Жаңалықтар

Болашақтың таңдауы

Қазақстан тәуелсіздігінің барлық кезеңіндегі аса маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағаланған Атом электр станциясын салу бойынша референдумды жыл жаңалығы ретінде ерекше атауға болады. Саяси қайта қалыптасуға қатысы жоқ, жалпы есеп бойынша ел тарихындағы төртінші референдум «Бізге атом энергия­сы қажет па, жоқ па?» деген сауалдың нүктесін қойды. Елдегі дауыс беру құқығы бар 12 284 487 адамның 7 820 204-і өз таңдауын жасады. Бұл ретте 5 561 937 қазақстандық «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұраққа «Иә» деп жауап берді.

Сурет oninfo.kz

Әлемдік прогресстен шет қалмай, бәсекелестік артықшылықтарды пайдалануда АЭС құрылысы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең ауқымды жоба болмақ деп баға берді сарапшылар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте атом электр станциясын салу ұзақ мерзімді жоба екенін айтып, ол еліміздің ондаған жылдарға тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Бұл – уақыт талабы. Оның барлық артықшылықтарын бүгінгі жастарымыз бен қазақстандықтардың кейінгі ұрпақтары толық сезінеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сөйтіп, 2024 жылдың 6 қазаны, яғни, референдум өткен күн тәуелсіз Қазақстанның тарихында айтулы күн ретінде жазылды. Ал, таңдауды халықтың өзінің жасауы еліміздегі демократияның ашық көрінісі болды.

Яғни, еліміздегі атом энергетикасының тағдырын қазақстандықтар анықтады. Ал, тарихтағы алғашқы референдум болашақта осы саланың дамуына жол ашты.

Қазақстандықтардың АЭС құрылысы бойынша дауыс беруге белсенді қатысуы да отандастарымыздың ел өміріне әсер ететін шешімдер қабылдауға мүдделі екендігін айғақтайды. Бұл ретте, референдум барысында қарағандылықтар өзге өңірлермен салыстырғанда дауыс беруде белсенділік танытты.

Әрине, АЭС салу – бір жылдың емес, ондаған жылдардың еншісіндегі алып жоба. Жобаны іске асыру кезінде қаржыландыру шарттары, технология, станция қуаты, оның орналасқан орны сияқты көптеген факторлар ескеріледі. Мәселен, әлемдік тәжірибе қуаттылығы үлкен станция құрылысы шамамен 10-11 жылға созылатынын көрсетеді. Бірақ, оған бөлінген қаржы болашақта толығымен ақталатынын анық. Ал, ол үшін еліміздің қаржылық әрі кадрлық әлеуеті жеткілікті.

Сарапшылар Қазақстанның атом саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін айтып отыр.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button