Болашақты бүгін жасайтын буын
Жастар – қай елде де, мейлі қай кезде де өз заманын оятушы һәм өз дәуірінің туын ұстаушы. Олар өз кезеңінің жауапкершілігін арқалайды. Сөйтіп, мемлекеттің өркендеуі мен ұлт дамуының қозғаушы күшіне айналып, тарихи сабақтастықтың ізін жалғайды.
Елімізде осындай жалынды Жастардың мерекесі 12 тамызда тойланады. Бұл күн – асқақ армандармен алға ұмтылған, ел болашағының иесі саналатын жас ұрпақтың мерекесі.

«Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!» – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөз – ел болашағы – жастардың дамуына, даңғыл жолға түсуіне бағыт берді.
Жастар – елдің қоғамдық, саяси және экономикалық өмірінің белсенді қатысушылары. Біздің еліміз жастар саясатын қалыптастыруға және іске асыруға ерекше назар аударады. Олардың өзін-өзі дамытуына, кәсіби өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жас қауымға арналған игілік
Бүгінгі таңда облыс халқының төрттен бір бөлігін жастар қамтиды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мәліметінше, өңірдегі жастардың саны 303 мыңнан асады. Қарағанды облысы еліміздегі жастар саясатын дамытуда белсенді қадамдар жасап, жас ұрпақтың әлеуетін толық ашуға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, жастарға арнайы қаржылай қолдау, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік жобаларға гранттар беру. Облыс жастары осы жобалардың қандай игілігін көруде? Қысқаша тоқталып өтейік.
Өңірдің жас тұрғындарына жазғы демалыс кезінде еңбек тәжірибесінен өтіп, алғашқы еңбекақысын алуға мүмкіндік бар. Мәселен, 14 жастан асқан жасөспірімдер «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс істеп, еңбегін тауып жүр. Биыл «Жасыл ел» еңбек маусымында 5 мың жас еңбек етуде. Бұл көрсеткіш еңбекқор жастардың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Жастар арасындағы ең маңызды мәселе – тұрғын үй мәселесі. Баспанасы жоқтың, бабы болмайтыны белгілі. 2022 жылы жас мамандарды қолдау мақсатында өңірде «Қарағанды жастары» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. 3 жылдың ішінде осы бағдарламаның игілігін көріп, 326 жас баспаналы болды.
Келесі жоба – жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту. Кәсіп ашамын деушілерге жыл сайын облыс әкімі мен қала әкімі тарапынан гранттар беріліп келеді. Бүгінде қаншама жас осы жоба аясында кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр.
Жастар жеткен жетістік
Өңір жастары бүгінде әр салада қызмет етіп, жетістіктерін паш етіп келеді. Білім беру саласында жастар республикалық пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Биыл өткен республикалық олимпиадада Қарағанды облысы 13 жүлделі орын иеленді. Бұл – сапалы білім берудің аймақтық деңгейде де жүйелі түрде дамып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, Қарағанды облысы елімізде кәсіби-техникалық білім беру мен жұмысшы кадрларды даярлауда көшбасшылардың бірі саналады.
Өңірдегі мектеп оқушылары халықаралық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, облыстың ғана емес, еліміздің жақсы атын жер-жаһанға жаюда.
Сондай-ақ, террикон алқабы – Қарағандыдағы IT-орталықтардың үздіктерінің бірі. Ол талантты жастарды оқытып, стартап экожүйесін дамытып, өңірдің IT әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарып келе жатыр. Мұнда шетелде тәжірибеден өтіп келген білімді жастар қызмет етеді.
Дәл сондай жетістік спорт, мәдениет салаларында да жоқ емес. Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірдің 35 мыңнан аса спортшысы былтыр 16 мыңнан аса медаль алған. 237 пара спортшы республикалық жарыстарда топ жарып, 209 медальді (140 алтын, 38 күміс, 31 қола) қоржынға салған. Бұл тұрғыда Парижде өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарындағы ел қоржынына қола салған Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосованың жетістігін де қоса кеткен жөн. Наргиза Болатованың синхронды жүзуден және Артем Антроповтың ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарында алтын жүлде алуы тарихта жазылды.
Бүгінгі жастар – білімді, креативті, цифрлық технологияны жетік меңгерген, жаһандық үрдістерге бейімделген, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына белсенді араласып жүрген буын. Олар нақты мақсаттар жолында еңбек етіп келеді.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»