«Bolashaq» студенті – үздік
Жақында Астанада «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Талантты жастарды қолдау, жұмысшы біліктіліктерін және білім, дағды мен дарын арасында жетістікке жеткен ТжКБ ұйымдарының үздік студенттерін қолдау мақсатында өткен байқауға 2604 студент қатысты. Үздік жүздікке Қарағанды облысынан 7 студент енді. Солардың бірі – Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығының 3-курс студенті, колледждің «Жігер» СП-нің президенті Анел Тикенова.

Үздік студент атану үшін студентке мамандығын игерудегі терең білімімен қатар, қоғам алдында азаматтық көзқарасын көрсететін белсенділік, шығармашылық, жауапкершілік, патриоттық сезім керек. Осы аталған қасиеттердің барлығы Анелдің бойынан табылады деп нық сеніммен айта аламыз. Ол «Болашақ тіл маманы ретінде мені еліміздің ертеңі, мемлекеттік тіліміздің тағдыры қатты толғандырады. Технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманында елімнің бір орында қалып қоймай, дамыған елдермен терезесі тең болғанын мен де қалаймын. Жаһандану жолына әр ел өз ұлттық құндылықтарын негізге ала отырып, қадам басса ғана, сол ел басқа елдерден, сол ұлт басқа ұлттан ерекшеленіп алда тұрар еді», – дейді өзінің байқауға жазған ынталандыру хатында.
Анел өзінің маман болып қалыптасу жолындағы ең басты мақсаты – жастардың бойында өз ұлттық құндылықтарына деген құрмет, сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру екендігін тілге тиек ете отырып, осы жолда ол өзге ұлт өкілдеріне арналған «Қазақ тіліне қадам бас!» кітабын құрап, сол арқылы мемлекеттік тілді меңгерудің жеңіл жолдарын ұсынуда. Кітап «Қазақ тілі – күнделікті өмірде» (күнделікті өмірге қажетті диалогтар), «Төл дыбыстардың артикуляциясы», «Көркем шығармаларды комикс арқылы оқыту» деген тараулардан тұрады. Қазіргі таңда осы кітапша арқылы «Bolashaq» колледжінің өзге ұлт өкілдерін әр сәрсенбі сайын ерікті түрде жинап, тіл үйретуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылына» арнап, әлеуетін арттыруға үлкен күш жұмсап жатыр. «Bolashaq» колледжінде де еңбек нарығында сұранысқа ие бірнеше жұмысшы мамандықтар даярлануда. Осы мамандықта білім алып жатқан өзге ұлт өкілдеріне Анел өз авторлығымен жасалған тіл танытқыш кітабы арқылы мемлекеттік тілді игерулеріне жағдай жасап, қолайлы жолдастық орта тудыруда.
«Көлдің тамшыдан құралатынын» ескерсек, Анелдің бұл кішкене қадамынан үлкен нәтиже шығарына оның жетекшісі ретінде үлкен сенім артамын.
Меруерт ҚАБЫЛОВА,
Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары