Ресми

Бизнес бюрократияға жем болмайды

Облыстық әкімдікте Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровтың Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Ұлытау облыстарының бизнес-қоғамдастығы мен мемлекеттік органдарының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Бас тақырып – кәсіпкерлердің негізгі мәселелері мен бизнес ортаның ахуалын жақсарту жолдары.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Жұмыс сапары аясында уәкіл Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті. Кәсіпкерлерді қолдау шаралары, бірлескен жобаларды іске асыру және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың тізгіндеуімен өткен кездесу барысында кәсіпкерлердің өндірістік және сауда қызметіне теріс әсер ететін бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, көмір мен болат өнімдерін экспорттауға қойылған шектеулер кәсіпорындардың дамуын тежеп, өндіріс көлемінің қысқаруына себеп болып отыр­ғаны айтылды. Бұл шектеулер жергілікті өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігіне нұқсан келтіріп, экспорттық нарықтардағы позициясын әлсіретуде. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы әкімшілік кедергілер мен рұқсат алу рәсімдерінің күрделілігі де күн тәртібінде болды. Кәсіпкерлер бұл үдерістердің тым бюрократиялық сипатқа ие екенін және уақыт пен ресурстарды артық жұмсауға мәжбүр ететінін атап өтті.

Ерекше назар алкоголь өнімдерін сату саласындағы мәнді мәселелерге аударылды. Бұл саладағы реттеулердің артық болуы кәсіпкерлер үшін қосымша қиындықтар туғызып, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні айтылды. Осы түйінді түйткілдердің барлығы кәсіпкерлердің еркін әрекет етуіне кедергі келтіріп, бизнестің дамуын шектеп отырған негізгі факторлар ретінде көрсетілді.

– Әкімшілік істер мен қомақты айыппұлдар көбінесе заңнамалық олқылықтардың салдарынан туындайды. Мұндай жағдайлар шағын бизнесті қолдаудың орнына, керісінше, оның дамуын тежейді. Бұл, әсіресе, жергілікті кәсіпкерлер үшін іргелі мәселе болып отыр. Шағын және орта бизнес айыппұлдар мен әкімшілік қысымның салдарынан өз қызметін кеңейтуге мүмкіндік таппай, нарықтағы орнын жоғалту қаупімен бетпе-бет келеді. Біз заңнаманы қайта қарап, реттеуге барынша ұтымды да әділ көзқарас қолдануды күтеміз. Бұл тек кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы өңірлік экономиканың өсуіне де оң ықпалын тигізеді, – деді өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Владимир Быков.

Тағы бір маңызды мәселе – тау­-кен өндірісі саласында қылмыстық жауапкершілікті қолданудағы теңсіздік.

– Қылмыстық кодекстің кейбір баптарындағы айырмашылықтар кәсіпорындарға теңгерімсіз жағ­дай­лар жаратуда. Мәселен, тау­кен өндірісі саласында айқынырақ көрінеді. Мысалы үшін, 156, 277-баптар бойынша қолданылатын жазалардағы теңсіздік бірдей жағдайдағы кәсіпорындарға әртүрлі жауапкершілік жүктеуге әкеледі. Осындай жайттар бизнестің дамуына кедергі келтіріп, аймақтағы экономикалық көрсеткіштің өсуіне кері әсерін тигізеді. Осы баптарды қайта қарау және оларды жетілдіру арқылы біз әділеттілік қағидатын сақтай отырып, кәсіпкерлерге тең мүмкіндіктер қамтамасыз ете аламыз, – деп мәлімдеді «Магнитка Казамета» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің директоры Андрей Витик.

Сондай-ақ, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру саласындағы қайталанатын тексерулер мәселесі қоса талқыланды. Қарағанды филиалының үздіксіз білім беру қауымдастығы директорының орынбасары Гүлжазира Қасенованың айтуынша, аталған тынымсыз тексерулер легі қосымша жүктеме туғызып, жеке балабақшалардың тұрақты жұмысына кедергі келтіретін көрінеді.

Өз кезегінде Қанат Нұров кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және жүйелік кедергілерді жоюға бағытталған бизнес-омбудс­мен тұжырымдамасын ұсынды.

– Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің бизнес-омбудс­менге жүгіну қажеттілігін азайту. Бұл үшін жергілікті деңгейде жүйелік мәселелерді тиімді шешу қажет. Кәсіпкерлер өздерін тол­ғандыратын мәселелерді орталық органдарға жеткізбей-ақ, ай­мақтық деңгейде шешуге мүмкіндік алуы тиіс. Бұл бизнес үшін уақыт пен ресурстарды үнемдеу­мен қатар, аймақтағы инвестициялық ахуалды жақсартуға сансыз септігін тигізеді. Жергілікті мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің сұрақтарына жылдам әрі нәтижелі жауап бере алатындай тетіктерді күшейту қажет. Біздің мақсатымыз – бюрократиялық кедергілерді барынша азайтып, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау, – деп атап өтті спикер.

Кездесу қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында нақты ұсыныстар әзірлеу туралы ортақ шешім қабылданды. Аталмыш ұсыныстар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және бизнес жүргізу шарттарын жақсарту үшін жүйелік шараларды кеңінен қамтиды. Барлық бастамалар тиісті мемлекеттік ведомстволарға жіберіліп, әрі қарай жан-жақты қаралатын болады. Келелі жиын соңында Қанат Нұров журналистер сұрақтарына жауап беріп, кездесуде талқыланған мәселелердің шешілу барысына қатысты жоспарларымен бөлісті. Ол өңірдің экономикалық әлеуетінің жоғары екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің жүйелік мәселелерін шешуге ықпал етуге және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға дайын екенін нақтылады. Бұл қадамдар өңірдегі бизнес-ортаны жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды болмақ.

Кәсіпкерлік – мемлекеттің экономикалық дамуының тірегі. Қарағандыда өткен бұл кездесулер мен пікірталастар – кәсіпкерліктің жүйелік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, бизнес-ортаны жақсарту және әкімшілік кедергілерді жою бойынша қабылданатын шаралар – тек кәсіп иелерінің ғана емес, өңір экономикасының да тұрақты дамуы үшін негіз болады. Қанат Нұров бастаған жұмыс кездесуі нақты мәселелерді анықтап, оларды шешу үшін жүйелі ұстаным қалыптастырудың үлгісі іспеттес. Бұл кездесулер бір ғана диалог­пен шектелмей, өзара түсіністік пен сенімге негізделген серіктес­тікке айналады деп үміттенеміз. Әрбір ұсыныс, әрбір бастама кәсіпкерліктің шарықтауына, өңір экономикасының нығаюына және еліміздің болашағының жарқын болуына ықпал етпек. Өзекті мәселелерді шешу жолында нақты қадамдар жасалып, заңнаманы жетілдіру шаралары қолға алынған кезде ғана, кәсіпкерлер өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады. Бұл кездесудің басты жетістігі – кәсіпкерлер мен билік арасында шынайы және сындарлы диалог орнауы. Жүйелік өзгерістерге жету үшін осындай алаңдарда ұсыныстар әзірленіп, іске асырыла бермек. Бүгінгі талқылаулар мен келелі ойлар – ертеңгі табыс­ты Қазақстанның бастауы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button