Бизнестегі аруларға – «Үміт» бағдарламасы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деп әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына, еңбек құқығының сақталуына жағдай жасауды тапсырған. Елімізде әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, құқықтарын қорғау бағытындағы жобаларға қолдау көрсетілуде. Жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдер бизнесін қаржыландыратын «Үміт» бағдарламасына 10 миллиард теңге бөлді.
«Үміт» бағдарламасы кәсіпкер бизнесін дамыту үшін мол мүмкіндік ұсынады. Бағдарлама аясында Қазақстанның барлық өңірі, соның ішінде, ауыл, шағын және моноқалалардағы кәсіпкер әйелдер екінші деңгейлі банктер арқылы несие алады. Инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға берілетін несиенің мерзімі – 84 айға дейін. Шекті сомасы – 100 миллион теңге. Қолдау экономиканың барлық секторын қамтиды. Тек қаржы және сақтандыру саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және көтерме-бөлшек сауда ғана кірмейді.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында аруларға «Даму» қоры Еуропа қайта құру және даму банкімен (EBRD) әріптестігі аясында тегін оқу курстары мен тренингтер ұсынады. Бұл халықаралық ұйыммен бірлескен бағдарлама кәсіпкер әйелдерге бизнесті басқару және нарықтағы табысты бәсекелестік үшін қажетті кәсіби машық, білім мен құралдарға ие болуға мүмкіндік береді.
– Үкімет Қазақстандағы шағын және орта бизнесті, оның ішінде, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөледі. Шағын және орта бизнес иелері құрылымындағы әйел кәсіпкерлердің үлесі «Даму» қоры қолдаған жобалардың жалпы санының 47%-ына жетті. Қор жұмыс істей бастаған уақыттан бері әйел кәсіпкерлердің 96 мың жобасына 2 893 млрд. теңге сомасында қолдау көрсетті. Бизнестегі арулар бизнес-идеяларын жүзеге асыру, компаниясын дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін берілген мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатыны қуантады, – деп мәлімдеді «Даму» қорының Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz