Білім

«Bolashaq» колледжінің студенттері «WorldSkills Kazakhstan – 2025» чемпионатында жеңімпаз атанды

4-6 желтоқсан күндері Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2025» Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты биыл кең ауқымымен және қатысушылар санының өсуімен ерекшеленді. Чемпионатқа дайындық барысында құзыреттер саны 30-дан 45-ке дейін артты. WorldSkills – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге және кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған халықаралық қаржылық емес қозғалыс екені белгілі. Оның басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау, олардың мәртебесін арттыру, кәсіби шеберлікті шыңдау және елдің бәсекеге қабілетті мамандарын даярлау.

Сурет облыстық білім басқармасынан

Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл чемпионатқа 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, өндірістік оқыту шеберлері мен сарапшы-нұсқаушылар қатысады. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша үздік болуға, кәсіби ортада танылуға және халықаралық деңгейге шығуға мүмкіндік алады.

Қарағандыдағы «Bolashaq» жоғары колледжі жыл сайын WorldSkills чемпионатында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Биыл да колледж студенттері жүлделі орындар иеленді.

«Шетел тілі мұғалімі» мамандығының ШТ-22-1 тобының студенті Куралова Дильназ (жетекшісі – Муканова И.Е.) «Қонақ үй қабылдау қызметкері» құзыреттілігі бойынша 1-орынға ие болды. Ал, «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының ТИБ-22-2 тобының түлегі Бейсен Алан (жетекшілері – Манашева М.С. және Елибаева-Мухтар А.М.) «Мобильдік қосымшалар әзірлеу» құзыреттілігі бойынша 2-орынды еншіледі.

Колледжде 2019 жылдан бері «Мобильді робототехника», ал 2024 жылдан бастап «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар студенттердің шығармашылығын дамытып, жаңа технологияларды меңгеруге және кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Жыл өткен сайын қатысушылардың шеберлігі артып, WorldSkills аренасында жүлделі орындарға ие болуы — осы орталықтардың тиімділігінің дәлелі.

Бұл көрсеткіш – студенттердің табанды еңбегінің, олардың кәсіби ұмтылысының және ұстаздардың терең білімі мен адалдығының нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жетістік колледждің студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасап отырғанын да айқын көрсетеді.

«Bolashaq» колледжі келешекте де бәсекеге қабілетті, заманауи технологияларды меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары мамандарды даярлауды жалғастыра бермек.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button