АймақҚарағанды

Болашаққа берік қадам

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында облыстың барлық аймақтарында бір уақытта өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сәтті аяқталды. Шараға 300-ден астам жұмыс беруші мен 1500-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қарағанды облысының жас­тарына қызметтің әртүрлі салаларындағы ұйымдар мен кәсіпорындар таныстырылып, түрлі бағыттағы бос жұмыс орындары ұсынылды. Кәсіп­орындар мен ұйымдардың жұмыс берушілерімен және колледж түлектерімен қызмет бағыттары, кәсіби өсу және даму бойынша диалог өтті. Колледж түлектеріне Жұмыспен қамту орталығынан кеңес алуға мүмкіндік берілді.

– Негізгі мақсат – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру және азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасау. Бұл орайда NEET санатындағы білім алмайтын, жұмыс істемейтін және оқуға қатыспайтын жастарды жұмыспен қамту көзделген. Іс-шара жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында ұйымдастырылды.
2024 жылғы деректерге сәйкес, облыстағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 7-9%-ды құрайды. Жұмыспен қамту басқармасының мәліметінше, 2025 жылы облысқа 2000-нан астам білікті жұмысшылар, IT-мамандары және педагогтар қажет.
Жәрмеңкеде 300-ден астам жұмыс беруші түрлі салалардағы бос жұмыс орындарын ұсынып, 1500-ден астам жас және маман жұмыс іздеп, өздеріне қажетті ақпарат алды, – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының ақпараттық саясат және коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Аслан Берікбекұлы.

Мамандардың айтуынша, жастар жұмыссыздығымен байланысты жағдайды тұрақтандыру үшін облыс бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жұмыс ұйымдастырылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен жастар арасынан 17 313 адам қамтылды, оның ішінде, 13 889 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, жастар тәжірибесіне 844 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша – 471 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 26 адам қамтылды.

– Жастар жәрмеңкесінде түйіндеме жазу, сұхбатқа дайындалу, мансаптық өсу бағытында кәсіби кеңестер берілді. Оқымайтын, жұмыс істемейтін және оқуға қатыспайтын NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, еңбекқор жастарды қолдау қажеттігін атап өтті. Жұмысшы мамандықтары – қазіргі қоғамның іргетасы. Жәрмеңке арқылы көптеген мағұлмат алдым және жаңа жұмысқа тұруға мүмкіндік мол екенін түсіндім, – деді Қарағанды гуманитарлық колледжінің студенті Айгерім Асқарқызы.

Жәрмеңкеге сондай-ақ, өнеркәсіптік кәсіпорындар, ШОБ субъектілері, байланыс операторлары, IT-компаниялар, сондай-ақ, білім беру мекемелері қатысты. Шара жастар мен жұмыс берушілер арасындағы диалогты дамыту мен мансаптық өсуге арналған маңызды алаңға айналды.

Жәрмеңке барысында 512 азамат жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алып, олардың 175-і тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама алды. Ал, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 50 жолдама берілді.

Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Қарағанды облысында биыл колледждер мен жоғары оқу орындарының 429 түлегі «Жастар практикасы» жобасы бойынша жұмысқа жолдама алды. Бюджет қаражаты есебінен бар-жоғы 872 адамды қамту жоспарланған.

Айта кеткен жөн, жастар практикасына Еңбек ұтқырлығы орталығында немесе Мансап орталықтарында ресми тіркелген жұмыссыздар жұмысқа орналастырылады. Мемлекет қолдауын 35 жастан аспаған, бес жыл бұрын диплом алған мамандар пайдалана алады.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button