Бизнес пен ғылым тізе қосуы керек
Бүгінгі таңда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі АҚШ пен Аустралия сияқты елдерде сыналған, сондай-ақ Еуропалық одақ елдерінде қолданылатын дәлме-дәл егіншіліктің тәжірибесін қабылдап жатыр.
Бұрын отандық аграрлық ғалымдар мен фермерлер тәжірибе жинау үшін мұхит асуға мәжбүр болса, қазір елімізде дәлме-дәл егіншіліктің үш көрсеткіштік тәжірибелік полигондары бар. Полигондардың біріншісі – Алматы облысындағы «Қаскелең агропаркі», екіншісі – Ақмола облысының Шортанды ауданында, үшіншісі – Қостанайдағы «Заречное» тәжірибе шаруашылығы базасында орналасқан. Өсімдік шаруашылығы саласындағы бұл ғылыми полигондарды құрудағы негізгі мақсат – қарапайым фермердің өмірін барынша жеңілдету.
Аталған инновациялық жоба аграрлық секторды алға бастыруға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниевтің айтуынша, қазір кез келген фермер осы полигондарға барып тәжірибелік жұмыстарды өз көзімен зерделеп, себу технологиясын игеріп, жаңа комбайндар мен тракторларды пайдаланып көре алады. Министрлік осыған ерекше назар аударып отыр. Арман Евниев бұл туралы:
-
Біздің ойымызша, бизнес пен аграрлық ғылым тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс. Ғалымдарға арнайы өтініш айтып, шаруаларға озық технологиялар туралы ғана емес, экономиканың жай-күйі жайлы да айтып беруді тапсырдық. Мәселен, егіншіліктің жаңа түріне кеткен шығындар қаншалықты ақталады? Сатып алынатын датчиктер мен құрылғылар, қосымша жабдықтар несімен тиімді? Осының бәрін фермерлер білгені дұрыс. Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен смарт-фермалардың қолданылу аясы кеңеюге тиіс. Полигонға келген фермерлер өздері ғана үйреніп қоймай, алған білімдерін басқа фермерлік шаруашылықтарға үйрете алатындай дәрежеге жетуі керек, – деп түсіндірді.
Бұршақ тұқымдастардан табыс көп түседі
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысындағы «Қаскелең агропаркінің» жұмысын егжей-тегжейлі таныстырған болатын. Шілде айында өткен Дала күні аясында агропарк аумағында америкалық John Deer компаниясының «пилотсыз» комбайны көрсетілгені белгілі. Бұл туралы бұған дейін хабарлағанбыз. Алайда, сол жолы Алматыдағы агропарктің негізгі қызметі отандық БАҚ-тың назарынан тыс қалғандай көрінді. Әйтпесе, агропаркте қолға алынған соны бастамалар, аграрлық секторы дамыған елдердің тәжірибесінен алынған инновациялық жаңалықтар аз емес.
Жалпы, «Қаскелең агропаркінің» негізгі жұмысы бидай мен арпа, соя және жүгері сияқты сұранысқа ие дақылдарды өсіру бойынша жаңа технологияларды қолдануға бағытталған. Агропарктің бас технологы Андрей Агеенконың айтуынша, кешен аумағында жаздық арпаның гектарынан 50 центнерден артық өнім беретін сұрыптары бар екен.
Алматы полигонында сояның да көптеген отандық және шетелдік сұрыптары ұсынылған. Мысалы, жергілікті «Ласточка» сұрыбын алайық. Андрей Агеенконың айтуынша, парк алаңдарында сояның осы түрі жоғары өнім береді, көрсеткіш әр гектардан 40 центнерден төмен емес.
– Егер егістік алқабына назар салсаңыз, сұрыптардың ерекшелігі түстерінен-ақ көрініп тұр. Гүлі, жапырағы, пішіні әртүрлі. Еуропалық селекцияда жеке ұсынылған Италиядан әкелінген «Луна» сұрыбы, әр гектардан 60 центнер өнім беруге тиіс, осы көрсеткішке жақындап қалдық, – деген А.Агеенко сояның сұрыптары туралы айтып берді.
Полигонда жүгері мен соя егуде нөлдік технология элементтері қолданылады. Нөлдік технология дегеніміз − себер алдында топырақты өңдемеумен байланысты. Мәселен, пішен қалдықтары жауын-шашынды толық сіңіріп алатын, алқаптың бетін құрсайтын материал ретінде қолданылады. Суарылмаған, өңделмеген алқапта төселіп жатқан сабанды көтеріп қарасаңыз, астында жауынқұрттар жүргенін көресіз. Яғни, топырақ сумен өңделмесе де, «дем алған», тірі ағза деген сөз. Пішен қалдықтары топырақты қызып кетуден және ылғалдың тез буланып кетуінен сақтайды.
-
Суарылатын жердегі соя мен жүгерінің өнімділігі орта есеппен гектарына 3 тоннаны құрайды, ал суарылмайтын учаскелерде әр гектарға шаққанда шамамен – 1,7-1,8 тонна шамасында. Бірақ, екеуінің тиімділігі бірдей. Біріншіден, әр гектардың пайдалы әсер коэффициенті, яғни, пайдасы артады. Егер бидайдан түсетін түсімнің айналымы гектарына 100 мың теңгеден аспаса, бұршақ тұқымдастарды еккен жағдайда бұл көрсеткіш 200 мың теңгені құрайды. Екіншіден, суарылмайтын жерлердегі соя, жүгері алқаптарының аумағын айтарлықтай ұлғайта аламыз, – дейді А.Агеенко.
«Қаскелең агропаркі» аумағында жаңа мал шаруашылығына қажетті азық дақылдары да бар екенін айта кету керек. Төрт түлікке жемшөп әзірленетін жүгерінің түрлері құрғақшылыққа төзімді, құрамында пайдалы элементтер көп.
Агроғылымға ақша фермерлер арқылы жетеді Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми полигондардың жұмысын республика көлеміне таратуға ниетті. Алдағы уақытта осы жұмысқа еліміздегі үш аграрлық университеттің студенттерін тарту жоспарланған. Тәжірибелік полигондардағы «пилотсыз» комбайндар, пилотсыз ұшу аппараттары – дрондар белсенді түрде пайдаланылады, алаңдардың рентгені кеңінен қолданылады. Бұл инновациялар ауыл шаруашылық саласын дамытуға, өнімділікті арттыруға, шығынды азайтуға ықпал ететіні түсінікті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев:
– Әлем автоматтандыруға және цифрлы жүйеге көшіп жатыр. Елімізде жыртылмаған, бос жатқан ауылшаруашылық жерлері көп. Бүгінгі таңда параллель жүргізілетін комбайндар отын және жалпы шығындарды азайтуға ықпал етеді. Егістік және өңдеу техникасы, компьютерлік бүріккіштер шығындарды үнемдейді, қажетті жұмыс қолын азайтады. Себебі озық техникалар жерсеріктік координаттар, GPS жүйелер және басқа датчиктер арқылы адам күшінсіз, өздігінен жұмыс істей алады. Қажет кезде ғана суландыру жүйесі іске қосылатын заманауи суару жүйелері де сол сияқты. Бізге отандық ауыл шаруашылығын сапалы жаңа деңгейге шығару керек. Ал бұл үшін ең алдымен, өз сана-сезімін өзгертіп, жаңа технологияларды қолдануға дайын адамдар қажет, – дейді. Яғни аграрлық университеттің студенттерінен осы талаптарға жауап беретін маман әзірлеген жөн.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, егер фермерлер жұмыс істеп тұрған инвестициялық субсидиялау бағдарламасын пайдаланып озық техника, заманауи құрал-жабдықтарды алатын болса, мемлекет оның шығындарының 25 %-ін өтеп беруді жоспарлап отыр. Жыл сайын тұтас топырақты өңдеу үшін сол гербицидтерге ақша жұмсауға болады, не болмаса осы препараттардың шығынының көлемін 90%-ке қысқартып, үнемделген ақшаға компьютерлік бүріккіштер алуға болады. Бұл бүріккіштер фотоэлементтердің арқасында арамшөптерді ажырата алады, сөйтіп арамшөп бар жерге ғана арнайы ерітіндіні бүркеді. Яғни осы жұмыстың өзінен қыруар қаржыны үнемдеуге болады екен.
– Бүгінгі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде осы технологияны бірнеше жылдан бері қолданып келе жатқан компаниялар бар. Мәселен, «Атамекен Агро» компаниясы басшылығы 6-7 жыл бойына осы технологияны қолданып, жалпы шығынды 25%-ке дейін төмендеткенін, осы технологияны әдістемелік енгізудің арқасында табыс көлемі айтарлықтай өскені туралы айтты, – деді А.Евниев.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі осы ведомстводағы ахуал туралы баяндай келіп, бүгінде аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі жеткіліксіз деп санайтынын айтты. Мәселен, 2018 жылы осы мақсатқа бас-аяғы 5,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржы 23 ғылыми-зерттеу институттың жұмысын жүргізуге, ғалымдардың еңбекақысын төлеуге, зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға, дамыту жобаларына, тағы басқаларына жұмсалады екен.
– Бұл көрсеткіш Қазақстанның ауыл шаруашылығының ІЖӨ-сінің 0,12 процентін ғана құрайды. Салыстыру үшін мынаны айтайын, ауыл шаруашылығы дамыған АҚШ, Канада, Аустралия, Франция, Германия және Нидерланды сияқты елдер агроғылымды қаржыландыру нормативін ауыл шаруашылығының ІЖӨ-сінің 1-3 процентке дейінгі аралығында бекітеді. Біздің аграрлық ғылымға үнемі сын айтылатындығы түсінікті. Өйткені қаржының аздығына байланысты білікті кадрлар басқа салаға кетіп жатыр. Жастар АӨК саласында ғылыми қызметпен айналысуға қызықпайды. Біз осы ахуалды оңалту үшін биыл технологиялық полигондар құру идеясын қолға алдық. Осы арқылы ғалымдарға бұл салада оң өзгерістер болатынын, олардың еңбегі сұранысқа ие екендігін айтқымыз келді. Үкімет министрліктің ұсынысын қолдап, тиісті шешім қабылдады, қосымша шамамен 10 млрд теңге бөлінді. Қаржының негізгі бөлігі осы үш стационарлық полигонды іске қосуға, сонымен қатар үш аграрлық университетті қолдауға бағытталып отыр, – деді А.Евниев.
Ауыл шаруашылығы бірінші вицеминистрінің мәліметінше, 2021 жылға қарай аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің ең болмағанда 0,5%-іне дейін жеткізілуі тиіс деген арнайы индикатор орнатылыпты. Бұл аграрлық ғылымды қаржыландыруды үш есеге арттыру көзделгендігін білдіреді. Қаржыны тиімді игеру, ол нақты өндірушіге – фермерге жетуі үшін министрлік қаржыландыру сызбасын өзгертуді қолға алған.
– Тиісті заңнамалық өзгерістер пакеті жасалып, Парламентке ұсынылды. Депутаттар демалыстан шыққаннан кейін олармен бірге осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Тізбек түбегейлі өзгереді. Жылдан жылға қаржыландыру көлемін ұлғайтатын боламыз. Фермерлерді ғалымдардың қызметін сатып алуға бағыттаймыз. Енді ғалымдар Ауыл шаруашылығы министрлігіне емес, фермерлерге барып, өздерінің технологияларын таныстырулары керек. Егін, өсімдік, мал шаруашылығында өнімді молайтуға, шығынды азайтуға мүмкіндік беретін технологияларды фермерлерге өздері өткізуге тырысқаны жөн, – дейді бұл туралы А.Евниев. Оның пікірінше, ғалымдар фермерлерді ұсынылып отырған инновациялық технологиялардың пайдалы екендігіне көндіре алса, онда фермерлер оны сатып алуы керек. Сол себепті, бөлінетін қаражаттың 85-90 процентінің субсидия ретінде тікелей фермерге, яғни өндіріске жұмсалғаны орынды болмақ.
Қалай болғанда да, аграрлық саладағы бұл өзгеріс ғалымдардың шенеуніктерге емес, фермерлерге көбірек көңіл аударып, олардың сұранысын өтеуге тырысуына ықпал етуі тиіс.
Арнұр АСҚАР.
«Егемен Қазақстан».