Жаңалықтар

Бочча спортынан облыстық турнир басталды

Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде бочча спорты бойынша облыстық чемпионат басталды. Өңірден тірек-қимыл аппараты зақымданған 22 қатысушы өнер көрсетуде. Іс-шараның ашылу салтанатына облыстық мәслихат депутаты Қадиша Оспанова мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Есімханов қатысты.

Суреттерді түсірген автор

Қазіргі таңда бочча спорты тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар арасында қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Бочча ойыны дәлдікті, жинақылықты қажет етеді.

Ептілік пен төзімділікті, сондай-ақ, қозғалыс үйлесімділігін дамытатын спорт. Бүгінгі облыстық байқау халықаралық ережеге сай өтеді. Яғни, қатысушылар ВС1, ВС2, ВС3 және ВС4 санаты бойынша бақ сынамақ. Осы чемпионаттан өз санатында оқ бойы оза шыққан қатысушылар елордада өтетін Қазақстан кубогіне қатыспақ.

– Баршаңызды іс-шараның ашылуымен құттықтаймын. Бочча спорты өңірімізде қарқынды дамып келеді. Облыс басшылығы және министрлік тарапынан да үлкен қолдау бар. Сондықтан осы спортпен айналысатын спортшылар келешекте үлкен нәтиже көрсетеріне сенім мол, – деді Қадиша Базарбайқызы.

Бүгінде аталған спорт түрінен ел қоржынына жүлде салып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген жандар да жоқ емес. Солардың қатарында ВС3 класында спорт шебері атанған Аружан Жеңіс пен ВС2 класында спорт шеберлігіне үміткер Анастасия Кутурманды айта кетпеске болмас. Қос спортшыға жаттықтырушылары үлкен үміт артып отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button