«Біздің шыққан тегіміз – балалық шақ»
Мен кітапты оқырман ретінде ғана оқиды екенмін. Яғни, шығарманың кейіпкері болып, оқиғалар желісінен өзімді іздемеймін.
Қолымда кезекті көркем шығарма. Әдеттегідей қызығушылықтан немесе кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бұл шығарманы қажеттіліктен оқығалы отырмын. Жұмыс бойынша.
Кітапханамыздың ішінде орналасқан «Qasym» кітап дүкенінің сөресінен ала сала, терезеден түсіп тұрған күн сәулесімен шағылыстыра, кітапты фотосуретке бір түсіріп алдым. Кітап сатып алатын оқырманның әдеттегі қылығы бойынша. Кітапты парақтап шықтым.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/shshshshshsh-1024x774.jpg)
Қолымдағы кітапты көз жүгіртіп оқып тұрмын. Бір ғана сәттік сезім… Алыстағы шырайлы жаздың жайлауы, сол жайлаудың самал желін сезіп, аяғыммен көк шөпті басып тұрғандаймын. Тамағыма бір өксік келіп, «түрден айналайын» деген сөз тіліме орағытып, ойымды бөліп, кітапты әрі қарай жалғастыруға кедергі жасай берді…
Бұл сезімді барлық есейген адам басынан өткерер еді. Өйткені бұл – сыр тартсаң, санада жаңғырып, сартап сағынышқа ұласатын, шекарасынан өтсең, шаттықтың самалы жаныңды жадырататын – балалық шаққа саяхат еді.
Ойымда жаңғырық боп, тіл ұшына келген бұл сөз менің балалық шағымның ең шырайлы, мейірімге толы сөзі екен. «Мен апаның үйіне кеттім» деп сөмкемді арқалап, 2 апталап апамның (нағашы) маған арнаған тәтті-дәмді сарқытына мәз боп, кішкентай жұмыс жасағаныңа бола көптеген мақтау сөздер естіп марқайып жүретін, мектепте 1 парақ мақтау қағазын алғаныңа бірнеше мыңдап ақша алатын балалық шағымның жанды жылытар ыстық естеліктері бірінен соң бірі еске орала берді.
Әр оқырман бұл повесті оқып отырып, балалық шағына дәл осылай саяхат жасайтын болса, демек жазушының тілегі, мақсатының орындалғаны ғой.
«Жазсаң, Бердібекше жаз. Әрнені, соның ішінде сөз өнерін күрделендіру оңай, жеңілдету қиын», дәл айтылған тұжырым. Оқиғаны, образды, әңгімені Бердібекше кестелей алмаған соң бекер екен, нағыз қазақы желі-жүйе, әңгіменің ауанын тігісін жатқыза жеткізу осындай болса керек. Бердібек Соқпақбаевты оқымай балалық шақтан болашаққа қадам баспаған адам кемде-кем шығар, бәлкім.
Ал, мен жазушының көпке әйгілі, ең атақты «Менің атым Қожасын» да оқымаған екенмін, фильмді көріп тамсану, Қожаның образына қызығу бөлек те, кітапты парақтап, кейіпкердің сырын ұғыну бөлек екен.
Жазушының шығармаларын оқып отырып бір уақытта мұңая да, қуана да аласың, сағынып та, армандап та үлгересің. «Балалық шаққа саяхатын» оқып отырып, мен дәл осындай алуан түрлі сезімдерде болдым. «Аяжанды» оқып отырып, өкіндім. Шығарма кейіпкерінің шынайылығына берілдім, мен де Аяжан секілді бала кезімде елгезек, білімге құштар болғаным да ғой дедім. «Жекпе-жекті» оқып отырып, адамды арманы ешқашан алдамайтынын сезіндім.
«Бердібекше сөз жазу, ой тербеу деген…» деп таңдай қақтым. Толқыдым. Жазу стиліне қызықтым. Эх, шіркін!
Өткен жылы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатыр. Биыл шығармалары қайта парақталып, көпшілікке қайта насихатталды. Көптеген мақалалар жарыққа шықты. Көк экраннан «Менің атым Қожа» қайталанып беріле берді. Көбіміз балалар жазушысын енді таңып жатқандай шығармаларын жалықпай оқи бердік.
Былтыр мен өз көзіммен Қожаны көрдім. Иә, сол өзіміз отбасымызбен отырып жыл сайын қайталап көре беретін, сөмкеден бақа шыққан кездегі сәтіне шынайы мәз болатын, бала кезімізден есейгенге дейін бір жалықпаған «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаберген Қадыров, яғни, кейіпкерінің шынайылығына сендіре білген, актер, жазушы Нұрлан Санжар ағамен кездесіп, сүбелі сұхбатын тыңдап, қолтаңбасын алдық.
Кітапханада ұйымдастырылған бұл кездесу барлығымыздың ең ыстық естелігімізге айналатыны хақ. Біздің де болашақ ұрпақ үшін ауыз толтырып айта алатын «мен Қожаны өз көзіммен көргенмін» деген аңыз әңгімеміз болатын болды.
Кітапханамызда ұйымдастырылған «Мен Қожадан аумайтын баламын» облыстық фестивалінің өзі балалар үшін жазушы шығармасындағы кейіпкерді тануға, тіпті, сол образды сезініп көруге мүмкіндік берді. Балалар қандай бақытты! Мақтаныш сезіммен тамсанасың, қызығасың!
Ұлжан ЖАМАУОВА,
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы
инновациялық әдістемелік бөлімінің кітапханашысы