Жаңалықтар

Болашақ бүгіннен басталады

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Тікелей эфирден мұқият тыңдадым. Өте тиянықты әрі жинақы жоспарланған Жолдау көңілімнен шықты. Әсіресе, көпұлтты еліміздегі ымыра-бірлік һәм білім мәселесі хақында айтқаны көңілге қонды.


«Бірлігіміз – әр алуандықта. Біздің азаматтар үшін толеранттық өмірлік маңызға ие. Біз радикализмнің кез келген формасын болдырмаймыз. Бірлігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Адамды тіліне, дініне, нәсіліне қарай кемсітуге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұл – терең білімді әрі көреген басшының аузынан ғана шығатын сөз. Өйткені, «Бірлік болса, тірлік болады» деген халық даналығы бекер емес. Ауызбіршілік, ортақ келісім бар жерде даму, ілгерілеу болады. Татулық болса, еліміз алдына қойған даму бағдарламаларын еркін жүзеге асыра алады. Сондықтан, осы Жолдауда айтылған маңызды жайттарды әр Қазақстан азаматы көкірегіне түйіп, қорытынды шығарғаны абзал. Себебі, Қазақстан – ортақ үйіміз. Оның болашағы үшін әрқайсымыз жауаптымыз.

Бұдан бөлек, Президент білім беру саласына коронавирус пандемиясы мен қашықтан оқыту кері әсер еткенін айтып, елімізде мектептер саны 2025 жылға дейін кемінде 1000-ға жетуі керектігін атап өтті.

Дамыған елдермен иық тірестіру үшін, көкірек көзіміз ашық, көңіліміз ояу, санамыз еркін болуы шарт. Ол үшін еліміздің ертеңіне ие болатын өскелең ұрпақ білімді болуы тиіс. Терең білім мен кемел мәдениет, озық ғылым ғана елді өркениеттің шыңына жетелейді. Сол үшін әр қазақстандық білімін толықтырып, перзенттерін де білім-ғылымға үйір етуі керек. Болашақ – бүгіннен басталады. Сондықтан, осы бастан ертеңгі күн үшін инвестиция құйып, ұрпағымызды талапты әрі ойы ұшқыр етіп тәрбиелеу – парыз.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button