Бізді азамат еткен – кітапхана
Көрнекті қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен – кітапхана» десе, мен «Бізді азамат етіп шығарған да – кітапхана» деп қосар едім.
Мен 1959 жылдың күз айында Қарағандыдағы №2 қазақ мектеп-интернатының 8-сыныбына оқуға түскенде Ленин көшесінің екінші жағында бүгінде құрылғанына 90 жыл толғалы отырған Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана орналасқан еді. Бізді бала деп бетімізден қаққан жоқ. Оқырманы боп жазылып, түрлі әдебиетпен таныса бастадық. Сол кездегі «Октябрь» кинотеатры (қазіргі «Шалқыма» концерт залы) алдындағы скверде витриналар қатары болатын. Содан тәуліктің кез келген уақытында одақтық «Правда», «Известия», «Труд» газеттерін, республикалық және өзіміздің облыстық «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» басылымдарын оқып тұрушы едік. Біздің сыныптағы ер балалардың басым көпшілігі шахмат өнерімен әуестеніп, мен біраз тәуір нәтижелерге жеткендіктен, арнайы әдебиеттер іздей бастадым. Керегімді осы кітапханадан таптым. Бірақ жаңағы витринадағы газеттердің де пайдасы зор болды. Неге дейсіздер ғой?
1960, 1961 жылдары шахматтан әлем чемпионы атағы үшін совет гроссмейстерлері Ботвинник пен Таль арасында екі матч және 1963 жылы Ботвинник пен Петросян арасында жекпе-жек болып өтті. Одақтық газеттер олардың партияларын жедел жариялап, комментарий беріп жататын. Қызыға қараймын, кейде жыртып алып, интернатқа әкеліп, өзімше талдаймын.
Кітапхананың, оның мерзімді баспасөз және өлкетану бөлімдерімен байланысым газет редакциясында қызмет істеген жылдары өте тығыз болды. Сол жылдары кітапхананың әмбебап қызметінің мән-жайын да ұға бастадым. Газетке материал дайындау барысында болашақ кейіпкерің немесе жазайын деген нысан туралы бұрын не жазылды екен, сонымен танысу қажет болады. Осы жерде библиографияның көмегі орасан зор екен. Сол кездегі қолмен толтырылған картотекалардың өзі неге тұрушы еді?! Ал қазіргі оқырманға, газет-журнал тілшісі мен диссертация қорғаймын деген ізденушіге кітапхананың электронды каталогы баға жетпес темірқазық емес пе? Сол каталогты жасаған оқырмандар дән риза шығар.
Кітапхана мен оның өлкетану бөлімі маған әсіресе «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедияларын (1986, 2008 жж. – орыс тілінде; 1990, 2006 жж. – қазақ тілінде) шығару барысында зор көмек көрсетті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттарын, Қазақ КСР-інің Құрметті атақтарын алған азаматтардың тізімін жасау қияметтің қияметі болды. Облыстық архивтен, кәсіпорындар мен мекемелерден сұратқан едік, бірақ ешқайсысында толық мәлімет болмай шықты. Сондықтан мерзімді баспасөз беттерінен, «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ведомосты» деген ресми ведомстволық журналдан іздедік. Оның өзі бізде (облыстық және ҚарМУ кітапханасында) түгел болмай шығып, Алматының бірнеше кітапханасынан іздеуге тура келді. Оларды іздеу барысында өлкетану бөлімі жалғыз маған ғана жұмыс істеді. Бөлім іші газет-журналдардың тігінділеріне аузы-мұрны лық толды. Ешкім қабақ шытқан жоқ. Бөлім меңгерушісі марқұм Галина Петровна Долженко сонда «Аман Жагданович заполонил весь отдел» деп айтыпты.
Энциклопедияның кейінгі басылымдарын шығарғанда да бұл бөлімнің пайдасын көрдік. Өйткені әр басылым сайын өзгерістер мен толықтырулар немесе түзетулер енгізіп отырдық.
Мұнан кейін де кітапханамен, оның бөлімдерімен байланысым үзілген жоқ. Жұрт мені танымал журналист, өлкетанушы, тіпті, энциклопедист деп атап кетті. Жалғыз «гоголевка» емес, басқа кітапханаларда үнемі шараларға шақырады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына, «Мәңгілік өмірді» жырлаған Саттар Ерубаевқа, шежіре жазушы Жайық Бектұровқа, үзеңгілес журналист Марал Хасенов, Сүйіндік Жанысбай, тағы басқаларға арналған кештерде сөз сөйледім, олар таспаға жазылып, кітапхананың алтын қорында сақталып қалған шығар.
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы Сандуғаш Орынбайқызы қояр да қоймай жүріп менің өзім туралы бір-екі сюжет жазып алды.
Әлі күнге дейін тарихи тақырыпқа мақала жазар алдында Гоголь кітапханасына бір кіріп шығып, электронды каталогын шолып шығу, қажет болса шаң басқан газет тігінділеріне тапсырыс беру қанға сіңген әдет болып кетті. Кітапханашы қыздар сондай әдепті, іздеген әдебиетті қолма-қол, тауып береді. Сол үшін рахметімді жаудырып жатамын.
Айтпақшы, кітапхана әкімшілігі маған бұдан бірнеше жыл бұрын ерекше жасалған №3732 «Құрметті оқырман билетін» толтырып берді. Сонда оқырманы болғаныма табаны күректей 60 жыл толған екен. Кітапхана дәлізінен өткенде соны көрсетсем болды, қыздарым тік тұрып сәлем береді. Мәз болып қалам.
Құтты болсын мерейтойың, сүйікті кітапханам!
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі.