айналдырды. Бүгінде металлургтеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында өңірімізден жылына 3,5 миллион тонна металл өндірілуде. Цехтар мен шахталарда, балқыту пештерінде жұмыс істейтін азаматтар – нағыз еңбек қаһармандары.
– Сіздер тек металл балқытумен шектелмей, құрылыс, машина жасау, көлік және энергетика салаларының дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Бұл – тұтас ел дамуына қосқан зор еңбек. Әсіресе, сала ардагерлеріне айрықша алғысымды білдіремін. Қалыптасқан еңбек дәстүрлерін бүгінгі жастар жалғастырып жатыр. Сіздердің даналықтарыңыз бен табандылықтарыңыз – Қазақстан металлургиясының берік негізі, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов Ерлан Қошановтың құттықтау хатын жеткізді.
– Металлургия – еліміздің экономикасын алға сүйрейтін жетекші сала. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі абыройы мен экономикалық қуатын айқындайтын басты фактор. Сіздер – жас буынға үлгі боларлық тұлғасыздар. Қиындығы мен құрметі қатар жүретін салада еңбек ететін барлық азаматтарға мықты денсаулық пен табыс тілейміз, – делінген құттықтау хатта.
Салтанатта металлургтер әулеттері де ерекше аталды. Өндірісті отбасылық дәстүрге айналдырған, еңбек шежіресін жазып келе жатқан отбасылар – адал әрі тынымсыз еңбектің жарқын үлгісі. Олардың қатарында Әлібековтер, Брагиндер, Деминдер және Есімжановтар әулеті бар.
– Металлургиялық саланың жаңа тарихын жазып жатқанымыз – бүкіл компания ұжымы үшін мәртебе. Мемлекет басшысы мен Үкіметке металлургтер еңбегіне берген жоғары бағасы үшін алғыс айтамын. Барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін. Біздің компания мен барлық металлургтер еліміздің өркендеуі жолында маңызды міндетті абыроймен орындайды деп сенемін! – деді «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»