Жаңалықтар

Бизнесті дамыту – басты міндет

    Жұма күні Қарағандыда ҚР Бас Прокуратурасының көшпелі алқа отырысы өтті. Бас Прокурор Жақып АСАНОВ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқармасының төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ, облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ қатысқан мәжілісте «Бизнесті қолдау жөніндегі жол картасының» Қарағанды облысында жүзеге асу барысы қаралды.

Жиынды ашқан Нұрмұхамбет Қанапияұлы аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму көрсеткіштері жайында айтып өтті.

Өздеріңізге белгілі, Қарағанды облысы – еліміздің ірі индустриалды орталығы. Сонымен қатар, өңірімізде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бүгінде елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауын талқылау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жолдауда айтылған бес басымдық та бизнеске тікелей қатысты деп айтуға болады. Яғни, Елбасы бізге бизнесті өркендетудегі шараларды ширата түсуді міндеттейді. Қазіргі таңда облыста 85 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері бар. Мұнда экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі жұмыс істейді. Бұл – 225 мыңнан астам адам. Кәсіпкерлік нысандары былтыр 700 млрд. теңгеден астам өнім өндіріп, қызмет көрсетті. Бизнесмендер мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануда. Мәселен, өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында құны 26 млрд. теңге болатын 262 жаңа жоба іске қосылды. Нәтижесінде 1,1 мың жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік қолдаулар арқасында бизнес келешекте бұқаралық сипат ала түспек, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Бас Прокурор Жақып Асанов бизнесті дамытудағы кедергілерге тоқталып, шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуметтік ахуалды жақсартудағы маңызын ерекше атап көрсетті.

Біздің мақсатымыз – бір. Мақсат – Елбасының тапсырмасын орындау. Президент бізден бизнесті дамытуды талап етуде. Яғни, бизнестің гүлденуіне қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Кез келген мемлекет мықты боламын десе, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуі тиіс. Бұл, тек, экономикалық блоктағы құрылымдардың міндеті емес. Мұнымен барлық мемлекеттік аппарат айналысуы қажет. Оның ішінде, құқық қорғау органдарына ерекше салмақ түседі. Себебі, статистика көрсеткендей, былтыр елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 84 пайызы жұмыссыз азаматтар. Сондықтан, қылмыстың алдын алудағы басты құралдардың бірі – тұрғындарды еңбекпен қамту, оларды бизнеске тарту болып табылады. Біз осы мәселені соңғы 7-8 айда қолға алдық. Былтыр 14 маусымда «Атамекен» Кәсіпкерлік палатасымен бірігіп, форум өткіздік. Форумда бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған мәселелер ашық көтерілді. Кәсіпкерлердің үстінен қозғалған қылмыстық істерге тексерістер жүргіздік. Ұйғарымымызша, қылмыстық істердің көпшілігі – негізсіз. Бұдан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт сөндіру мекемелерінің жұмысын сараптадық. Анықтағанымыздай, аталған қос салада 14 мың талап бар екен. Оның 11 мыңын жөнсіз деп таныдық. Бұл, тек, екі қызметтегі тексерістен кейінгі жасалған қорытынды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады, – деді Бас Прокурор.

ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Бас Прокуратура тарапынан жүргізілген тексерістер туралы баяндап берді. Жоғарыда айтқан, 14 маусымдағы «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты форумда ұсынылған ұсынымдарды орындау нәтижелері мен бизнес үшін неғұрлым өзекті проблемалар туралы сөз қозғады.

Марат Ахметжанов айтып өткендей, Жол картасы шеңберінде қабылданған жүйелі шаралар нәтижесінде, СЭС және ТЖ құрылымдары бойынша 11 мың талап алынып тасталды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды деген 3 мың талап қалдырылды.

Әкімшілік айыппұл сомасын кеміту бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінде кәсіпкерлерге салынатын айыппұл құнын 30 пайызға төмендету ұсынысы қаралуда.

Экономикалық қылмыстарды қозғау негіздері өзгертілді. Тек, тексеріс барысында және залал келтіру дерегі анықталған жағдайда ғана қылмыс тіркеледі. Сәйкесінше, маусымдағы форумнан кейін Бас Прокуратура тарапынан кәсіпкерлер күдікті ретінде тартылған қылмыстық істерге тексерістер жүргізілді. Басым бөлігі – жөнсіз деп танылды. Осының арқасында, қылмыстық істер қарасы 10 есеге азайды. Форумға дейін 6 мың болған қылмыстық істер саны форумнан кейін 560-қа түсті.

Алқа отырысында аймақтағы құзырлы органдардың жұмысындағы кемшіліктер, облыстық прокуратура қызметкерлерінің іс-әрекеттері сынға алынды. Белгілі болғандай, прокуратура қызметкерлері кейбір жағдайда кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартқан. Мәселен, Экономикалық тергеулер қызметінің қызметкері Әбдірахманов елу жастағы кәсіпкер Долгомысловты уақытша ұстау изоляторына үш күнге тоғыту үшін алаяқтық жасады деген айып таққан. Кейін қылмыстық құрам болмағандықтан істі тоқтатқан. Алайда, бұл оқиға Долгомыслов үшін ауыр соққы болып тиген. Шаңырағы шайқалып, денсаулығы төмендеген. Бас Прокурор орынбасарының айтуынша, мұндай оқиғалар көптеп кездеседі.

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап кәсіпкерлер фискальдарға қатысты өрбитін дау-дамайларды сотқа жүгінбей-ақ шеше алады. Осы мақсатта салық және кеден даулары бойынша сотқа дейінгі апелляция институты құрылуда. Жоспардан тыс тексерістер азаяды.

Бас Прокуратура жаңа цифрлық технологиялар жобаларын дамытуда. 2013 жылы қолданысқа енгізілген «Бизнес тірегі» ақпараттық қызметі арқылы 55 мыңнан астам тексерістің заңдылықтары тексерілді. Нәтижесінде, өткен жылы орындалған 700 негізсіз тексеріс анықталып, 300 шенеунік жазаға тартылды.

Жақын уақытта «Бизнес тірегі» порталының мобильді қосымшасы іске қосылады. Мұнда ЭЦҚ-сыз-ақ өтініш жолдауға болады.

Бас Прокуратура кәсіпкерлік ортаны жақсартуда кәсіпкерлер тілегіне құлақ асуда. Мысалы, прокуратура сайтында арнайы бөлім бар. Мұнда кәсіпкерлер бизнеске кедергі болып отырған нормаларды көрсете алады. Осы бөлім арқылы бизнесмендерден 58 ұсыныс түскен. Оның 31-ін Бас Прокуратура лайықты деп тауып, назарға алуда.

Мәжілісті қорытындылаған Жақып Асанов цифрлық жобаларды, IТ-технологияны дамытудың маңыздылығын атап өтті. Президент Жолдауында көрсетілген басты міндеттерге тоқталды. Бизнеске қолайлы ахуал қалыптастыру, салық заңнамасын оңтайландыру, бақылау-қадағалау қызметтеріне ауқымды тексеріс жүргізу қажеттілігін баса айтты.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button