Топар кентінің кітапханашысы Салтанат Ербаева балалардың кітап-журнал оқуға қызығушылығын арттыру үшін күнделікті жұмысында түрлі тәсілді қолданады. Соның бірі – олардың оқыған ертегілері бойынша сценарий құрастырып,ондағы кейіпкерлердің бейнесін бүлдіршіндерге сомдатып,актерлік шеберліктерін шыңдау.

Салтанат бұл жолы республикалық «Балалар әлемі» журналының биылғы сәуір айындағы санында шыққан «Кешегі күн» ертегісінің негізінде сахналық қойылым ұйымдастырып,жас көрермендердің ықыласына бөленді. Осындағы бұзау, 2 қоян мен түлкі кейпіндегі 2-3 сынып оқушылары апалы-сіңлілі Сәбира мен Айғаным Ербаевалар, Нұрайым Зейнолла мен Айша Серікпек өз рольдерін сәтті ойнап шықса, қонжық бейнесіндегі 4 жасар Медина Орынбайдың өнері де баршаны тәнті қылды.
Бұл көріністерді кітапханадағы «Құрдастар.Жастар» клубының белсенді мүшесі Индира Жиренова бейнебаянға түсіріп,әлеуметтік желіге жүктейді екен.
– Ондағы мақсатымыз – желіден мұны көретін басқа балалардың кітап оқуға құштарлығын оятумен қатар бала бойындағы қабылет көзін ашу, – дейді Салтанат Ербаева.
Ержан ИМАШ,
ortalyq.kz
Абай ауданы