Бас тақырып

Біздікі дархандық па, дарақылық па?

«Ortalyq Qazaqstan» газеті қазақ тойының бүгінгі мүшкіл ахуалы турасында талай үн қатқан. Бүгін де сол тақырыпқа қайырылуға тура келіп тұр. Өйткені, «Той десе, қу басы домалайтын», әр сенбі мен жексенбіде тойханаға асығатын жұртпыз. Шашуымыз бен шапан-қамзолымызды, орамалымызды сайлап отырамыз. Осы күнімізден айырмасын, әрине. Қазақ қоғамының бүгінгі жағдайын сол дүбірлеген тойларға қарап бағамдауға болатындай. Анығырақ айтқанда, «Тоймен бірге жасап келе жатқан салт-дәстүріміз тұғырында ма?», «Түпкі мәнінен суыған жоқ па?», «Тіліміз мәйегінен ажырамады ма?», «Кімді қадірлеп, нені төбемізге тұтып жүрміз?», «Қандай құндылықтар төрге шықты?» деген сауалдарға жауап таба аламыз. Жалпы, тойымыз той ма, әлде тобырлық сана салтанат құратын даңғаза ма?

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Тойдағы бейберекет

Бірде дастарқан басында мынадай бір әңгімені естідім. Пәленше деген мырзаның тұңғыш ұлы үйленіп, аста-төк той жасапты. Той тізгінін қыруар қаламақыға «есімі елге дүркіреп тұрған» шоуменге беріпті. Астанадан алдыртыпты. Баяндаушы ақсақал әлгі шоумен той басталысымен 200-ден астам адамның қос қолын көтертіп, бір-біріне массаж жасатқанын айтты.

– Қадірлеп, төбемізге тұтып отырған жасы үлкен құдағиымның иығын сипалау деген не масқара? Өз-өзімізден қысылып, жан-жағымызға қарайлап, жер шұқитындай болып отыр едік, әлгі тентек жанымызға келіп алып: «Сіздер тойға өздеріңізді сүйреп келгенсіздер ме? Көңілдірек отырыңыздар. Әлде кемпіріңіз қызғанады деп қорқып отырсыз ба?», – деді. Қаным басыма шапты. Амалсыздан ала көздеп, жекіп жібердім. Той жасап жатқан ұлымды шақырып алып, «Балам-ау, мынасы несі?», – деп едім, балам «Әке, бәрі дұрыс», – деді де кете барды, – деді ақсақал күйіп-пісіп.

Сондай бір үйлену тойына қонақ болып барып, екі айдан кейін әйелімен ажырасып кеткен ер-­азаматты да кездестірдік. Болған оқиғаны ашып айтып берді. Бірақ, аты-жөнін жазбауды өтінді.

– Ортаға 5 еркек, 5 әйелді шығарып, билететін ойын бар еді ғой. Шоумен «Шықпаймын» деп отырған әйеліме намысқа тиетін сөздер айтып, қолынан сүйреп алып шықты. Мен әдеп сақтап, үндемей отырдым. Өйткені, той иелерін сыйладым. Өзіміздің де отау құрғанымызға екі жылдан енді асқан еді. Бір баламыз бар. Ойынның шарты бойынша, әйелім басқа еркекпен билеуі керек. Мұндай сәтте есі дұрыс еркек өз әйелін қызғанады. Менде де қызғаныш оты лап етті. Оның үстіне эротикалық бидің әуені қосылды. Әйелім тартынды. Бірақ шоумен: «Сіз – өте тартымдысыз. Мына мүсініңізбен билемеу күнә болады», – деген сөзімен ішімдегі отқа май құйғандай болды. Мен ашуымды тежей алмай, орнымнан атып тұрып, әлгінің жағасына жармастым. Әйелімді үстелге елдің көзінше қолынан күштеп сүйреп жайғастырдым. Сол әрекетімнен шу шықты. Тойдың шырқы бұзылды. Сол тойдан басталған кикілжің уақыт өткен сайын асқына берді. Ақыры ажырасып тындық, – деді баяндаушы.

Қызының ұзатуында қуаныштан шалқып тұрған анаға: «Қызыңыздан құтылдым-ау деп қуанып тұрсыз ғой. Қызыңыздың мінезі шатақтау ма еді?» деген асабасымақ бар екен мына Қарағандыда. Сорақысы – дәл осыны елді күлдіртуге арналған «шаблон» әзіл ретінде қолданатын асабалар жетерлік. «Арқаңыз ашық екен. Арқалық қаласынансыз ба?», «Әйеліңіздің мінезі қиындау ма? Басыңыз жылтыр екен», «Үйіңіздегі пердеден көйлек тігіп алғансыз ба?», көп балалы анаға «Бойыңыз шегедей болып мұнша баланы қалай тапқансыз?», «Үйде электр жарығы жиі өше ме?» деген секілді сүйкімсіз, орынсыз «шаблон» қалжыңдар өріп жүр тойларда.

Бір тойда «Алқалаған әлеумет, шалқалаған шәлеумет», «Қанжығалы Қабанбай, бөнжігелі Бөгенбай» деген тіркестерді де естіп жүрміз. Тойды тізгіндеген адам бұл сөздердің дұрыс нұсқасын біле тұрып, әдейі бұрмалады ма, әлде шынымен де білмей, ыңғайымен айта салды ма, белгісіз. Қалай десек те, мұндайды ақтауға болмайтыны анық.

Бұлар біздің құлағымызға жеткендері ғана. Тізе берсеңіз, бұндай сорақы қалжыңдар мен бейәдеп сөздердің, ұяттан бездіретін ойындардың көші ұзын. Тойдың шырайын келтіргеннің орнына, шырқын бұзатын шоумендердің қатары қалың. Өкініштісі – оларға сұраныс өте жоғары. Өз тойында мәртебесінің, абыройының еселенгенін емес, жұрттың алдында мазақ болуды, сол мазаққа көнуді, қонағымен бірге күлуді жөн санайтын той иелерінің, яғни тұтынушының да тарапынан кінәрат бар екенін мойындауымыз керек.

Елу жылдан астам уақыт асаба болған, еліне елеулі, халқына қалаулы болған, бүгінде жас асабаларға жөн нұсқайтын ақсақалға айналған Ақан Шыңғысұлының осыған қатысты пікірін білген едік.

– Тойға шамалы күндер қалғанда той иелерінің шаңырағына барып әулетімен танысамын. Бұл – сол әулеттегі елге еңбегі сіңген сыйлы, қадірлі адамдар болса, тойда солардың мәртебесін көтеру үшін керек. Әке мен шешенің абыройын аспандатамын. Үйленіп жатқан жігіттің, босағаны аттаған келіннің шыққан тегін айтамын. Келіннің шыққан тегін мақтау арқылы құдалардың да мәртебесін өсіресің. Олардың еңсесі тік болғаны керек. Өйткені, қазақ әулеттің тегіне мән береді. «Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге» деген бабаларымыздың сәулелі сөзі бар. Жақсы мен жақсы құда болса, соған қуанған. Тең – теңімен. Арғы аталарының жақсылығын тілге тиек етемін. Міне, осындайдан той иелерінің көңілі тояттайды. Әзілге өте сақ едік. Өйткені, сол кезеңдерде тойға келген мейманның барлығы сөздің төркінін түсінетін. Ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналары әр сөзді ұйып тыңдайтын. Тыңдалатын тағылымды сөз айтуға тырысатын едік. Аңдамай сөйлеген асаба тойдан қағылатын. Той үстінде ел ағаларынан ауыр сөз еститін. Ендігәрі той басқаруға жүрегі дауаламайтындай қылатын қорғасындай сын сөздер айтылатын. Менің буынымдағы асабалар әдептен аттамайтын қазақы қалжыңдарға ұшқыр еді. Кейде айтқыш, шешен меймандармен қағытпа қалжың айтысып, жиналған жұртты ду күлдіретін. Асабалар қазақтың қара өлеңін жатқа оқитын, домбырасын алып әндететін, сатирик те бола алатын. Ел мақтаған асабаның күтімі де ерекше еді. Және асабалар сол үдеден шығатын, – деді Ақан Шыңғысұлы.

Бүгінде көпшіліктің сұранысында жүрген Мейірбек Байшагиров есімді шоумен де өз пікірін білдірді.

– Тойға атүсті қарайтын шоумендердің кесірінен бәрімізге топырақ шашылып жатады. Мысалы мен бір тойым бір тойыма ұқсамауын қадағалаймын. Тапқан ақшам адал болу үшін той алаңында жанымды саламын. Меймандардың көңілін көтеремін. Тойға кәсіби көзқараспен қараймын. Меймандар мен басқарған тойда күліп-ойнап, шат көңілмен отырғандарын қалаймын. Менің стилім – осы. Және осы стильдің өз аудиториясы бар. Бүгінде халық көп сөзден жалықты деп ойлаймын, – деді Мейірбек Байшагиров.

Қадірі қашқан беташар

Беташар төңірегінде де дау көп. Бір жыл бұрын фонограммамен бет ашатындарды сынаған едік. «Әулетке жаңа түскен келінге өсиет, өнеге айтылатын қастерлі рәсімнің берекесі қашты» деп шырылдадық. Қанша шырылдасақ та, тиылған жоқ. Бүлінген үстіне бүлініп барады. Маңдайдағы көз гитарамен бет ашқанды да көрді. Беташардың мәтіні тіпті оңып тұрған жоқ.

Беташар қашан, қай жерде айтылады? Міне, әуелі осыған да тоқталған жөн. Беташар келін түсірген әулеттің «үлкен тойында» айтылып жүр. Бұған үйренісіп кеттік. Беташар қуанышқа қуаныш қосатын салтанатты рәсім болғандықтан, той иелері «ел-жұрт куә болсын» дейді. Кейбірі осы рәсім барысында қоржын қойып, меймандардан «көрімдік» деп ақша жинайды. Бұл – дұрыс па, бұрыс па? Ақша жинау мәселесі «Ortalyq Qazaqstan» газетінде 2021 жылы көтеріліпті. Бұрыс деппіз. Олай деуімізге де себеп бар. Мұндай әрекет Арқа жұрты үшін 4 жыл бұрын өте жат болып көрінген. Бірақ, Ілияс Жансүгіров­тің «Беташарында» «Келін келді көріңіз, Көрімдігін беріңіз» деген тармақтары бар. Бұл – классикалық үлгісі. Қуаныш иесі сұрамаса да, «өзіме де жұғысты болсын» деген ниетпен көрімдігімізді қолына ұстататын халықпыз. Бәрі – ниетімізден. Ал, көрімдікті кім қалай жинайды, өз еркінде. Бұған ақылсынып, төрелік айтудан аулақпыз. Бүгінде беташарда қоржын қойылатын тойларды жиі көретін болдық. Яғни, халықтың арасына сіңді деген сөз. Заманына қарай, әркім өзінің қалауынша, ниетіне, тілегіне қарай рәсім атқарады. Уақыт өтеді, уақытпен бірге жаңарулар болады. Халық өз көңіліне жағатынын алып, жақпайтынын ысырып отырады емес пе? Өгіз өлмейтін, арба сынбайтын кесімі осы деп ойлаймыз.

– Құдаласқан екі рудың таным-түсінігінің қабысу-қабыспауы деген мәселе бар. Салт-дәстүр еріккеннің ермегі емес. Келін қыз кезінде бір рудың өкілі. Ал, әр ру «жеке ғарыш әлемі» деп бағаланған. Ол рудың бойында өзіне ғана тән жақсы және жаман қасиеттері болуы мүмкін. Сол қасиеттерді екінші рудың бойына өткізбеуге тырысқан бабаларымыз. Сондықтан, келіннің бетіне орамал жабылады. Ақ түс – пәктіктің белгісі. Яғни, келін кіршіксіз күйде, бойындағы қажетсіз ақпараттан арылып, жаңа әулетке, «жаңа ғарыш әлеміне» таза қалпында енсін деген философиялық астар бар, – депті бір сұхбатында жыршы, өнертанушы Берік Жүсіп.

«Келіннің маңдайынан бетін ашқан ақын сүйе ме, әлде енесі сүйе ме?» деген де түйткілді сауал көптің көкейінде жүр. Сауалға жауап іздеп біршама этнографиялық кітапты ақтардық. Этнографиялық еңбектерде де, халық ауыз әдебиетінде де келіннің бетінен сүю туралы ештеңе айтылмаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі айтыскер, талай жыл қазақтың дүбірлі тойларын тізгіндеп, келіннің бетін зерделі сөзбен, өнегемен көмкерілген жырымен ашқан ақын Қойлыбай Асан келіннің маңдайынан сүю деген болмағанын айтты.

– Қазақтың тойында ешқашан бет ашқан өнерпаз келіннің маңдайынан сүймеген. Бұл – әлбетте, әдепсіздік. Беташарын айтып болып, домбырасымен бетін ашады. Өнерпаздың негізгі миссиясы – осы, – деді Қойлыбай Асанов.

Бұған қатысты филология ғылымының докторы, профессор Берік Рахымов та пікірін айтты.

– Беташар дегеніңіз – келінге жаңа жұртын таныстыру десек те болады. Ата-енесін, қайын ағасын, қайын іні, қайын апасын, қайын сіңлісін, күйеуінің нағашылары секілді туысқандарымен таныстырады. Мұхтар Әуезов «Жас келінге түсіп жатқан жұрты – беймәлім. Сондықтан, оған таныстыру керек. Таныстыру үшін беташар айтылады. Беташар айтылған соң енесі бетінен, немесе маңдайынан сүйіп, отқа май құйғызады» деген, – деді Берік Рахымов.

Түйін

Дәуір алмасқан сайын қоғам да трансформацияланады. Қоғаммен бірге салт-дәстүр де түрлі қажеттіліктерге қарай трансформациялануы заңдылық. Дегенмен, ата-бабаларымыз қалыптастырған салт-дәстүрдің түпкі мәнінен біржола тамыр үзбеген дұрыс деп білеміз. Өйткені, салт-дәстүр – халықтың болмысы, бояуы, негізі, табиғаты. Ал, осының бәрінен безіну – өзінің әуелгі жаратылысынан безінумен бірдей.

Ұятынан, әдебінен, мәдениетінен ажыраған жұрт уақыт желінің өтіндегі қаңбаққа айналады. Ұлттық санасы, парасаты, ақылы, наным-сенімі, тамыры түбінде құрып тынады. Міне, қазақтың тойында әдепті сақтаудың маңызы осында.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button