Қарағандыда 40 оқушыға арналған интернат үлгісіндегі спорт мектебі ашылды
Қарағанды – қазақ күресінің қара шаңырағының бірі. Бұл өңірден боз кілемде жауырыны жерге тимеген небір балуандар шыққан. Алайда, соңғы жылдары аймақ күресінің қарқыны бәсеңдеп, маман тапшылығы мен инфрақұрылымдық проблемалар саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Бір кездері даңқы дүркіреп тұрған Қарағандыдағы күрес түрлері бойынша олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің «Дәулет» мектебі көпшілікке жақсы таныс. Бұл мекеме талай балуанның тұсауын кесіп, ел намысын қорғайтын саңлақтарды дайындаған еді. Алайда, екі жыл бұрын толассыз жауған жаңбырдың салдарынан ғимарат зардап шекті. Жертөлесін су басып, тіпті, су деңгейі бірінші қабатқа дейін жеткен. Содан бері мекеме жартылай бос тұрған күйде қалды. Дегенмен, биыл жағдай оң шешімін тапты. Облыс әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бастаманы қайта жандандырып, «Дәулетті» қалпына келтіру үшін бюджеттен 15 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Бірақ, бұл жолы нысан тек күрес мектебі ретінде емес, 40 оқушыға арналған жатын орынмен қамтылған интернат үлгісіндегі спорт мектебі ретінде қайта ашылды.

Билік тарапынан қолдау бар
Аталған ғимараттың ашылу рәсіміне Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бас хатшысы Димаш Сұлтанов пен басқармасының басшысы Серік Сәпиев арнайы келіп қатысты. Әрі Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның спорт шебері Саржан Жақсыбеков пен Ильдар Гафаров та келіп, мектеп-интернаттың тұсауын кесті. Димаш Рафхатұлы өз сөзінде Қарағанды спортына тоқталып, алдағы уақытта спортшыларға қолдау көрсетілетіндігін баса айтты.
– Қарағандыда қазақ күресінің тамыры тым терең, мектебі – мықты. Бұл өңірден талай чемпиондар түлеп ұшты. Алайда, кейінгі жылдары бұл бағытта айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Осыған байланысты басқарма тарапынан күрес түрлерін дамытуға ерекше назар аударылып, бірқатар нақты шаралар қолға алынуда. Соның бір айғағы – жаңартылып ашылған спорт-интернат деп білемін. Біз бұл оқу орнынан әлем және Олимпиада чемпиондары шығады деп үміттенеміз. Әсіресе, әйелдер күресі бойынша Қарағандыда қалыптасқан мықты мектеп бар. Сондықтан бұл бағыт та назардан тыс қалмайды. Аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, – деді ол.
Ал, басқарма басшысы Серік Сәпиев Қарағандыда күрес спортына арналған инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз екендігін мәлімдеді. Десе де бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
– Қарағандыда күрес залдары саусақпен санарлық. Осы мәселені жүйелі түрде қолға алып жатырмыз. Соның бір айғағы – «Дәулет» мектебінің қайта жаңғыруы. Біз қарапайым жаттығу залын заманауи талапқа сай күрес мектебіне айналдырдық. Бөлінген қаражат аса ауқымды болмаса да, тиімді жұмсалып, нысан толықтай жаңғыртылды. Қазір мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалған. Бұл жерден ел намысын қорғайтын балуандар шығатынына сенеміз. Ендігі маңызды қадам – білікті мамандарды тарту. Өңірлерден тәжірибелі жаттықтырушыларды алдыру жоспарда бар. Сонымен қатар, спортшылардың жарыстарға қатысуы, іссапар мәселесі де жүйеленіп келеді. Мектеп-интернатта тәрбиеленетін жастардың жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін толық қамтамасыз ету – алдағы басты міндеттің бірі. Спортшылар тек спортта ғана емес, білімде де қолдауға ие болуы тиіс. Бұл – жан-жақты қолдау саясатының бір бөлігі, – деп түйіндеді ол.
Жаңғыру жолындағы жетістік
Жөндеу жұмыстары шілде айында басталған. Құрылыс кезінде ғимараттың әкімшілік қызметкерлері уақытша «Қарағанды-Арена» спорт кешеніне көшіріліп, сол жерде жұмысын уақытша жалғастырыпты. Ал, тозығы жеткен екі қабатты спорт мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, функционалды, жаңартылған спорттық-интернатқа айналды. Бірінші қабатында 40 балаға арналған кең жатын бөлмелер ашылған. Және толық жабдықталған жаттығу залы да жұмыс істеп тұр. Ал, екінші қабаттағы бұрынғы үлкен спорт залы да жаңартылып, екі жаңа күрес кілемі төселді. Әрі балуандарға талапқа сай жағдай жасалған. Қазіргі таңда жаңадан ашылған спорт-интернатқа әлі ешқандай оқушы қабылдана қоймапты. Дегенмен, бұл оқу орны облыс көлеміндегі қала мен аудан балаларын қабылдауға дайын. Алдағы уақытта шалғай ауылдар мен өңірлерден келетін жас спортшыларды тарту жоспарланып отыр.
– Келешекте ғимарат аумағында спортшыларға арналған монша салуды көздеп отырмыз. Бұған қоса, ұзындығы 30 метрлік қосымша спорт зал салу жоспарда бар. Жаңа зал тек күрес түрлері бойынша жаттығу жүргізуге арналады. Қазіргі таңда Қарағанды күресі өз биігінен төмендеп қалды. Осы бағытты қайта жандандыру үшін спортшыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Бұған дейін спортшылар мен жаттықтырушылардың іссапар шығындарына жыл басында бар болғаны 12 млн теңге бөлінген еді. Бүгінде бұл көрсеткіш басқарманың қолдауымен 50 млн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар, алдағы уақытта тәжірибелі, білікті жаттықтырушыларды тарту жоспары да бар. Басты мақсат – алдағы үш жыл ішінде ел чемпиондары мен Азия, әлем чемпиондарын дайындау, – деді мектеп-интернат директоры Қанат Журкаев.
Әр жатын бөлменің сыйымдылығы әртүрлі. Соның ішіндегі ең ірісі – бұған дейін қойма ретінде пайдаланылған кең аумақ. Қазір бұл бөлме толықтай қайта жабдықталып, 14 адамға арналған жатын бөлмеге айналыпты. Алдағы уақытта терезе маңындағы бос кеңістікке қосымша шағын шкаф орнату жоспарлануда. Жалпы, әр бөлмеге Қарағандыда жасалған арнайы кереуеттер қойылып, үстеріне ортопедиялық матрастар төселген. Аяқ астына салатын кілемді де, әр бөлмеге салқындатқыш орнатуды да ұмытпапты. Сонымен қатар, дәл осы қабатта заманауи үлгіде жабдықталған кең асхана бар. Мұнда бір мезгілде 24 адам тамақтана алатын алты үстел қойылған. Жас спортшылар күніне үш мезгіл тамақпен қамтылмақ. Одан бөлек, жуыну бөлмесі мен әжетханасы да талаптарға сай келіп тұр. Жөндеуден өткен ғимаратты аралау барысында Димаш Рафхатұлы сөз сөйлеп, мектепке үлкен экранды теледидар сыйға тартатынын жеткізді.
– Қазіргі заманда заманауи технологияларсыз жаттығу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Әр спортшы қателіктерімен жұмыс істеуі қажет. Қарапайым мысал, теледидардан түрлі чемпионаттарды қарап, отандастарымызды қолдаудың өзі жігер береді. Әрі әр спортшы өзінің жаттығу барысын видеоға түсіріп, жаттықтырушысымен бірлесіп қателіктерімен жұмыс істеуі қажет. Сондықтан, мектепке теледидар қажет. Ал, ол теледидарды федерация басшылығы мектепке тарту етеді, – деп федерация басшысының сәлемдемесін жеткізді.
Уақыт өте келе бұл орталықтан ел, Азия және әлем чемпиондары шығады деген сенім мол. Себебі, мұндай қолдау мен талап бар жерде міндетті түрде нәтиже болатыны сөзсіз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»