Жаңалықтар

Бокстан өткен бірегей жарыс

Арқадан шығып, әлемге аты мәшһүр болған жаттықтырушы Ғалым ЖАРЫЛҒАПОВТЫ еске алуға арналған XXХVIІ халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Жарыс Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, бокстан ОРОМБЖМ және облыстық бокс федерациясы бірлесіп ұйымдастыруымен іске асты. Ақтық сынның шешуші сәті Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында түйінделді. Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Қазақстан секілді 6 елден жиналған 110 спортшы АИБА ережесі бойынша ерлер 12 салмақ бойынша, ал, әйелдер арасында 6 салмақ дәрежесінде өз өнерлерін ортаға салды.

Ғалым Жарылғапов – Жаңаарқа ауданының тумасы. Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумын басқарған. Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып жұмыс істеген. Өңірдегі спорттың дамуына, жаттықтырушы кадрлар мен спортшыларды даярлауға үлкен үлес қосқан спорт жанашыры. Ғалым Жарылғаповтың алғашқы мемориалды тақтасын 1984 жылы достары мен серіктестері ұйымдасып орнатқан болатын. Осылайша, тұлғаны еске алуға арналған жарыстар басталып кетті. Кейінірек ол халықаралық деңгейге де көтерілді.

Бұл доданың ашылу салтанатының басты ерекшелігі аты бокс әлемінде алтын әріппен жазылған аңыз адам – кәсіпқойлар арасындағы әлемнің абсолютті чемпионы кіші Рой Джонстің қатысуы еді. Ал, ақтық сынның марапатталу рә сімінде Грузиядан келген ауыр салмақтың 1997 жылғы әлем чемпионы Георгий Канделакидің келуі қатысушылар мен жанкүйерлерді, тіпті, жігерлендіре түсті. Бұл Ғалым Жарылғаповтың рухын асқақтатып, қазақ боксының мерейін тасытқан абырой болды.

Ал, аталмыш байрақты бәсекеге Қарағанды облысынан 34 боксшы қатысты. Нәтижесінде біздің жерлестер жеңістің 20 медалін қанжығалады. Атап айтқанда 9 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль.

– Қолғап түйістіріп жүргеніме 10 жылдың көлемі болып қалыпты. Ғалым Жарылғаповты еске алу турниріне осымен төртінші мәрте қатысып отырмын. Негізінен сәтті өнер көрсеттім деп ойлаймын. Үш рет жеңімпаз атанып, жүлделі орыннан көріндім. Бір рет қола медальді қанағат тұтып қайтып едім. Ал, өткен жылы сайыстың Бас жүлдесі – автокөлікті де ұтып, жеңісім екі еселенген еді. Жалпы, бокстағы менің мақсатым – әлем чемпионатына қатысу, – деп өз пікірімен бөлісті чемпиондық белбеудің иегері қарағандылық спортшы Айжан Ходжабекова. Жарыстың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Біріншіліктің тағы бір құрметті қонағы – бокстан әлем чемпионы Валерий Рачковтың бағалауына сүйенсек, ақтық байқау қызықты әрі әсерлі өткен. Ғалым Жарылғаповпен ол бұрыннан таныс болған екен. Осынау еске алу турнирі қазақстандық бокстың дамуына өз ықпалын тигізеді деп санайды.

– Турнирлердің барлығы бірдей осынша уақытқа созылып, ұлықталып жатқан жоқ. Алда осы тұлғаны еске алу біріншілігінің 40 жылдық мерейтойы да алыс емес. Мен және осындағы біршама бокс жанашырлары осынау шараның халықаралық деңгейдегі АИБА күнтізбесіне енгенін қалаймын. Сонда оның беделі одан сайын артып, сайыс ауқымы өсуші еді. Бұл бүтін әлемнің қазақ боксын тануына бірден-бір сеп болушы еді, – деді Валерий Рачков.

Былғары қолғаптың беделді бетке ұстарлары осындай ойда. Бұған қазақ бокс жанашырлары не дейді екен. Осынау еске алу дағдыға айналып әлемдік АИБА кезеңінің кезекті жарыстарына айналса, қазақ боксына жаңа тыныс емес пе?!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button