Жаңалықтар

Бизнестің тынысы тарылмайды

Бизнес субъектілерінің қызметіне қатысты шектеулерді жеңілдету туралы шешімді Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы қабылады. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ кәсіпкерлермен болған кездесуінде айтқан тапсырмасынан кейін орындалған іс.

Сол кездесуде Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің баяу дамып жатқанын тілге тиек етіп, карантиндік шектеулер кәсіпкерлікті шектеп қана қоймай, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара сенімді төмендететінін айтып еді. Бизнеске қатысты карантиндік шектеулерді қайта қарауды ұсынды. Үкімет те тиісті шешім қабылдады.

Қызметкерлер мен келушілердің «жасыл» мәртебесі бойынша жұмыс істейтін объектілер үшін эпидемиологиялық тәуекелдің барлық аймақтарында («жасыл», «сары», «қызыл») карантиндік шектеулерді жеңілдету туралы шешім қабылданды.

«Жасыл» және «көк» статусы бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық нысанда жұмыс уақыты бойынша шектеу алынып тасталды. Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, «Ashyq»-та тек «жасыл» мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорттық іс-шаралары, көрмелер, форумдар еш шектеусіз өткізіледі. Спорт кешендері, сауықтыру және діни объектілер, ойын-сауық нысандары, сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды.

Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан «көк» мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақүйлерге, әуежайларға, теміржол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» бөлімшелеріне, банктерге, асхана түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.

Мейрамханалар, мәдени объектілер, балалар мен ересектер үшін ойын және ойын-сауық орындары, боулинг, бильярд, театрлар мен кинотеатрлар толымдылығы «сары» аймақта – 70%-ға дейін, «қызыл» аймақта – 60%-ға дейін жұмыс істейді. Бизнес объектілерінде «Ashyq» жобасын одан әрі енгізу жалғасатын болады. Дегенмен, мемлекеттік бас санитариялық дәрігердің қаулысынан кейін қолданылмақ.  

Сонымен қатар, жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14-тен 10 күнге дейін қысқартылды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер қандай да бір себептермен 7 тәулікке арналған ПТР-тест тапсырылмаса, онда карантин тестті қосымша тапсырусыз 10-шы күні аяқталады.

Қазақстанда өткен тәулікте 11 862 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. Бұдан бір тәулік бұрын 9 016 адам ауырған болатын. Індет көп анықталғаны – Нұр-Сұлтан қаласы 2 352 Алматы қаласы 2 126 және Қарағанды облысында 2 058 жағдай.

Ведомство мәлімдегендей, қаңтар айында сырқаттанушылық өткен желтоқсан айымен салыстырғанда 11 есе өскен. Пандемияның бүкіл кезеңімен салыстырғанда алғаш рет жағдайдың тәуліктік тірекелуі 16 мыңнан асты. Бұл «омикронның» өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланысты. Республика бойынша соңғы аптада КВИ жұқтыру  деңгейі 1,5 есе өсті. Бірақ, өлім-жітім көрсеткіші пандемия басталғалы өлім-жітім ең көп тіркелген тамыздағы деңгейден 12,4 есе аз.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, эпидемиологиялық болжам бойынша  індет ақпан айының ортасында шарықтау шегіне жетпек.
Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button