«Біздің өнім брендке айналады»
Қарағандыда кәсіпкерліктің жалпақ жұртқа мәлім емес сан түрі бар. Кәсіпкерлікте тап қазір 230 мыңнан астам қарағандылық еңбек етеді. Өндірісті өңірдің еселі еңбегінің өлшемі – қазіргі кезде тек көмір ғана емес. Ауыр өнеркәсіппен бірге, жеңіл өнеркәсіп те жетіліп келеді. Одан бөлек, орта кәсіпкерлік ортаны толтырып тұр. Шағын кәсіпкерлік те, жеке кәсіпкерлік те құлашын сермеп-ақ жатыр. Сондықтан да, бүгінде Қарағандыда алуан-алуан өнім шығады. Жарнамасы жер жара бермеген соң әрі импортқа иек артып алғаннан кейін бұқара оны біле бермеуі мүмкін. Бақсақ, бір кездегі көмірдің Отаны – осы күні экономикасын әртараптандыруға талпынады екен. Қарапайым қажеттілік қағазынан бастап, әлеуметтің әжетін ашар бұйымдар шығатынын екінің бірі, егіздің сыңары біле бермесі тағы анық. Ал, бұл өнімдер нарықта орнын ойып алуға ұмтылып-ақ келеді.
«Біз Procter & Gamble компаниясы өнімінің баламасын жасап шығарғымыз келеді. Оған біздің ресурсымыз жеткілікті», – дейді Қарағанды жуу өнімдерін шығаратын компания негізін қалаған Вячеслав Цой. Компания басшысының жоспары батыл. Ол – ел ішінде отандық өнімді танымал ету, сол арқылы шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайту.
Мұндай өнім түрін шығару идеясы Вячеслав Цойдың ойына 2017-2018 жылдары келіпті. Ол уақыт дүкен сөрелерін импорт 90 пайыз жаулап алған кез еді. Компания ең алдымен ыдыс жуатын өнім шығаруды қолға алыпты. Осылайша «Даму» қорының қодауымен өнімді құйып, таңбалау үшін автоматтандырылған желі алынып, іске қосылған екен.
Сол кезеңде бес адамнан басталған компания қазірде айына 120 тоннаға дейін өнім шығарады. Дегенмен, меже – бұл емес. Келесі жылы жүктемесін 100 пайызға дейін жеткізуді мақсат етеді. Дегенмен, алдағы үш жылда өнім көлемін үш есеге арттыру жоспарда көрінеді.
Компанияның өнімі нарықта тек Қарағандымен шектелген жоқ. Астана, Жезқазған, Алматы қалалары да тұтынып отыр. Ең алдымен компания өнімнің экологиялық таза және табиғатқа зиян келтірмейтіндей болуын көздейді.
Жыл сайын компания өнімдерінің тізілімін бес жаңа өніммен толықтырады екен. Компания басшылығының айтуынша, өнімдер әлемдік сапаға толық жауап береді. Осылайша келер күнге көп үміт артқан компания бағындырған биігімен тоқтап қалмақ емес екен.
Сонымен, қазіргі күні Қарағанды – көмір мен болаттың мекені ғана емес, ол – сауда мен қызмет көрсету саласының жоғары үлесі бар үлкен орталық. Агломерацияның негізі. Екінің бірі осы кәсіпкерлікте жүр.
Бұл арада Қарағанды аймағының елімізде алғашқылардың бірі болып, бөлшек салықты 2%-ға дейін төмендетті. Соның арқасында жеке кәсіпкерлердің, бөлшек салық төлеушілердің саны 16 есеге өсіп, 2,5 мыңға жетті. Мәселен, биылғы жылдың сегіз айында шағын және орта бизнестен түскен салықтық түсімдері 16%-ға көбейген.
Ел Президентінің кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тікелей тапсырмасы да бар. Мемлекет басшысы бизнестің экономикадағы үлесін 2029 жылға қарай 15 пайызға жетуі керектігін міндеттеген болатын. Бұл көрсеткіш бүгінде 7 пайыз шамасында.
«Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz