Болашақтың тамыршысы
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жуырда 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Өткен күндерге көз жіберіп, алдағы күндердің жоспарын бағамдады. Мерейлі сәтте қасымыздан табылып, ақпараттық қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті деп ауыз толтырып айтамыз.
«Saryarqa Аqparat» медиахолдингі басшылығының қолдауымен газет ұжымы мерейтойымызда іргелі кітапханамыздың рухани қолдаушысы екенін тағы бір мәрте аңғартып, арнайы бет ұйымдастырды. Онда кітапхана ұжымының елеулі еңбегі жан-жақты таразыланды.
Жалпы, біздің кітапхана мен облыстың бас басылымы арасында сонау алыс жылдардан бері үзілмей келе жатқан тығыз іскерлік байланыс бар. Мен кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысымын. Бұл бөлімде өлкеміздің шежіресімен қатар, ақын-жазушыларының, қаламгер, журналистердің мұрасын жинап, насихаттаумен айналысамыз. Бұл жұмысымызда бізге «Ortalyq Qazaqstan» газеті зор көмек көрсетіп келеді.
Біз газетке шыққан жерлестеріміздің әр жетістігін кітапхананың мұрағатына және электронды каталогына мұқият сақтаймыз. Бұл – ертеден қалыптасқан дәстүр.
Тіпті, кітапханамыздың негізгі қорларды сақтау бөлімінде «Ortalyq Qazaqstan» газетінің шамамен 1949 жылдардан бергі («Советтік Қарағанды» атауымен шыққан кезінен бергі) тігінділері сақтаулы тұр.
«Орталықтың» әр санын асыға күтеміз. Өйткені, онда қазыналы аймағымыздың шежіресі, жүрек соғысы бар. Жыл сайын аймағымыздың бас басылымына жазылып, әр санын жібермей оқимыз. Газетті тұрақты түрде оқыған адамның жан-жақты әрі жұмысында табысты болатыны белгілі. Сондықтан да, біз 95 жылға жуық тарихы бар «Орталықтан» қол үзгіміз келмейді, үзбейміз де.
Сондықтан да, «Орталыққа» бір жылға жазылғанымызды қуана айтқымыз келеді. Жазылу, тіпті, жеңілдей түсті. Ақпараттық технология дамыған қазіргі кезде QR код арқылы жазылуға мүмкіндік жасалған.
Аймағымыздың өндірісі мен экономикасына, бизнесіне, білімі мен әлеуметіне, руханиятына, мәдениеті мен әдебиетіне, еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын көзі қарақты облыстың әр тұрғынын «Орталыққа» жазылуға шақырамыз!
Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы.