Біздің буынның зияткері
Біз де елу деген еңселі орданың белдеуіне ат байладық. Барыс жылы туғандығымыздан шығар, намыс туын биік ұстаған құрдастарым көп. Жыл ортасынан ауған шіліңгір шілдеде туған менің өзімнің елуіңізден асқаныма бір айдан асып барады. Менен бұрын туған «ағаларымның» да, кейін туған «інілерімнің» де осалы жоқ. Қарағандының рухани ортасында рух байрағын желбіретіп жүргендерін ғана айтамын. Елдің жүгін еңсеріп кетер нар болмасақ та, бар екенбіз…
Менің құрдастарым
Ақпанда туған дәстүрлі әннің дүлдүлі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков талантымен тамсандырып жүр. Мынау жарық әлемнің қақпасын наурызда ашқан танымал журналист Болатбек Қауысовты қайда қоясыз?! Бөкемнің шеберлігі сонда, оның жазбаларын ормандай оқырман сөйлемінен емес, әрпінен танитын болған. Айтыстың ақтаңкері Тілеген жырау (Әділов) да – менің «ағам». Он бес күн үлкендігі бар.
Соңымдағы інілерімнің де солқылдағы жоқ. Бізден бұрын Еуропа көрген Қуаныш Сейтжановтың мың сан қыры мен қызға ұсынылмаған бір тал гүлін («Гүл мен жыр» атты өлеңін айтып отырмын) соңыра соқталдайтын боламыз. Ал, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, бүгінгінің шешені, айтқыштығы алты құрлыққа болмаса да, алты Алашқа мәлім Жансая Жарылғапов пен бір ғана «Әріп пен ұғым» атты өлеңімен қазақ поэзиясын дүр сілкіндірген дүлдүл інім Руслан Нұрбай туралы желтоқсанда айтармыз.
Бүгінгі сөз – айтулы ақын, ғаламат ғалым, азулы асаба, саңлақ саясаткер, кәнігі кәсіпкер Қуаныш Сейтжанов жайында.
Ол – біздің қатардың қырыққабаты. Кәдімгі капуста. Сыртқы қабатын сыпырып алсаң, ішкі қабаты одан да дәмді шығады. Сыпыра бер, сыпыра бер. Қуантайдың жаңа қыры, жаңа әлемі ашыла береді. Ашыла береді. Таусылмайды.
Сіз санай беріңіз, мен Қуаныш достың сан алуан қырын тізбектей берейін.
…Екеуміз 1990 жылы небары 16 жаста танысқанбыз. Жансая үшеуміздің достығымыз сол кездегі Жезқазған облысында жыл сайын ақпан айында өтетін дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінде бастау алған. Айтыс аламанына атой салып кірген адуынды шоғырдың тай-құнан, тайлақ-ботасы біздер едік. Алыстағы Ақтоғайдан (ол кезде Қуаныш туған Кеншоқы ауылы Ақтоғай ауданына қарайтын) Қуаныш Сейтжанов, Айдос Аманбаев пен Айгүл Кептербаева келеді. Жақындағы Жаңаарқадан Жансая екеуміз барамыз. Сол 16 жастағы бозбала шағының өзінде сабырлы қалып, салиқалы сөзімен, байыпты мінез, байсалды болмысымен дараланып тұратын да осы Қуаныш болатын. Сахнада да, сахна сыртында да бауырына қорғасын құйған сақадай салмақты сөйлеп, сабырмен қозғалатын Қуаныш еді. Жыр әлеміне айтыс өнері арқылы келді демесеңіз, сахнада суырып салып айтқан әр шумағынан жазба поэзияның иісі аңқып тұратын еді. Мойындауымыз керек, біздің айтыстарымыз жеңіл әзіл, желікпе ойдың жетегінде кетіп жатқанда, Қуаныштың сөз саптасынан байсалды ой өріліп сала беретін. Жасыратын түгі жоқ, біз зиянды әдеттерге бой алдырып, темекіге әуес болып жүргенде, ол болашақта нағыз зиялы болатынын сұлу сөз, көркем мінезімен аңғартып жүрді.
Қара Дәулеттің бауыры
Ол бүгінгі Шет ауданының Кеншоқы ауылында туған. Кеншоқы – кен байлығымен ғана емес, ұлт руханиятына айтулы ғалым, Жансая мен осы Қуаныш бастаған бәріміздің ұстазымыз, ғылым докторы, профессор Мәуен Хамзин, Қарағанды топырағында қара өлеңнің өрнегін өріп, өрісін кеңейткен марқұм Қара Дәулет, бүгінгі дәстүрлі ән өнерінің жас жампозы Медет Осатаев секілді талантты ұлдарымен дараланған қастерлі мекен. Ал, Қуанышты елге танытқан айтыс өнеріндегі жүйріктігі екенін әлгінде айтып өттім.
Екеуміз сахнада бірнеше мәрте кездестік. Өмірде қарсыласып көрмесек те, сахнада сан рет шарпыстық. Қазылық жасап отырған ағаларымыз көбіне екеуміздің ұпайымызды теңестіре салады. Меселдері қайтпасын деген шығар, бәлкім. Алайда, мен Қуаныштың өзімнен айқын болмаса да, бірсыдырғы басым тұрғанын сезініп, ыңғайсызданушы едім…
Қуаныштың ақсүйек өнер айтыстан алыстаған жылдарын Түркияда оқыған (1992-1997 жж.) кезеңімен байланыстырар едім. Айтыс тұрмақ, елден жырақ жүрген бозбаланың елге деген сағынышы, Еуропада еселенген эстетикалық талғамы, әлем әдебиетін жастанып жатып оқыған ізденісі оны жазба поэзияға алып келген-ді. Аз жазды. Жылқының сере қазысы жиектей көсілген сарыала табаққа құйылған тұздықтай тұщымды жырлары жалғанның жарығына жинақ болып шықпаса да, жырсүйер қауымның жүрегінде жатталып қалған. Ендеше, Қуантайдың көркемдігі көшелі, ойы ордалы өлеңдері мың жинаққа енді дей беріңіз.
Сонау 90-шы жылдары Қуаныш Сейтжановтың «Гүл мен жыр» өлеңі оқылмаған дулы кеш, думанды сәттер болған жоқ. Бүгінгінің тілімен айтсақ – «хит» болған бұл өлең жайлы айтыстың ақберені Дәулеткерей Кәпұлы: «Өзімізге бейтаныс ақынның «Гүл мен жыр» өлеңін ҚазМУ-дің жыр кештерінде жарыса оқитынбыз», – дейді. Бір-екі шумағын Сіз де оқып көріңіз:
Гүл деген не…
Гүл қадірін білмегенге.
Шалғында өскен шөп шығар,
Кешір, менің ойым осы топшылар.
Жыр деген не…
Жыр қадірін білмегенге.
Бықсып жанған шоқ шығар,
Бірақ шоқты үрлегенде
Мәңгі өшпейтін от шығар.
…Өз әлінше жігіт жасар сый қамын,
Сен де ендеше, таға берме сыйға мін.
Гүл ұсынған жігіттерді сыйлағын,
Жыр ұсынған жігіттерді сүй жаным.
Қуаныш жазса, осылай жазады! Өйткені, ол – қара өлеңнің қара дауылы Қара Дәулеттің бауыры!
Докторлыққа татыған кандидаттық
Біздің Қуаныш Түркиядағы оқуын бітіріп келген соң, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып орналасты. Жалпы, оның қоғамға, руханиятқа, әдебиет, мәдениетке, поэзияға деген оқшау көзқарасы мен жаңашылдығы ғылыми ортаға да өзімен бірге келген.
Сергек Сейтжановтың ғылыми еңбегі Алтын Орда дәуіріндегі жазба әдеби мұраларды қаузаған. Өзі түгілі, жетекшілерін жүрексіндірген күрделі тақырыпты тап-тұйнақтай етіп талдап шықты. Академик Рымғал Нұрғалидың жетекшілігімен қорғалған кандидаттық диссертациясы Еуразия университеті диссертациялық кеңесінде ең үздік ғылыми жұмыстардың бірі ретінде бағаланып, жеке ғылыми монография ретінде басып шығаруға болатын еңбек деген шешім қабылданды. Сол күнгі кеңес отырысында белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай: «Кеңес дәуірінде дәл мынадай жаңашылдығы айқын жұмыстарға бірден докторлық дәреже беруге лайық диссертация деп бағалайтын. Сол тәртіп сақталғанда, мен Қуаныштың бүгінгі жұмысын докторлық диссертация деп бағалар едім», – деген екен.
Иә, Қуаныштың ғылымда жүрген жылдары жемісті болды. Осы уақытқа дейін отандық және шетелдік басылым беттерінде отызға жуық ғылыми мақалалары жарияланып, бір монографиялық еңбегі жарық көрген. Ұлы Абай шығармашылығына қатысты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бір мақаласына байланысты ел газетінің сол кездегі бас редакторы, академик Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Абай – ұлы, Абай – ғұлама деп құр тамсана бермей, осындай дәйекті ғылыми мақалалар жазылуы тиіс» деген пікір қалдырды.
Қуаныш досым 2006-2008 жылдары Қарағанды университеті филология факультетінің деканы да болды.
Өзі өкінбейтін шығар, біз өкінеміз. «Қуаныш ғылымда жүре бергенде, ендігі академик болатын еді» деп…
«Инстаграмнан жеңілдім»
Ана бір жылдары Қуаныштың бізбен де әріптес болғаны бар. Оның жеке шығармашылық жобасы ретінде жарық көрген «Той» журналы Қарағанды медиа кеңістігіндегі ерекше жаңалық болды. Тойсыз таңы атып, күні батпайтын қазақ үшін Қуаныштың «Той» журналы шынайы түрде көмекші құрал, кемел кеңесшіге айналды.
Жарнамалық журнал демесеңіз, басылу сапасы мен ішкі мазмұны арқылы басылым алғашқы санынан бастап ел іздеп жүріп оқитын журналға айналды. Той өткізу тәртібі, асабалардың әдебі, өнерпаздардың шығармашылық әлемі жайлы мазмұнды материал, сүбелі сұхбаттарда қамтылып, той өткізгелі отырған әулеттер бар іздегенін бір журналдан тауып отыратын мүмкіндікке қол жеткізді.
«Тәңірдің қазынасы» саналған тойдың арқасында еліміздің талай өңірлеріне барып жүрміз ғой. Қарағандының тойы ерекше өтетінін сезінесің. Бізде тәртіп бар. Ерекшелік бар. Тойға дүрмек деп емес, құндылық деп қарайтын көзқарас бар. Сөзге төркін беріп, арзан әзіл, анайы қалжыңнан бойын аулақ салатын дағды бар. Осының бәрінің берік қалыптасуына «Той» журналының әсері болғанын неге айтпасқа?!
2016 жылы Қуаныш досым Астанаға қоныс аударды. «Той» журналымен Астананың нарығына шыққан. Баспа құралдарының дағдарып, ақпараттық технологияның дәуірі жүре бастаған кезеңге тап келді де, «Той» журналының жолы бола қоймады. Алайда, жалғыз Қуаныштың «Той» журналы емес, тарихы бар, дәстүрі қалыптасқан біраз басылым сандық технология сандығының түбіне түсіп кеткенін көзіміз көрді. Өзінен «Журнал қалай? Кәсібің жүріп жатыр ма?», – деп сұрасаң, «Инстаграмға жеңіліп қалдым», – деп қалжыңдайды.
…Қазір Қуаныш Қабыкенұлы саясатта бағын сынап жүр. Жан дүниесі ауыл деп тебіреніп, жүрегі ауыл деп бүлкілдейтін халықшыл азамат қазір «Ауыл» партиясының Орталық аппаратының басшысы қызметін атқарып жүр.
Қарағандыны сүйеді! Қарағандыға қарайлайды! Қарағандыдағы шаттықты шаңырақтың төрінен, қаралы үйдің босағасынан Қуанышты көресің… Қуаныш сияқты терең білім, бай тәжірибе игерген азамат Қазақстанның әр қала, әр облысына керек. Бірақ, Қуаныштың өзі үшін Қарағандыға жер жетпейді.
Біздің буынның зияткері, жаңаша ойлап, тамаша іс тындырып жүрген Қуанышты мақтай бермей, онымен мақтанайықшы!..
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»