Бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер
2023 жыл шағын және орта кәсіпкерліктің іскерлік белсенділігінің өсуімен ерекшеленді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны 6,6%-ға өсіп, 99 190 бірлікке жетті. Көрсеткіштің өсуі облыстың барлық өңірлерінде байқалады.
ШОБ-та жұмыспен қамту 5,1%-ға, атап айтсақ, 237,1 мың адамға дейін ұлғайып, облыстағы барлық жұмыспен қамтудың 43%-дан астамын қамтамасыз етті. ШОБ субъектілері 1,9 трлн. теңгеге өнім шығарып, қызметтер көрсетті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 19,7%-ды құрады, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,4 пайыздық тармаққа артық. Бұл сандардың артында қолайлы бизнес ахуал құру мен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бойынша атқарылған үлкен жұмыс тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және Қазақстан Республикасының Салық кодексіне енгізілген түзетулер шеңберінде 2023 жылғы маусымда 190 қызмет түрі бойынша бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету бойынша өңірлермен жедел де кешенді жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде бөлшек салық бойынша салық төлеушілердің саны 6 есеге, ал, бюджетке салық түсімдері 18 есеге өсті. 2024 жылғы қаңтардан бастап, бөлшек салық бойынша қызмет түрлерінің тізбесі 190-нан 364-ке дейін кеңейтілді. Бұл жаңалықтар кәсіпкерлік белсенділікке оң әсер етіп, бизнеске салынатын салық пен әкімшілік жүктемені азайтады.
2023 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және өңірлік бағдарламалар шеңберінде бизнесті қаржылық қолдауға 23 млрд. теңге бөлінді, бұл 58 млрд. теңгеден астам несие сомасына 5,5 мың ШОБ жобасын қаржыландыруға соны мүмкіндік берді. Ең тиімді және сұранысқа ие құрал болып субсидиялау тетігі болып табылады. Оны кәсіпкерлердің 65%-ы (3,6 мың жоба) пайдаланды. Салалық бөліністе қарайтын болсақ, жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 25% құраса, сауда – 20% және көлік – 15%-ды құрайды.
Кәсіпкерлердің несиелік ресурстарға қолжетімділігін кеңейту және қамтамасыз ету мақсатында кепілдік беру құралы іске асырылуда. Ол бойынша 400-ге жуық жоба қаржыландырылды. Жаңа бизнес-идеяларды гранттық қаржыландыру да жүйелі негізде жалғасын тапты. 2023 жылы жас кәсіпкерлерге Қарағанды облысы әкімінің 50 гранты (әрқайсысы 2 млн. теңгеден), қалалар мен аудандар әкімдерінің 129 гранты (орта есеппен 1,2 млн. теңгеден), Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 212 грант және 30 грант (5 млн. теңгеге дейін) берілді. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша ауылдық елдімекендерде тұратын жастарға және бизнес жобаларға 2,5% жеңілдікпен шағын несие беру басталды. Барлығы 1 мыңнан астам жоба шағын несиелендірумен қамтылды.
2023 жылдан бастап экономиканың басым секторларында моноқалалар мен облыс орталығының кәсіпкерлері үшін «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы басталды. Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 млрд. теңгені құрады. Бұл қаражатқа 41 жоба қаржыландырылды. Жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі, жеңілдікпен несиелеу есебінен лак-бояу өнімдерін, темірбетон конструкцияларын, кондиционерлерді, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өнімдерін өндіру өндірісі кеңейтілді. Бағдарламаны іске асыру есебінен сервистік экономика дамуда: фитнес-клубтар, фотосалон және мейрамхана ашылды. Нәтижесінде 52 жаңа жұмыс орны құрылды, өңір экономикасына 1,3 млрд. теңге бюджеттік инвестиция салынды.
Қаржылық емес қолдау да бизнес үшін сұранысқа ие. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 2,7 мыңнан астам кәсіпкер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа 9,5 мың ақпараттық-консультациялық офлайн қызмет көрсетті. 1 мыңнан астам кәсіпкер сервистік қолдау қызметтерін пайдаланды, 509 әйел Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында консультациялық және оқыту қызметтерін алды және 44 кәсіпкер «Кәсіпке бағыт» жобасы аясында оқытылды.
Бизнесті мемлекеттің бақылау-қадағалау функцияларымен таныстыру, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз қызметті ұйымдастыру мақсатында 2023 жылғы 28 қыркүйекте бақылау-қадағалау органдарының бизнес алдындағы жыл сайынғы бірыңғай есеп беру күні өткізілді. Іс-шараға барлығы 150 адам қатысты.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жалғасуда. Өткен жылы біздің үш компанияға әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мәртебесі берілді («Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ, «Балқаш ОӨК» ЖШС, «Wonder Kid» түзету және даму орталығы» ЖШС, «Талер Е.А.» ЖК). Бизнес ахуалды жақсарту, кәсіпкерлер үшін жаңа өсу нүктелерін ашу мақсатында 2023 жылғы желтоқсанда «Qaragandy Business 2023» форумы өткізілді.
Сауда саласы облыстың экономикалық өсуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жыл қорытындысы бойынша ішкі сауда көлемі 2022 жылға қарай 7,8% өсіммен 3,8 трлн. теңгеге жетті. Оның ішінде бөлшек тауар айналымының көлемі 4%-ға (1,5 трлн. теңге) және көтерме 10,2% (2,3 трлн. теңге) өсті. Сауда және қызмет көрсету жаңа нысандарының құрылысы жалғасты. Мәселен, 2023 жылы 107 жоба іске асырылып, 24 млрд.теңге инвестиция тартылды, 582 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, сауда саласын қолдау Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның қаржы құралдары шеңберінде жүзеге асырылады. Барлығы 2,3 млрд. теңге несие сомасына 135 жоба субсидияланып, кепілдендірілді.
Кәсіпкерліктің дамуына туристік сала үлкен серпін берді. 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша орналастыру орындары санының 2,2%-ға (235 бірлік) және туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемінің 26%-ға (5,0 млрд. теңге) ұлғаюы байқалады. Облысқа барлығы 284 мың турист келді. Бұл ұқсас кезеңмен салыстырғанда 28,1%-ға жоғары. Осы орайда ішкі туризмнің өсу үрдісі сақталуда, өсім 27,8% (271,1 мың адам). Шетелдік қонақтар тарапынан да қызығушылық артуда, өсім 36,3% (12,8 мың адам). 2023 жылы туризм саласында 1,7 млрд. теңге инвестиция сомасына 8 жоба іске асырылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 3 санитарлық-гигиеналық торапты ұстау субсидияланды (Бұқар жырау ауданы – 2, Саран қаласы – 1). Сондай-ақ, туризм саласында 1,4 млрд.теңге сомасына 46 жоба субсидияланды және кепілдендірілді. Туризмді насихаттау мақсатында 2023 жылы Балқаш пен Қарқаралыда ақпараттық турлар өткізілді, Шет ауданындағы «Талды» халықаралық фестивалінде қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды, Қарағанды облысының жаңа https://visitkaragandyregion.kz/ туристік порталы әзірленді.
2023 жыл бірқатар шет елдердің ресми өкілдері тарапынан қызығушылықтың жоғары болуымен ерекшеленді. Облысқа Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Еуропалық Одақ, Татарстан, Башқұртстан, Ирак, Беларусь, Ресей және Өзбекстан елшіліктерінің өкілдері келді. Осы кездесулер аясында экономиканың барлық салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Ал, 2024 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, сауда мен туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.
Дастан ҚҰДАБАЕВ,
облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы.