Болашақ журналистің жүлдесі
Қарағандылық оқушылар Шахназ Есенгелді мен Әсел Абылай Петропавлдағы Мағжан оқуларының республикалық кезеңінде үшінші орынға ие болды. Ғылыми-шығармашылық байқау биыл 50-ден астам 7-11 сынып оқушыларының басын қосты.
Шахназ әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияның 11 сыныбын бітірген. Журналист болуды мақсат тұтқан ол Еуразия ұлттық университетіне түспек.
– Мен «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» аталымына қатысып, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы ғылыми жоба қорғадым. Оның «Сүйемін» шығармасын талдай отырып, өлеңдерінде Отанға, балаларға, жұбайына деген сүйіспеншілік сезімдерін суреттегеніне көз жеткіздім.
Жоба бойынша жұмыс жарты жылға созылды, жетекшім Нұргүл Ақмамбетова қолдау білдірді, – деді Шахназ Есенгелді.
Ал, Әсел Абылай Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-гимназияның 10 сыныбына көшті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келетін ол Мағжан оқуларына шамамен бір жарым жыл дайындалыпты.
Әселдің айтуынша, Мағжан ақын өзін әрқашан күнге, отқа теңеп, «Өзім күнмін, өзім отпын» деп жырлаған. Талантты жас болашақта мамандығын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақындардың ақыны Мағжан мұрасымен байланыстырғысы келеді.
– Мағжан атамыздың 93 шығармасын жаттап алдым. «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» номинациясында өнер көрсеттім. Қатысу мен үшін оңай болған жоқ.
Басқа өңірлерден келген сайыскерлер жоғары деңгейде дайындық көрсетті. 150 шығарманы жатқа білетін құрдастарым болды. Мағжан атамыз шығармаларымды оқып, ең жақсы жолға ұмтылыңдар деген. Бұл жеңіс мені одан әрі дамуға ынталандырады, – дейді Әсел Абылай.
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz