Болашаққа бағдар: Философия институтының директоры жаңа Конституция жобасының үш негізгі басымдығын атады
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова жаңа Ата заң жобасын талқылау ашық әрі сындарлы өтіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, талқылауға сарапшылармен қатар қарапайым азаматтар да қатысуда. Себебі әңгіме тек заңи құжат туралы емес, елдің ондаған жылға даму бағытын айқындайтын негізгі құжат жайында.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында адами капитал, ғылым, инновация, шығармашылық еркіндік және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Құжатта болашаққа бағытталған үш негізгі басымдық белгіленген.
Бірінші – мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарын Преамбулада бекіту, сондай-ақ адами капиталды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде тану. Бұл ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, зияткерлік экономика дамуына негіз болады.
Екінші – ғылым мен инновацияны дамыту үшін жаңа типтегі азаматтарды қалыптастыру қажеттілігі. Конституция жобасында бұл орта және жоғары білім алу құқығын, сөз бостандығын, ғылыми және шығармашылық еркіндікті, сондай-ақ зияткерлік еңбекті қорғауды қамтитын тұлғаны дамытудың тұтас жүйесі ретінде қарастырылған.
Айгүл Сәдуақасова бұл нормалар Қазақстанның шетелде білім алатын студенттер саны бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіруі жағдайында маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басты мәселе – жастардың білімін ел ішінде жүзеге асыруға жағдай жасау.
Үшінші – жаңа ұрпаққа қатысты бағыт. Қазіргі таңда Қазақстанда демографиялық өсім байқалады, халықтың 30%-дан астамын балалар мен жастар құрайды. Осы тұрғыда Конституцияның жаңа редакциясы мемлекеттік құрылым туралы құжат қана емес, цифрлық дәуірдегі өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе ретінде де маңызды. Оған дербес деректерді қорғау, жеке өмірге қол сұғылмаушылық және электрондық коммуникациялар қауіпсіздігі жатады.
Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституция жобасы тарихи, зияткерлік және технологиялық жаңа кезеңге жасалған маңызды қадам болатынын атап өтті. Құжат ғылым, инновация, мәдениет пен білім басымдығын бекітіп, елдің орнықты дамуына негіз қалайды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



