Ресми

Болашаққа бастар бас құжат

Тарих төре келер кезегінде елдің еңсегей ертеңін бір безбендейтінін есті, саналы азамат біліп, түйсінсе керек. 15 наурыз – дәл сондай күн болмақ. «Біз кімбіз? Қайда барамыз? Қандай мемлекет болғымыз келеді?» деген сауалға жауап қатамыз. Осы күні шабысынан шаңы шыққан, дабысынан жаны шыққан әр дауыс болашақтың бағытын белгілейді. Ендеше, ретті референдум – сананы жаңғырту, жауапкершілікті мойындау, уақытпен бетпе-бет келу деген ордалы ой тұжырамыз.

Сурет автордан

Үш аптаға жетеғабыл уақыт оздырып, біртұтас Қазақстан халқы 15 наурызда тағдыр табалдырығында тұрған тағдыршешті кезеңіне аяқ басады. Төрін түгендеп, түндігін бүтіндейді. Соқпақсыз жерін жол етіп, кең өткелін көл етеді. Аймауыт тағынбаса да, сайлауыт кезінде бекем тұрады. Әлем серке санды сергелдең күй кешіп жатқан уақта әл-әзіргі Конституция жобасында Адам – басты құндылық қалыбында баса белгіленді. Жобаның преамбуласы мен мәтінінде  адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығына, адами капиталды дамытуға, цифрлық ортадағы қорғауға, экология мен инновацияларға ерекше назар аударылды. Және атап өту қажет, мемлекет келтірген зиянды өтеу құқығы, кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек алу, табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі нормалар енгізіліп,  Астананың елорда ретіндегі мәртебесі нығайтылмақ. Президенттің Құрылтай келісімімен тағайындайтын Вице-Президент лауазымы енгізіледі.

Жалпы халықтық референдум Ата Заңымыздың айбынын асқақтатып қана қоймай, өркениет өріндегі өргек еліміздің дамуына жол ашпақ. Не дегенімізбен, ең көп талқыланған жаңашылдықтардың бірі – тіл туралы бап екендігі баршаға аян. Мұнда да ерге теріс мінгізерлік ештеңе жоқ. «Тіл, тәуекел, Тәуелсіздік!» рәуішті үштаған көзқарас шеңберінде қарағанда, мұндай жанды мәселенің мәнісіне жете үңіле түсетіндейміз. Сондықтан, осы арада елдің шынайы құлшынысын сөдегей іс деп қарамақ жоқ. Тек, әртарапқа әредік қарай түскенімізде, соның ызытымен келер қауіп пен қатерге де қалт ойланамыз. Сондықтан, қоғамдық салауатымызды сақтап-сыйлап жүрмек бар дегенге мойын бұрамыз. Көлденең көз жоқ демейік.

Бір қуантарлығы, атаулы тарихи құжат талқысында таразыға тартылған жайттар баршылық. Мұны егемен елдің өз ықтиярының сезілгені дер едік. Баба тіліміз турасындағы қоғамдық пікір қақ жарылғанымен, нақты іске келгенде конструктивті ауан басым. Алайда, сын айтушылар тарабы талқылау мерзімінің қысқалығына (жарияланған күннен бастап дауыс беруге дейін небәрі бір ай) мән бергені аңдалады. Тәуелсіз сарапшылар жүргізген сауалнамаларға сенсек, азаматтардың 75-80%-дан астамы Конституция жобасын  қолдауға әзір  екенін білдірген. Соңғы шешімді 15 наурызда халық өзі қабылдайды.

Енді бірге қарастыралық. Жоба мақұлданған жағдайда, Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Өтпелі кезең басталып, Парламент Құрылтай форматына ауыстырылады, жүздеген заң жаңартылған Негізгі заңға сәйкестендіріледі. Сондай-ақ, Вице-Президентті қоса алғанда, кадрлық тағайындаулар жүргізіледі.

Тәуелсіздік дедік. Тіл дедік. Тәуекел дедік. Үштаған ұлы ұғым да әрдайым, әр күн, әр сәт егесінен шешім күтетіндей. Біз ғасыр тынысын алыстан бағдарлауға үйрендік. Ал, шын мәнінде, тарлан тарих – біз дауыс берген сәттен бастау алып жатады. Таңдау – батырлықтың ең бейбіт түрі. Референдум – халықтың өз тағдырына өзі қойған мүбәрәк қолы. Ел болу – картадағы шекарамен ғана өлшенбейді. Халық болу ортақ жауапкершілікпен өлшенеді. Біз – шешім қабылдай алатын ұлтпыз. Біз – дауысымызды дауылға айналдыра алатын ұрпақпыз. Біз – ертеңге енжар қарамайтын халықпыз!

15 наурызда әркім бюллетеньге емес, айнаға бір қарайды. Сол шарайнадан өз бейнемізді ғана емес, болашақтың сұлбасын да қаз-қатар көреміз. Ал, баянды болашақ – батылдарға бұйыратын сыйлы сыбаға.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button