Жаңалықтар

Бизнеске қолдау бар

Кәсіпкерлер палатасы жылдық төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша әйел кәсіпкерлерге берілетін 5% -дан 7% -ға дейінгі жаңа несие жөнінде түсіндірді. Жеңілдікті қаржыландыру «Атамекен» ҚР ҰКП және Іскер әйелдер кеңесі, Еуразиялық топ (ERG) және «Қазақстан Халық банкі» арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асты. Банк келісімге сай әйелдердің бизнес жобаларын дамыту және қолдау мақсатында 1 млрд. теңге бөлмек.

Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Жанаргүл Құлмағамбетова кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтты. Төраға облыс кәсіпкерлеріне микрокредит беру барысына тоқталды. Жеке бизнесін бастауға ниетті нәзік жандылар кездесу барысында бизнес бастау, заңгер кеңесіне жүгіну, кедендік қолдау, салық төлеу секілді өзекті мәселелерді ортаға салды.

– Бүгінгі таңда палатаға 20-дан астам өтінім келіп түсті. Оның 5-еуі банк қарауында тұр. Кәсіпкерлер балалар студиясы мен балабақша, сұлулық салоны, ателье ашу және кеңейту үшін несие алады, – деді Жанаргүл Жұмабайқызы

Атап айтсақ, несиені жаңа бағдарлама бойынша шағын бизнес субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар, шаруа немесе фермерлік шаруашылықтар ала алады. Алайда, шарт бойынша субъект бұрын экономикалық қылмыстар мен мүліктерге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болуы керек.

Төрағаның сөзіне сүйенсек, әйел кәсіпкерлерге 10 млн. теңгеге несие 24 айға дейін (қоса алғанда) беріледі. Несие берудің жоғары мерзімі – 84 ай, ал банктің сыйақы мөлшері – 7%.

Банк кепіл ретінде жылжымайтын мүлікті қабылдайды. Кепілдік қамтамасыз ету құны несие сомасын қамтымаса, мысалы, «Даму» Қорының кепілімен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, ұсынылатын құжаттар пакетінде (қарыз алушының мүддесі үшін) несие алу мүмкіндігі, бизнес жоспар құруға кеңес беріледі. Онда кәсіп бастаушы жобаның артықшылықтарын есептейді. Сондайақ, курстармен тегін танысып, бизнес-жоспарды қалай дұрыс жасау керектігін үйренеді.

«Кәсіпкерлер, алдымен, өз бизнесін және жақсы ойластырылған идеясын нақты түсінуі қажет. Біз әйелдердің несие бойынша бизнес-жоспарын 10 күн аралығында дайындаймыз. Қазір жұмыс барысында 25 жоба бар, қалғандары банкке жіберілді», – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының маркетинг жөніндегі кеңесшісі Елена Ташони.

 Сондай-ақ, несие алуға барлық жастағы әйелдер өтініш бере алады. Ең бастысы таңдалған бизнес саласындағы тәжірибесі алты айдан кем болмауы керек. Бұл – кәсіпкер азаматшаның жоспары нақты түсінікке ие екендігін растап, шоттарды жүргізу барысын, клиенттермен жұмыс жасау қабілетін көрсетеді.

Кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің мамандары кәсіпкер әйелдер қызығушылық танытқан барлық сұрақтарға жауап береді. Халық банкінің жарнамалық бағдарламасы бойынша несиені алу үшін Кәсіпкерлер палатасына (Қарағанды қ. Ермекова 29, үшінші қабат – 317 кеңсе) өтініш бере алады. Акция жыл аяғына дейін жалғасады.

Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button