Жаңалықтар

Болашаққа жол ашқан «Nur Qadam»

Сейсенбі күні Пришахтинск кентіндегі «Жастар» мәдениет үйінде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған «Елбасы – ел сенімі» атты салтанатты шара аясында Қарағанды қаласы әкімінің «Nur Qadam – 2021» жастар сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.

Аталған іс-шараға Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, марапаттау рәсімін ашты. Сонымен қатар, қаланың Құрметті азаматтары, ардагерлер, бюджеттік ұйымдардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкерлері, кәсіпкерлер, спортшылар мен студенттер қатысты.

Қала әкімінің «Nur Qadam» сыйлығы 2016 жылдан бастап беріліп келеді. Бұл сыйлық 14 пен 29 жас аралығындағы ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметте жемісті еңбек еткені үшін, сондайақ, спорттағы жоғарғы жетістіктері үшін дарынды жастарды қолдау мақсатында беріледі.

«Nur Qadam – 2021» сыйлығының «Жылдың жас еріктісі» номинациясы бойынша Арафат Мәжитов, «Жылдың жас педагогы» номинациясымен Әсел Сәбиева лауреат атанды. Ал, «Жылдың жас спортшысы» – Артем Антропов, «Жылдың жас дәрігері» – Жандос Бәкір, «Жылдың жас жұмысшысы» номинациясы бойынша Бекнұр Түсіпов сыйлықтың лауреаты атанып, марапатқа ие болды.

Жеңімпаздардың әрқайсысына 300 мың теңге сомасында ақшалай сертификат беріліп, диплом және Алғыс хаттармен марапатталды. Концерттік бағдарламаға Елордадан Президент оркестрінің артисі, жерлесіміз Салтанат Байжұманова және қаламыздың өнерпаздары қатысып, ән шырқады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button