Біздің тілек – бұқараның бұйымтайы
Егемендігі екшелген, тәуелсіздігі тасқа жазылған елдің ең қымбат құжаты – Конституция! Ал, “Халықтық конституция” деген атау қандай ғажап?! Мемлекеттің ең үлкен байлығы – халық! Конституцияда “Биліктің қайнар көзі – халық” деп нақты көрсетілген! Бұл орынды тұжырым. Жаңа конституцияны жасауда маңызды шешімдер қабылданатыны сөзсіз. Біздің тілек – бұқараның бұйымтайына баса назар аударылса!

Ата-бабаларымызда “Халық сұраса хан түйесін сояды” дейтін нақыл сөз бар. “Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күн күлмедім” деп Күлтегін жырында да тегін айтылмаса керек-ті. Барлығы халық игілігі үшін!
Қазақ ғылымының негізін салушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1946 жылы Англияда Уинстон Черчилльдің қабылдауында болғанда, Черчилль: «Шынымен қазақтың бәрі сіз сияқты еңселі, биік, қайратты ма?» деп сұрапты. Сол кезде Қаныш атамыз: «Жоқ. Менің халқым менен әлдеқайда биік, мен халқымның жанында төменмін» деп жауап берген. Бұлай деп Қаныш сияқты ұлы, дана адам ғана жауап бере алады. Өйткені ол ұлы халықтың баласы!
Қазақтың дарынды ақын қызы Күлаш Ахметова:
Мейіріміне қалай мен тоя аламын,
Сол емес пе аяулым, сая бағым.
Халқым аман болсын деп көзімді іліп,
Халқым аман болсын деп оянамын! деген жыр жолдарында.
Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық конституциясын бекітуде елдің сұрауы, халықтың қалауы, қоғамның тілегі орындалатынына сенімдімін! Айбынды ата заң халық игілігі үшін жасай берсін!
Нұртілеу СИЯЗБАЕВ
Е. Бөкетов универсиетінің аға оқытушысы



