Жаңалықтар

Болашақ әскерилердің Бас жүлдесі

Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері «Айбын» Х Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Нақтырақ айтсақ, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан құрамаларынан ең үздік деген 750 қатысушысы бір апта бойы әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бақ сынасты.

Құрлық әскерлері әскери институтының Алматы қаласындағы «Әли» оқу орталығында өткен әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орайластырылған.

Жерлестеріміз, кеншілер өлкесінің намысын қорғаған команда «Айбын дарыны» зияткерлік байқауы мен пневматикалық мылтықтан атуда бірінші орын алып, жалпы есепте үздік атанды.

Белтемірде тартылу және автоматты құрастыру-бөлшектеуде екінші орын. Әскерилендірілген эстафетада және арқан тарту бойынша үшінші орынға ие болды.

Аталған жиын ережесі бойынша бас жүлдені өз санаттарындағы үздік командалар қатысқан «Күшіміз – бірлікте» финалдық ойынының жеңімпазы алуы тиіс болды. Бұл экстремалды жарыста Қарағанды қаласы Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің құрамасы жеңіске жетті.

Ептілік пен қырағылық танытып, «Жас ұлан» мектептері арасында жалпыкомандалық есепте I орын алған қарағандылықтар велосипед сатып алуға сертификат иеленді. Ал, бас жүлде ретінде олар қажетті құрал-жабдықпен қамтылған спорт сыныбына сертификат алды.

– Бас жүлдені жеңіп алдық. Бұл оңай болған жоқ. Жеңіс үшін Астанадан келген әскери колледж өкілдерімен күрестік. Қарсыластар мықты болды, бірақ жеңіс бізге бұйырды, – дейді Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Алмас Есмағамбетов.

Өз кезегінде Қарағанды «Жас ұлан» мектебінің бастығы, подполковник Жанат Бағжанов жеңімпаздарды құттықтап, ата-аналарына перзенттерін патриоттық рухта тәрбиелегені үшін ризашылық білдіріп, Алғыс хат табыс етті.

– Шындығында, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан құрамаларының қатысушылары мығым дайындықпен келіпті. Мұнда мәселе әр елдің өз әскерінің өне-бойына патриоттық рухты қалай сіңіруі көрінді. Сондықтан да, ел мен жерге деген шексіз махаббат пен құрмет біздің сарбаздардың бойынан ерекше сезіліп тұрды. Бұл – біздің ұлан-байтақ өлкемізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған бабалардың асқақ рухы. Сонымен қатар, командирлеріміз үйреткен барлық білім мен дағдыны паш еттік деп ойлаймыз. Біз бұл шарада орын алумен қатар, көп тәжірибе жинақтадық. Ерекше рухтанып қайттық. Осындай жиындар жиі өткізіліп тұрса екен. Ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамыз, – дейді Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button