Руханият

«Біздің еліміздің қосалқы аты Алашорда болатындығына иманымыз кәміл»

     Бүгінгі Ақмола – жалпы ұлт тарихының бір бөлшегі. Тарихи Ақмола мен Астана атауын алған қаланың арасын көп уақыт бөліп жатқан жоқ. Сондықтан, бұл шаһардың елеулі тарихи жылнамасын айтқанда, оны өңір тарихынан бөлек қарау мүмкін емес. Осы тұрғыдан қарағанда, Алаш қозғалысы дәуірлегенде Ақмола облысының орталығы – Омбы болғаны айдан анық.

ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары негізінен үш қалаға топтасты. Олар: Омбы, Орынбор, Ташкент. Бұл – жалпылай айтқандағы бөлу ғана. Солай болғанның өзінде бұдан Ақмола кірген өңірдің елеулі тұстарын шамалауға мүмкіндік аламыз. Сондай-ақ, Алаш көсемі Әлиханнан бастап, Әлімхан, Жақып, Халел, Биахмет, Шаймерден, Айдархан, Хайретдин, Қази, Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтар, Қошке, Асылбек, Мұратбек, Жұмағали, Смағұл, Жәнібек, Бірмұхамед, Абдолла және тағы басқа қайраткерлер осы өңірден шықты. Бұған Торғайдан оқу, тәжірибе іздеп барған Міржақыпты, Зайсан-Қапал-Омбы ара­сын жол қылған Отыншыны қосыңыз. Ақмоланың Алаштық кезеңіне байланысты мынандай да қызық деректер бар: Ә.Бөкейхан өз кітапханасының бір бөлігін Ақмола облыстық халық ағарту бөліміне сыйға тартқан. Сол кітапхананың бір бөлшегі сол кездегі Ақмола мұғалімдеріне жетпеді дей аламыз ба?! Немесе осы қалада 1917-1926 жылдары Алаш қаламгерлерінің пьесалары сахналанған. Мұның ішінде Міржақыптың да, Қошкенің де шығармалары бар.

Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы болатын. Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін. «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология. Тоқтам осы-тын. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің, байырғы айбарымыздың рәмізі еді.

Егер, сол тұстағы қайраткерлеріміздің көздегені жүзеге асқанда, қазір біздің еліміздің қосалқы аты Алаш (Алаш Орда, Алаш үкіметі, Алаш Республикасы) болатындығына иманымыз кәміл.

XX ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея қайсы десе, Алаш идеясы деп жауап берер едік. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы – осы идея.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА

корреспондент-мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button