«Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз!»
Еліміздегі толеранттылық идеяларын, қазақстандық қоғамның рухани тұрақтылығын, сондай-ақ, жалпыадамзаттық және моральдық құндылықтарды насихаттауда Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы тиімді жұмыс істеп келеді. Университеттің бакалавриат, магистратура және PhD докторантураның барлық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды даярлайтын ең ірі құрылымдық бөлімшелерінің бірі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары қауымдастығының белсенді мүшесі және Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырады. Олардың қатарында дөңгелек үстелдер, конференциялар, тимбилдингтер, пікірсайыс турнирлері, эссе байқаулары мен туған өлке туралы бейнероликтер жасау сияқты шаралар бар.
Кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамы толеранттылық идеяларын, қазақстандық қоғамның рухани тұрақтылығын, сондай-ақ, жалпыадамзаттық және моральдық құндылықтарды насихаттауға белсене атсалысады.
Кафедрада еліміздің этникалық және мәдени алуандығын ескере отырып, тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қолдауға бағытталған ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қазақстан қоғамының әлеуметтанулық трансформациясы жағдайында студент жастар арасындағы этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша институционалдық реттеу. Зерттеудің түпкі нәтижесі – этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған «Кросс-мәдени диалог» атты цифрлық платформаны құру. Бұл платформа этносаралық шиеленісті төмендетуге бағытталған.«Біз әртүрліміз, бірақ, теңбіз!» – бұл кафедраның стратегиялық бағыттарын айқындайтын қағидалар. Кафедра құрылған күннен еліміздің инженерлік корпусын дайындау барысында олардың бойында толеранттылық, этносаралық бірлік пен жоғары жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды басты міндет етіп келеді. Білім мен ғылым арқылы жастар бірін-бірі түсінуге ұмтылады, айырмашылықтар арасында «қабырға тұрғызбай, көпір салуды» үйренеді.
Осы тұрғыда Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің есігі конструктивті диалог, өзара ынтымақтастық және студенттер, оқытушылар мен әртүрлі мәдени және этникалық топтар арасындағы белсенді өзара әрекеттестік үшін әрдайым ашық.
Динара ШОРМАНБАЕВА,
Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ кафедра меңгерушісі, PhD,
Руфина ШАРИПОВА,
аға оқытушы, философия ғылымдарының магистрі