Болашаққа жастар жауапты
Балқаштағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінде 2010-2011 оқу жылында мектеп директорының ұсынысымен, кітапхананың ұйымдастыруымен «Жас өркен» баспасөз орталығы ашылған болатын. Оған ойы ұшқыр, тілі жатық, сөз қадірін білетін, әдебиетке жақын оқушылар жинақталды. Бүгінде жас тілшілер өз деңгейінде жұмыстарын жалғастыруда. Сіздерге осы оқушылардың шығармашылық жұмыстарын жіберіп отырмыз.

Елімнің патриотымын
Отан! Қандай құдіретті сөз, өмірімнің бар мақсаты осы сөздің ауқымына сыйып кетердей. Отаным деп соққан жұдырықтай жас жүрегімнен шыққан осы сөзді айдай асқақтықпен айта аламын. Ата-бабамыздың азаттық жолындағы ерен ерлігінің арқасында жеткен елімді мақтаныш етемін. Атыраудан Алтайға дейін созылған ұлан-ғайыр кең өлке, тарихы шексіз, дәстүрі шетсіз ата жұрт, әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып сұлу мекен. Менің елім бүгінде қанаты қатайған, өркениеті дамыған, әлемге танымал мемлекет. Қазақстанның кең-байтақ жері бар, сабырлы да еркін халқы бар, үлкен мемлекеттің өзгеге ұқсамайтын тарихы, қалыптасу, даму жолы да ерекше. Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр жерді игеріп, дербес мемлекет ретінде өз билігімізді сақтай отырып, өзгеге көңіліміз ашық, дастарқаны мол, қолы жомарт халық ретінде дамып келе жатқан еркін елміз.
Бүгінгі Қазақстан – әлемдік аренада өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген өжет елдің мекені. Мен осындай елдің қызымын. Мен бақытты елдің жас ұрпағымын. Елімнің ертеңгі күні үшін еңбек ететін азаматымын. Мен – елімнің патриотымын! Өзімнің бар білімімді, еңбегімді, тәжірибемді осы мемлекеттің бүгіні мен болашағына арнауға жұмсаймын, сол себептен еліміздің өсіп-өнуі үшін қасиетті Отанымның өркендеп дамуы үшін келешекте аянбай тер төгемін деп мақтанышпен айта аламын. Өйткені мен сүйікті Отанымды жақсы көремін. Әрқашан көгімізде бейбітшілік белгісіндей боп көгершіндер, теңдік, бостандық белгісіндей боп қыран құстар самғай берсін деп тілеймін.
Камила ТУЛЮТАЕВА,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің
9 «Ә» сынып оқушысы