Бизнестің бірегей формуласы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі экономикалық даму бағытындағы тапсырмаларында және биылғы Жолдауында елдегі кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен еді. Әсіресе, өңірлік кәсіпкерліктің дамуын жалпыұлттық экономиканың тірегі ретінде қарастыруды мұқият тапсырды. Бұл бағытта «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры биыл заманға сай жаңарған тәсілдер арқылы нақты істерді қолға ала бастады. Қарағанды облысында «Даму» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар Президент тапсырмасының орындалып жатқанын көрсететін айқын мысал. Қаржыландыру, кепілдік беру, субсидиялау – мұның бәрі кәсіпкердің қолын байламай, керісінше, кәсібін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті жаңғыртуға жағдай жасап отыр.

«Даму» қорының қамқорлығы
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге негізгі 3 құрал бойынша қолдау көрсетіп келеді. Олар – жеңіл несие, кепілзат жеткіліксіз болған кезде қарызға ішінара кепілдік беру және пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Биыл қор ауқымды трансформациядан өтіп жатыр.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге үйреншікті құралдар сақталып қалды. Бірақ, олардың ішкі құрылымы сапалы түрде өзгерді. Осылайша, олар жылдам жұмыс істеп, жақсы нәтиже береді. Қор нарықтық емес қолдау механизмдерінен неғұрлым тұрақты және ұзақ мерзімді шараларға біртіндеп көшуде, – депатап өтті «Даму» қоры Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Мұхамед Абдулин.
Мәселен, биыл маусым айында «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралына тиімді баламасы болмақ және кәсіпкерлердің қаржыны кідіріссіз алуына мүмкіндік береді. Шарттары да ыңғайлы. Мерзімі 10 жылға дейін. Осы уақыт ішінде 12,6%-дық мөлшерлеме өзгермейді. Облыста осы бағдарлама арқылы жыл басынан бері жалпы несие сомасы 18,3 млрд теңге болатын 66 жоба қолдау алды.
Кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен құны 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден асатын жобалар үшін екі «Кепілдік қоры» іске қосылды. Енді кәсіпкерде кепілмүлік тапшы кезде «Даму» қоры жобалар үшін 7 млрд теңгеге дейінгі қарыз алардағы портфельдік кепілдікті өте қысқа мерзімде, яғни, 2 жұмыс күні ішінде береді. Кепілдік несие сомасының 85%-на дейін, бірақ, 3,5 млрд теңгеден аспайтын соманы жабады. Несие, лизинг мәмілелері және келісімшарттарды орындау кезінде пайдалануға болады.
Кеншілер өлкесінде 2025 жылдың 9 айында несие сомасы 20,5 млрд теңгелік 116 кепілдік шартқа қол қойылды. Оның ішінде, қордың кепілдігі 13,7 млрд теңгені құрады. Жобалардың ең үлкен үлесі өңдеуші өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және сауда саласына тиесілі.
Сондай-ақ, жыл басынан бері «Даму» қоры өңірде несие сомасы 19,7 млрд теңге болатын 81 жаңа жобаны субсидиялау құралы аясында қолдады. Салалық құрылымда өңдеуші өнеркәсіп пен басқа да өнеркәсіп түрлері (49%), басқа да қызмет түрлері (24%), көлік және қоймалау саласы (9%) жетекші орын алады.
– Мемлекеттік қолдау құралдары шағын және орта бизнесті дамытуға, олардың өсіп-өркендеуіне және жұмыс орындарының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Кәсіпкерлердің табысы – бұл өңірлік экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасының артуы, – деп толықтырды Мұхамед Абдулин.
Өндірістік әлеуетін кеңейтуде
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсететін бір жарқын мысал – «Sigma Corporation» ЖШС. Бұл – еліміздегі кабельдердің барлық түріне арналған муфталарды өндіретін жалғыз кәсіпорын. Бұл муфталардың қолданылуы монтаж жұмыстарының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. 2010 жылы құрылған кәсіпорын инновациялық идеяларымен, өнім сапасымен, сонымен қатар, әр қызметкер үшін берілетін әлеуметтік кепілдіктерімен ерекшеленеді.
Қазір компанияда 50-ден астам адам жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау бұл кәсіпорынға да ерекше серпін берді. 2023 жылы «Даму» қоры айналым қаражатын толықтыруға берілген несиенің жылына
13,25%-ын субсидиялады. Бүгінде «Sigma Corporation» ЖШС аймақтық қана емес, одан тыс жерлердегі өнеркәсіптік кәсіпорындарды да сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауының арқасында «Sigma Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өндірістік базасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алды. Атап айтқанда, компаниямызға екі жаңа технологиялық желіні іске қосуға арналған заманауи жабдық сатып алдық. Қазіргі уақытта бұл желілерді өндірістік циклге енгізу мақсатында орнату және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр, – деп атап өтті компанияның коммерциялық директоры Ксения Русакова.
Компанияның 2026 жылға жоспары ауқымды. Солардың қатарында жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын жаңа өндірістік цех салу жобасы бар. Бұл цехтың іске қосылуы өндіріс көлемін едәуір ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім құрамындағы отандық қосалқы бөлшектер мен материалдардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа нысан арқылы компания кабель муфталарын жа- саудағы ішкі нарықтағы өз үлесін кеңейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға елеулі үлес қоспақ.
Бір айта кетерлігі кәсіпорын шығаратын өніміне пайдаланатын шикізатының басым бөлігі отандық. Ұжым – ымыра бірлікте еңбек етіп жатыр. Ыңғайлы, жылы әрі жарық бөлмелерде жұмыс та қарқынды жүруде. Әркім өз жұмысын біледі. Шикізатты ыңғай лаудан бастап, өнім дайын болып, ұқыпты қораптарға жиналып, қор сақтайтын қоймаға түсіп, одан арнайы техника арқылы жүк көлігіне тиеліп, тұтынушыға жеткенше жұмыс бірнеше сатыдан тұрады. Әркім өз жұмысына мығым. Мұнда жауапкершілік пен кәсібилік бірінші орында. Өйткені, мұндағы муфталар ең маңызды деген нүктелерге, жауапты ірі кәсіпорындарға пайдалануға жіберіледі. Жібермес бұрын сынақтан өткізетін арнайы орын да бар…
Арқаға тараған жылу
Өңірдегі табысты жобалар қатарында «Котлы KZ» ЖШС компаниясын ерекше атап өтуге болады. 2007 жылы Андрей Березин өзінің үйі үшін алғашқы қазанды ескі су багынан жасап шықты. Қазандық сәтті шықты. Кейін көршілер де сондай қазандық жасап беруін өтінді. Одан кейін достары. Осылайша, өмірге жол тартқан идея уақыт өте келе мықты қазақстандық брендке айналды. 2013 жылы компания заңды тұлға ретінде тіркеліп, бизнеске ұлы Данил Березин қосылған.
Бүгінде ол компанияның бас директоры. Әкесі өндірісті басқарады, ұлы – стратегия мен дамуға жауапты. Олар бизнесті ешқандай инвестициясыз, тек қолдағы білім, еңбек және табандылықпен бастағанын атап өткен жөн. Қазір «Горняк» автоматты қазандықтарын шығаратын кәсіпорын өндірісімен, ел аумағындағы филиалдарымен, маркетплейстердегі сатылымдарымен танымал.
Сондай-ақ, өнімін Ресей мен Қырғызстанға экспорттайтын компания. Өнім желісінде көмірмен, газбен және электрмен жұмыс істейтін қазандықтар, монша және тұрмыстық пештер, сорғылар, автоматика, түтін шығару жүйелері мен UPS құрылғылары, компанияның өз патенттері және Германиядан әкелінген KUKA дәнекерлеуші роботы бар.
2023 жылы, «2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында, компания «Bank RBK» АҚ арқылы өндірістік ғимаратты сатып алу мен жөндеуге және қазандықтар шығаратын жабдық сатып алуға несие алды. Қор жылына 12,75% мөлшерлемесін субсидиялады. Березиндер әулетінің табанды еңбегі мен іскерлік көзқарасының нәтижесінде қалыптасқан бұл кәсіпорын бүгінде 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың басым бөлігі – облыстың жергілікті тұрғындары.
Бүгінде жылына 15 000- нан астам жылыту құрылғысын шығаратын өндірістік кешен үш ірі цехтан тұрады. Цехтарда қазандықтардан бөлек, су жылытқыштар, вентиляциялық жүйелер, автоматика жабдықтары,
сорғылар және жылытуға қажетті басқа да элементтер өндіріледі. Барлығы – заманауи еуропалық стандарттарға сай.
– Бұл кәсіп – отбасымыздың өмірлік философиясына айналды. Әкем алғаш 2007 жылы өз қолымен жасап шығарған автоматты қазандық тек жеке үйімізді жылыту үшін керек болды. Бірақ, оны көрген таныстар мен көршілер сұрай бастады. Кейін сұраныс арта берді. Ең алғашында біз айына 2-3 дана ғана жасап шығарсақ,
қазір күніне 60-70 дана өндіреміз. Бұл – ұзақ жылдар бойы жиналған тәжірибе мен сенімді команданың
нәтижесі. Бұл бизнесті жай табыс көзі ретінде ғана емес, отбасылық дәстүр ретінде қабылдаймын. Сол себепті, сападан ешқашан бас тартпаймыз. Бізге сенетін тұтынушылардың сенімі – біздің ең үлкен капиталымыз, – дейді компанияның қазіргі бас директоры Данил Березин.
2013 жылы жеке шеберханаға айналған зауыттың кеңеюінде қаржылық тұрақтылық пен стратегиялық жоспарлау шешуші рөл атқарды.
– Бизнес өсіп, өндіріс ұлғайған сайын кеңістіктің жетіспеуі, инфрақұрылымның әлсіздігі кедергі бола бастады. Бізге өзіміздің толыққанды өндірістік кешен қажет болды. Осы тұста «Даму» қоры мен RBK банк жан-жақты қолдау көрсетті. Несиелік бағдарлама арқылы біз жеке цехтарға көшіп, барлық өндірісті бір нүктеге шоғырландыруға мүмкіндік алдық. Бұл логистикадан бастап, өнім сапасына дейінгі барлық процесті 30% тиімді етті. Бетонды еденге дейін қайта құйдық. Бұл сырт көзге қарапайым шешім болып көрінгенімен, өндірістік тиімділікті 20%-ға арттырды. Яғни, мемлекеттің қолдауы – бизнес дамуының тірегі», – дейді кәсіпорын басшысы.
Автохимия өндірісіндегі өріс Қазақстанда табысты дамып келе жатқан бизнес жобалардың қатарында «WEC Trade» ЖШС-ін де айрықша атап өтуге болады. Компания өз қызметін 2016 жылы жеке автожуу кешеніне арналған автохимия өндірісінен бастаған. Сапалы әрі қауіпсіз өнім шығаруға деген ұмтылыстың арқасында компания жылдам қарқынмен дамып, тұрмыстық химия нарығына шықты «WEC Trade» экологиялық таза және тиімді жуу құралдарын өн- діруге маманданған. Өнімнің ерекшелігі – компанияның авторлық рецептуралары, биоыдырайтын компоненттер және агрессивті заттардан бас тартуы. Компанияның өнімдері халықаралық стандарттарға сай келеді, денсаулыққа қауіпсіз және балалары бар отбасыларға қолдануға жарамды. Өнімнің 90-ға жуық түрі бар. 2025 жылы жоба «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында жылдық 12,6% мөл- шерлемемен 120 миллион теңгеге қаржыландырылып, ал, жеткіліксіз кепілзатты қамтамасыз ету үшін «Кепілдік қоры – 1» бағдарламасы арқылы қордан 29 миллион теңге көлемінде кепілдік берілген. Қордың қолдауының арқасында кәсіпорын өндірістік қуаттарын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашты және өңір экономикасының дамуына үлес қосып отыр. Аталған қолдаудың нәтижесінде компания заманауи өндірістік технологияларды енгізіп, ТМД елдеріне экспортқа шыққан. Сонымен қатар, «WEC Trade» клинингтік шешімдерді де белсенді дамытып, Қазақстанда заманауи, экологиялық өндірісті қалыптастыруға өз үлесін қосуды жалғастырып келеді. «WEC Trade» – тұрмыстық химия өндіретін қазақстандық компаниясының Қарағандыдағы зауыты толық циклмен жұмыс істейді. Өнімдері Wildberries, Ozon маркетплейстерінде ұсынылған.
– Біз бәрін өндіреміз. Кір жуатын гельден бастап, унитаз жууға арналған құралға дейін. Біздің ассортиментте сабын желісі де, үйді толық тазалауға арналған құралдар желісі де бар. Барлық құралдар адам денсаулығы мен табиғат үшін қауіпсіз. Бағаларымыз өте қолжетімді. Өзіміздің химиялық зертханамыз бар. Өндірісіміз қаланың дәл ортасында орналасқан. Өнімдерімізді бүкіл облысқа және шетелге де жеткіземіз. Айына шамамен 120 тонна өнім шығарамыз.
Қарағанды, Алматы, Жезқазған және Астана қалаларында қоймаларымыз бар. 50-ден астам адам жұмыс істейді, – деп атап өтті компанияның маркетологы Дина Беделбаева.
Мәселен, жуырда облыс орталығында асфальтқа тамған сияны және жасөспірімдердің велосипед теуіп жаттығатын алаңындағы іздерді кетіру үшін арнайы сұйықтықты комания мамандары екі апта ішінде ойлап тауып, ұсынған.
Түйін
Жоғарыдағы үш кәсіпорын – нақты өндірісті, жаңа технологияларды, бәсекеге қабілеттілікті көрсететін табысты мысалдар. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, отандық өнімнің сапасын жаңа деңгейге шығарып отыр. «Даму» қоры қаржы ұсынушыинститут бола отырып, жүйелі дамуға бағытталған әр кәсіпкердіңсеріктесі. Президент тапсырмасына сай атқарылып жатқан бұл жұмыстардың басты мақсаты – шағын және орта бизнесті қолдаудың нарықтық әрі ұзақмерзімді моделін қалыптастыру. Яғни, «Даму» қорының трансформациясы мен ел Президенттің кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі саясаты бір бағытта тоғысып отыр.
Бұл экономикалық даму стратегиясының нақты жүзеге асып жатқанын аңғартады. Қарағанды облысы мысалында көрініс тапқан бұл бастамалар – Қазақстанның индустриялық және кәсіпкерлік болашағының негізі.
Жәлел ШАЛҚАР
“Ortalyq Qazaqstan“