Болашақ журналистерге бағдар
Бейсенбі күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Жастар әлемі» Жастар сарайында ІІІ қалалық жас журналистер және блогерлер слеті өтті. Жиынға қатысушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, мерзімді басылымдардың нарыққа бейімделуі, шынайы ақпарат тарату төңірегінде түрлі пікірлерін ортаға салды.
Слеттің ашылу салтанатында сөз алған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская мұндай шараны келер жылы да ұйымдастыруды мақсат етіп отырғандығын атады. Үшінші мәрте жалауы желбіреген шараны Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Мақсаты – дарынды жас журналистер мен блогерлерді қолдау, қазақ тілді контентті байыту және сауатты ақпарат беруге қалыптастыру. Алқалы жиынға блогерлермен, жас журналистерден бөлек, PR-агенттік өкілдері, студенттер және азаматтық белсенділер қатысты. Арнайы шақырылған спикер, танымал тележүргізуші Асхат Садырбай журналистиканың телевидение, радио саласына және блогерлердің жұмысына қатысты өзекті мәселелерді сөз етті.
Асхат САДЫРБАЙ, журналист, тележүргізуші:
– Бүгінде ақпарат саласы жаңаша сипатқа ие, интернет, әлеуметтік желі дәстүрлі журналистиканы басып озды деген пікір жиі айтылады. Тарихы тереңде жатқан газет-журнал, телевидение, радио саласы ешқашан өзектілігін жоймайды. Осы орайда, жиынға қатысушы жастарға айтарым, журналист атанамын деген маман кітапты, ағартушылықты бағдар етуі тиіс. Кітапты оқымау салдарынан тілдің жұтылу үрдісі пайда болатындығы сөзсіз. Сондықтан, қазіргі жастарға ең бірінші кітап оқуға кеңес беремін. Мақала жаза алған маман ғана журналистиканың биік шыңына шыға алады.
Сонымен қатар, осы күні «Бірінші Қарағанды» телеарнасының Бас редакторы Алмаз Мұсабеков, ҚарМУ-дың баспасөз қызметінің жетекшісі Игорь Хлебников және Гүлмира Сабырқызы сынды тәжірибелі журналистер слетқа қатысқан жастарға тренингтер өткізді.
Бір күн бойы семинар-тренингтерге қатысып, өзара тәжірибе алмасқан жастар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Нұрдос КӘРІМ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.