Бизнес – мемлекет қолдауымен
Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалымен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында бірқатар бизнес-жобалар мақұлданып, мемлекеттік қолдауға ие болды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасына енгізуге 11 жоба мақұлданды. Машина құрастыру, металл өңдеу, стоматологиялық қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда, мейрамхана бизнесі және мәдени-бұқаралық ойын-сауық бағытында қолдау көрсетілген жобалардың жалпы инвестициялық портфель құны шамамен 1 млрд. теңгені құрады.
Теміртау қаласы кәсіпкерлерінің үш жобасы металл өңдеу және металл құрастыру өндірісін дамытуға бағытталған. 2016 жылы өндіріс көлемі 2000 тонна, яғни, 291 млн. теңгені құраған «Автообъединение» ЖШС шикізат алуға несие сыйақысын субсидиялауға өтініш берген. Жобаның жалпы құны – 60 млн. теңге. Бұл субсидиялау өндіріс көлемін кеңейтуге және үздіксіз жұмыс процесін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ал, Қазақстанның барлық өңірлерін құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететін «АLDI company» ЖШС жобаны тиімді жүзеге асыру мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысуға өтініш жасаған. Жоба құны – 40 млн. теңге. Жобаларды жүзеге асыру арқылы қала мен облыс бюджетіне жылына шамамен 10 млн. теңге көлемінде салық түседі.
Теміртау қаласынан ұсынылған үшінші жоба «Инкар — I» компаниясынан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында құрылысы 2014 жылы салынған, қолданыстағы металл өңдеу цехы бар кәсіпорын, металл бұйымдарды құрастыратын жаңа цехтың құрылысына кіріскен. Айта кету керек, кәсіпорын өзінің дайын өнімдерімен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» сияқты алпауыт кәсіпорындарды қамтамасыз етеді. Ірі тапсырыстармен қатар, кәсіпорын кез келген шағын металл бұйымдарын да шығарады. Жобаны жүзеге асыру аясында жаңадан бес жұмыс орны құрылып, кәсіпорын қызметкерлерінің санын 50-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Жезқазған қаласының кәсіпкерлері де белсенділік танытуда. Өңірден 4 өтініш келіп түскен. Мемлекет қолдауының арқасында қалада әртүрлі бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған екі мәдени-ойын сауық кешені салынады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 3,9 мың шаршы метр заманауи сауда ойынсауық орталығының құрылысы да бой көтереді. Бұл қала тұрғындарына жаңа сауда форматын қолданып, жоғары сападағы қызмет түрлерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Кеңесте қарастырылған жобалардың барлығын үйлестіру кеңесінің мүшелері бір ауыздан қолдады.
Отырыс соңында облыс әкімі кеңесте айтылған мәселелер мен ұсыныстар бойынша облыстың кәсіпкерлер басқармасына бірқатар тапсырмалар берді.
Cалтанат ИЛЬЯШОВА